7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін әскери шеруге қызу дайындық өзінің бел ортасынан асты. Астанада іргесінде орналасқан шатырлы қалашықта еліміздің түкпір-түкпірінен келген әскерилер шоғырландырылған. Бүгін сол әскерилердің жалпы дайындығын, көңіл-күйін, тұрмыс жағдайын көру үшін ҚР Қарулы Күштерінің, ауған соғысының ардагерлері, аумақтық қақтығыстарда бітімгерлік миссиясын атқарған азаматтар арнайы барып қайтты. Олрдың қатарында ҚР Қарулы Күштерінің бастауында тұрған генерал-лейтенант Николай Поспелов, контр-адмирал Ратмир Комратов, генерал-майор Еділ Оразов, полковник Амантай Жұтабаев сияқты есімі елге белгілі ардагерлер болды.
Аға ұрпақ өкілдерін ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қуанышбек Үштаев қарсы алды. Ол ардагерлерді шатырлы қалашықта орналасқан нысандармен таныстырып, шеруге қатысушыларға барлық жағдайдың жасалғаны туралы баяндады. Оның айтуынша әскери шеруге 4000-нан астам әскери қызметші, 300-ден астам қару-жарақ пен әскери техника қатысады.
Сол күні еліміздің бас алаңымен «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, «TEODor» роботехникалық кешені, есептік-талдамалық станция кешені және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері жүріп өтеді.
Әскери шерудің ең қызықты әуедегі бөлігін майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияға қарасты барлығы 66 ұшу аппараты құрайды.
Биылғы әскери парадтың ерекшелігі жоғарыда аталған қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен қатар көпшілік бұл жолы аты аңызға айналған Т-34 танктерін, ЗИЛ-157 жүк көліктерін, «Катюша» реактивті артиллериясының жауынгерлік машиналарын, М-30 гаубицалары мен зеңбіректерді көре алады.
Ардагерлердің назарына жалпы ақпарат ұсынылған соң оларды күні бұрын жасалған жоспар бойынша әртүрлі әскери түрлері мен тектерінің жауынгерлерімен кездесуге бөліп-бөліп әкетті.
Біздің топтың еншісіне Әуе қорғанысы күштеріне қарасты Радиотехника және байланыс әскери институтының курсанттары тиді. Ақ шатырдың астында кездесуде ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, бүгінде Еуразия әскери кафедрасының басшысы генерал-майор Еділ Оразов әуелі кешегі Ұлы Жеңістің 80 жылдығының маңызына тоқталды. Қазіргі жас ұрпаққа сұрапыл соғыс біздің елге еш қатысы жоқ ертегі сияқты көрінеді. Бірақ, ол нәубет әрбір қазақ отбасына қайғы-қасірет әкелді, себебі әрбір екінші қазақстандық майданға аттанып, әрбір бесінші қазақстандық сол соғыстан оралған жоқ. Алдағы болатын әскери парадты Отан үшін жаниын пида ектен ата-бабаларымыздың ерлігіне тағзым деп есептеу керек. Сонымен қатар, бұл ұрпақ сабақтастығының, Қазақстан әскерінің ерлік дәстүрлері мен жауынгерлік қуатын паш етуге тиіс маңызды шара деді.
Одан әрі қарай жылы жүздесу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, емен-жарқын сипатқа ие болды. Мысалы, әскери парадқа қатысушының бірі «Нағыз офицер қандай болу керек?» деген сұрақ қойды. Генерал-майор Е.Оразов нағыз офицерге тән қасиеттерді тізбелей келе «Ең бастысы ол таза болу керек. Мен бұл жерде киімінің, үсті-басының тазалығын емес, жүрегінің, жанының, ар-намысының, ниетінің тазалығын айтып отырмын. Ол жоқ болса бәрі бекер, одан нағыз офицер шықпайды» деп жауап берді.
Кездесу соңында қонақтар әскери шеруге қатысушыларға аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрін алға қарай жалғастырып, бізден де биікке өрлей беріңдер деген тілек айтты.
Расында бүгінгі шара осыдан отыз үш жыл бұрын төл армиямызды құруға атсалысқан ардагерлердің қолынан жас ұрпақ жеңіс эстафетасын алғандай символдық мәнге болды.
Реті келгенде айта кетейік, тәуелсіз ел тарихындағы ең алғашқы әскери парад 1995 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы құрметіне Алматы қаласында өткен еді. Содан бері салтанатты шерулер Астанада өтіп келеді.
Ал 2013 және 2018 жылғы 7 мамырда жауынгерлік парадтар Жамбыл облысының «Отар» әскери базасында ұйымдастырылды. Олар әскерлердің кәсіби шеберлігін, үйлесімділігін және жауынгерлік мүмкіндіктерін көрсетті.
Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист