Ұрпақ тағдыры — ұлттық мәселе

25 қантар 2019, 13:06

Шыныққан бала шымыр келеді

Қыс ортасында зәуі бір себеппен елге жол түскен. Соғымдарын әлі жығып алмапты. Әншейінде қараптан-қарап таусылып отыратын «кризис жеңгемнің» алақаны ашылғаны. Кіші ұлын «бордақылауда тұрған тоқтыны жық» деп жұмсап жіберді. Ауылдың амандығын екеуара әңгімемізге тақырып қылып сүт пісірімдей уақыт отырдық. Тоқты союға кеткен томардай ұлдан тіс жарған хабар жоқ. Әлден уақытта далаға шықтық. Босағада бүк түсіп жатыр екен. Істің мән-жайын кейін естідік. Алты ай бордақыда тұрған, еріккен қошқар шарбақтың ішіне кірген біздің ұлды шаңырақтай мүйізімен қақырата періп өткен ғой, мүйізі бар болғыр әлгі бір жанды жерінен тимей ме? Пышағын жалаңдатып барған біздің бала талып қалыпты.
– Жеңгей, осы тоқтыңыз бар болсын, кейін бір реті келер, – дедік.
Қасапшы баланың қарекетін айтып, бетіне салық қылмайық деп үндемедік. Әлгі баланың әлжуаздығынан ажалы анық келіп тұрған қошқар аман қалды. Кейін қайтып келе жатып, қазіргі жастардың шұрқұрай кісінеген тай түгілі, тоқтыға шамасы жетпейтіні несі екен деп ойладық Сөйтсек. мәселенің мәнісі – сәмбі талдай солқылдап өсіп келе жатқан жастардың боркеміктігінде, шынықпауында. Әке-шешесі үстінен құс ұшырмайды. Біздің кезімізде кенже ұл тәрізді тоғызыншы сыныптың оқушылары ала жаздай шөп шауып, отын кесетін. Күздің күні қайыңның безіндей болып шынығушы еді. Ол кезде жас біткен қара жұмыспен, еңбекпен шынығатын. Қазір ол да жоқ. Ендігісі – дене тәрбиесі пәні. Бірақ оның да өз деңгейінде өтуі – өте сирек.
Жеткіншектің жетілуіне мектептегі дене шынықтыру пәні сеп. Біздің ауылда спорт залы ғұмыры болған емес. Бала кезімізде дене шынықтыру пәнінен кез келген сабағы аз мұғалім бере беретін. Түк те қиындығы жоқ, бір допты ортаға тастай салады. Сабақ біткенше соны қуалаймыз. Сонымен тәмам. Өзгерген шығар деп едік, сөйтсек, бәз-баяғы қалпында екен. Мәселен, Ақмола облысында 560 білім ошағы болса, соның 69-ында спорт залы жоқ. Оның ішінде Зеренді ауданының 63 білім ошағының 11-і спорт залға зәру. Жалғыз ол аудан ғана емес, Целиноград ауданының – 9, Астрахан ауданының – 8, Қорғалжын ауданының 7 және Біржан сал ауданының 7 мектебі спорт залсыз. Күз бен көктемде әупірімдеп лаждар-ау, ал Сарыарқаның сақылдаған алты ай қысында бұл мектептің оқушылары аталған пәнді жылы жауып қояды-ау.
Барларының да бағы жанып тұрғаны шамалы. Олай айтуымыздың себебі, жалпы білім беретін мектептердің спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілуі деңгейі өте төмен. Мәселен, Ерейментау ауданы мектептерінің спорт залдары – 28,2, Атбасар ауданы мектептерінің спорт залдары 23,3 пайыз қамтамасыз етілсе, қияндағы Жарқайың ауданындағы білім ошақтарының спорт залдары 41,4 пайыз ғана жабдықталған. Оны айтасыз, облыс орталығындағы мектептердің де бұл тарапта бағы жанып тұрған жоқ. Пікірімізді нақты дерекпен нықтайтын болсақ, қала мектептерінің спорт залдары 42,3 пайыз ғана қажетті спорт құралдарымен қамтамасыз етілген.
Жыл сайын әскер қатарына шақырылған жастардың жарым-жартысы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамсыз болып жататындығы ащы шындық. Енді осы кемістіктің түп-тамырын қазбалап, індететін болсаңыз, бір себебі осы тақырыпқа келіп тіреледі. Ал оның арғы жағында мектеп оқушысын спортпен достастыру, салауатты өмір салтына баулу дейтұғын мәселелер жатыр. Ойлап қарасаңыз, спорт залы жоқ мектептерде түрлі спорт үйірмесін ұйымдастыру туралы мәселе көтеруге бола ма? Әрине, жоқ. Мектеп оқушылары арасында адам ағзасының әрқилы ауруға шалдығуының да, яки, балалардың иммундық қасиеттерінің төмендігін де осы арадан іздеуіміз керек шығар. Әйтеуір, бір дәтке қуаты кадр жеткілікті екен. Облыс мектептерінде жоғары және орта арнаулы білімсіз сабақ беріп жүрген бірде-бір мұғалім жоқ. Бірақ олардың қолын байлап отырған жайт жоғарыда біз айтқан спорт залдары мен арнайы құралдардың жоқтығы.
– Небір талантты балалар шалғайдағы шағын ауылдарда, – дейді жаттықтырушы Абзал Балтакескенов. – Тек солар дәл уақытында спортпен айналыса алмай жатыр. Мүмкіндігі молдау облыс орталығы да колледж бен жоғары оқу орнына түскен кезде спортпен шындап айналысуға кеш болып жатады. Сондықтан, алдымен шалғайдағы ауылдардағы білім ошақтарының осы пәнге айрықша көңіл аударуы керек болып тұр.
Спортта бағын байлау өз алдына, күні ертең ел қорғайтын ерлердің қарапайым еңбек етуге деген қабілетінің өзі де жастайынан қыранның балапанындай баулуында емес пе? Кез келген еңбекке қабілетті болуы үшін де мектеп жасындағы жасөспірім қабырғасы қатып, буыны бекір сәтте спортпен айналысуы керек.
Қолы бос бала жат әдетке де үйір. Ауыл үйдің қотанында сабақтан бос кезінде салаңдап бос жүру жақсылыққа апармайтыны белгілі. Біз осы олқылықтың бетін ғана қалқыдық. Індетіп іздегенге дене шынықтыру пәнінің талапқа сай өткізілмеуінің кесірі ұшан-теңіз. Сондықтан, осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына орай жауапкершілік жүгін жете түсініп, бір амалын табу керек тәрізді.

Аралас мектеп абырой әпермейді

Облыс орталығындағы 24 мектептің үшеуі ғана қазақ мектебі. Білімнің қара шаңырағы саналатын – Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназия, Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицей және облыс орталығының құрамына кіретін Краснояр селосындағы №3 мектеп-гимназиясы. Қалғаны аралас мектептер. Сөз арасында облыс орталығында 23 мыңға таяу оқушы барын айта кетелік. Осы жеткіншектердің жартысына жуығы қазақ сыныптарында оқиды. Қазақ сыныбы дегенде – аралас мектеп. Аралас мектепте тіл меңгеру деңгейі қаншалықты екендігін өзге жұрт білмесе де, көкшетаулықтар жақсы біледі. Жауырды жаба тоқудың қаншалықты қажеті бар. Төтесінен қиялай тартсақ, аралас мектептің қазақ сыныбында оқитын оқушылары басым көпшілігі үзілісте, сабақтан тыс уақытында қалпымен орыс тілінде сөйлейді. Тіпті қазақша оқып жүрсе де тілі жаңа шығып келе жатқан сәбидің тіліндей.
Бүгінде мәселе толық шешілді дей алмасақ керек. Мына бір деректерге ой көзімен қарап, назар аударыңызшы. Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы білім ошақтарында 15 мыңнан астам қазақ балалары орыс тілінде білім алуда. Осыдан 6-7 жыл бұрын мұндай оқушылардың саны 20 мыңнан көп болатын. Қазір қайта жыл сайын ептеп азайып келеді. Бір дәтке қуаты, өзге ұлт өкілдерінің 726 баласы қазақ тілінде оқиды. Бүгінгі жағдай кешегі кеңес заманындағыдай емес қой. Ана тілінде жоғары білім алуға толық мүмкіндік бар. Іс қағаздары біртіндеп жергілікті ұлт тіліне көшіп келеді. Қайта керісінше кез келген сала дәл қазір жергілікті ұлт тілін жетік білетін мамандарға зәру. Ендеше, неге өз тілімізден өзіміз безінеміз. Бәлкім, мұның барлығы кешегі кеңес заманынан қалған, санамызға өшпестей орныққан, балталаса бұзылмайтын дағды, қорқыныштың сарқыншағы, әлдеқалай болар екен деген босаң болжамның бейнесі.

Осы мәселеге қатысты еңбек ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Көшімбаевтың пікірін сұрадық: «Кеңес заманында мектепке дейінгі мекемелердің де жағдайы сын көтермейтін. Облыс орталығында жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін бірде-бір балабақша болған жоқ. Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей екендігін санамызбен салмақтап, жүрегімізбен түйсінгенімізбен қолдан келер дәрмен аз. «Әсел» балабақшасын ашу кезінде ұлтжанды азаматтардың ересен қажыр-қайраты қажет болды. Менің ойымша, аралас балабақшаларда ұлттық тәлім-тәрбие беру, ана тілін оқытып, үйрету қисынсыз шаруа. Екі топ араласпай тұра ма. Сондай сәттерде негізінен, балалар орыс тілінде сөйлеуге бейім. Демек, аты ұлттық болғанымен, мазмұны өзгеше қойыртпақ топ болып шығады».
Қазір біртіндеп жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалар көбейіп келеді. Мұның өзі жанға – медет, дәтке – қуат. Түптің түбінде қағажу көрген, адам айтқысыз бейнетті басынан өткерген, өшіп бара жатып жанған, сарқылып бара жатып толған қазақ тілінің қабағына қуаныш ұялайтын күн алыс емес.
Енді аралас мектептерден біртіндеп құтылған жөн. Көкшетауда бір-бірімен жап-жақын тұрған бірнеше мектеп бар. Мәселен, Жұмағали Саин көшесінің бойындағы №11,13 орта мектептердің арасы жүз-ақ қадам жер. Бір-біріне тиіп тұр десе де болғандай. Осы мектептердің біреуін таза қазақ мектебіне ауыстыруға әбден болмай ма?! Бұл жерде өзге ұлт өкілдерінің мүддесіне ешқандай кесірі тимес еді. Есесіне, тағы бір ұлттық мектепке ие болып, жас ұрпақ қазақылана түсер еді. Капцевич көшесіндегі №5 және №6 орта мектеп те аралас мектептер. Осы мектептердің біреуін жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырудың қаншалықты қиындығы бар. Әне бір кезде №11 орта мектепті жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектепке айналдырамыз деген кезде, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер жоқ деген қисынсыз сылтау айтқан. Бұл сыныққа сылтау іздеу, әйтпесе, облыс орталығындағы бірнеше жоғары оқу орындары әр жыл сайын жүздеген мұғалімдер дайындап жатыр емес пе? Олардың ішінде жұмыс таба алмай жүргендері де толып жатыр.
–Үш балам аралас мектепте оқиды, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Есенбай Қонысбаев. – Үйде өз тілімізде сөйлесе алмайтын болдық. Қазақ тілін білсін деп қазақ сыныбына беріп едік, аралас мектептің әсерінен балаларымыз орыс тіліне жақындау боп кетті. Айтып та жатырмыз, ұрысып та жатырмыз. Бірақ нәтиже шамалы.

Байкен Көбеев,
Ақмола облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген