Қысқы спорт түрлері: Жетістігіміз жетерлік

18 қараша 2016, 13:24

Жазғы Олимпиадаға барсақ, мерейіміз тасып, мәре-сәре болып жатамыз. Ал қысқы додада спорт түрлерінен серпіліс күтетініміз рас. Биылғы сілкініс алдағы үлкен жетістіктің хабаршысы іспеттес.

Екі жылдан соң қыр астында Олимпиада бар екенін ескерсек, осы бастан етек-жеңімізді жинап жатқанымыз қуантады. Әуелі, апта ортасында Роман Креч жүзден жүйрік атанды. Қытайға барып, әлем кубогі додасында 500 метрге қашықтыққа жарысқан конькишіміз мәрені бірінші кесіп өте шықты. Харбиннен сүйінші хабар сыйлаған Роман, осы қашықтықта жеңіп һәм рекордты да еншілеген орыс Кулижниковтың өзін қапы қалдырды. Креч 500 метрді 35,07 секундта бағындырса, екінші орынды ресейлік Павел Кулижников алып, үздік үштікті голландиялық Кай Фербай түйіндеді.

speed-skating-winter-olympics-day-5-s5udmnroiy_l

Жалпы, Креч әлемдік сындарда олжа салып, күллі әлемді жүйріктігімен сүйсінткен спортшылардың қатарынан емес. Ең жоғарғы жетістігі Сочи Олимпиадасындағы 500 метр қашықтықтағы 7-орын. Әйтсе де Романның осы жолғы әлем кубогі бәсекесінде шашасына шаң жұқтырмауы, 21 жылдан бері шаң басып қалған тарихты жаңалағанын да ескерген жөн. Соңғы рет біздің коньки байлаған өрендер 21 жыл бұрын әлем кубогі кезеңінде жүлдеге қол созыпты. Бұл – 1995 жылы Давоста алтын алған Вадим Шақшақбаев. Енді Романның жүлдесі зарықтырмай жаңаланып отырады деген үміт бар. Біздің спортшылар Қытайдан соң Наганоға аттанып, әлем кубогінің кезекті кезеңінде бақ сынайды. Одан соң Астана мен Херенвендегі дода бар. Ал келер жылдың басында өтетін Алматыдағы Универсиадада еліміздің атынан 24 конькиші қатыспақ.

eegyq4l9pjpj0dh7y9d7w5qx7jccql
Сочи Олимпиадасындағы қоладан соң жүлдеге қолы жетпей жүрген Денис Тен мұзайдынға қайта оралды. Құр оралып ғана қойған жоқ, күллі әлемді өзіне қаратып, тамсантып, таңдай қақтырып күміс еншіледі. Парижде өткен Гран-приде бақ сынаған Денис Теннің өнеріне риза болған көрермендер, қазақстандық спортшыға тікесінен тік тұрып қол соғыпты. Бірақ талантты мәнерлеп сырғанаушымыздың алдын екі дүркін әлем чемпионы испан баласы Хавьер Фернандес орап кеткен.
Отандасымыз қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша 269,26 балл жинаған. Ал жеңімпаз 285,38 ұпай өңгерген. Үшінші орын алған АҚШ спортшысы Адам Риппонның қоржынында 267,53 балл бар. Жалпы, бұл жарыс Теннің биылдыққа қатысып тұрған тұңғыш сайысы деуге болады. Қыркүйекте Братиславадағы, қазанда Гран-при сайысынан тыс қалған Денис жыл бітуге тақағанда жылы жаңалық сыйлап отыр. Оның мұзайдында ойқастай алмауына жыл басында алған жарақаты себеп болған еді. Одан соң Бостондағы әлемдік додада жапон спортшысымен соқтығысып қаламын деп, соңы қып-қызыл дауға ұласа жаздағаны әмбеге аян. Енді бойындағы психологиялық және физиологиялық кедергілерді сылып алып тастаған спортшымыз, тауық жылын табысты бастаса деген үміт оты маздайды.

shorttrek-1024x683
Суық қарашаны жылы еткен тағы бір жаңалық шорт-тректен алған алтын. Алтын дегенге қуанғаныңызды біліп отырмыз. Бірақ шорт-тректің не екенін ұғына қоймаған болуыңыз әбден мүмкін. Бұл да коньки спортының бір түрі. Спортшылар жекелей де, эстафеталық сында да жарыса береді. Әдеттегі коньки алаңындай сала құлаш кең алаңқай мұнда жоқ. Спортшылар 8 метр ішкі радиуста бұрылып жарысады. Ал айналма жолдың арасы 28,85 метрді құрайды. Коньки киген желаяқтар сағат тіліне қарсы бағытта мәреге ұмтылуы шарт. Спорттың бұл түрінде құлап қалу, жарыс жолынан шығып қалу қаупі тым жоғары. Аса жылдам әрі тыңғылықты сайыса білуді талап етеді. Ұзын арқан, кең тұсау спорт бәсекесі мен көсіле шабатын жарыстардан жүлде тере алмай жүргенде, бұл бәсекеден медаль еншілеу әй қиын-ау деп, түсіністікпен қарап келгенбіз. Бірақ, соңғы кездері қайта-қайта алға озған бір топ жастың қарқыны көзге түсіп, ауық-ауық назарымызды бұра берген еді… Бекер емес екен. Абзал Әжіғалиев шорт-тректен АҚШ-та алтын алып, айды аспанға шығарды.

abzal
Қуанышты жаңалық Солт-Лейк-Сити шаһарынан жетті. 500 метрге жарысқан Абзал әлем кубогы этапында қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Айтпақшы, Абзалдың алтын жүлдені өңірінде жарқыратуына өзінің жылдамдығы ғана емес, канадалық қарсыласының соңғы айналымда омақаса құлағаны себеп болыпты… Мейлі ғой, ең бастысы, жүлде емес пе? Сумюл Жирардың құлағанына қарап қалмаппыз. Абзалдың жүлдесі мұнымен де түгесілмейді. Топтық сайыста Қазақстан құрамасы қола жүлдені қанжығаға байлады. Абзал бұған дейін жекелей сында қарсыластарынан қара үзіп көрген жоқ. 2011 жылы Алматыда өткен Азиадада командасымен бірге үштік тұғырға көтерілгені бар еді. Одан соң Сочидегі Олимпиада ойындарында бесінші орынға табан тіреген. Енді, міне, 2 жыл бойғы табанды еңбек табысқа әкеліп отыр.

75jito39whkkl0hfz4xb7jp7prsj26
Жалпы, осы Абзал бастаған жігіттерден көп үміт күтуге болады. Қазір Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша және Мирсаид Жақсыбаевтарды танымал голландиялық маман Джарун Оттером жаттықтырып жатыр. Әлемдік коньки спортында осы Нидерланды елінің өкілдерінің айы оңынан туып тұрғанын ескерсек, бұл дұрыс таңдау болды деуге негіз бар. Қазақстан құрамасы тәуелсіз ел ретінде 6 Олимпиадаға қатысты. Сондағы жиғанымыз – 1 алтын, 3 күміс, 3 қола. Барлығы 7 жүлде. Ал мұндай жүлдені 2-3 есе еселеп жіберіп, Норвегия, Голландия деген алпауыттар бір жарыста-ақ жиып алады. Қақаған қысы мен ақшаңқан аязы бар еліміз үшін бұдан былай қысқы спорттан олжа сала алмау ұят. Сықырлаған ақ қар, көк мұздан жүлде теретін уақыт жеткен секілді. Келесі төрт жылдықтың басты додасы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. Әне-міне дегенше ол да қар астынан сығалайды. Күллі әлемнің алдында осы жігіттер абыройымызды асырады деп айтқымыз келеді. Ал Олимпиадаға кімдер баруы мүмкін, қай спортқа бейімірекпіз, қай спортқа кейінірекпіз, оны келесі санымызда кеңінен тарқатып берелік.

Абай Аймағанбет

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде