Үрейлі үш күн

11 қараша 2022, 12:25

Білезіктегі дисплейі дың ете қалды. Қараса, «Сізді 11.00-де махалла жандармы Ли мырза өзінің офисінде күтеді» деген хабар тұр. Тағы не керек бұған деп ойлады Ерімбет. Аңдығаны мен болдым ғой бұл иттің. Япырау, микрочип бар, білезік-дисплей бар, көше мен аула толған спутник камера, үйдегі интернетпен де біліп тұр отырған-тұрғаныңды, кірген-шыққаныңды. Бұған не керек? Ішкен тамақ, киген киім – бәрін көріп отыр. Қай уақытта түшкіргеніңе дейін жазылып тұрады. Секундына дейін. Енді неге бұл мені тергеуге шақыра береді. Басқа ісім жоқ па менің.

Әуелі дүкенге барып ұлына сүт алып, артынша ұлды үй іргесіндегі балабақшаға апарып, пәтеріне қайта кірді. Содан соң осы махалланың жандармерия тұрған ғимаратына асықпай аяңдады. Тез-ақ жетіп алу керек, бірақ алға басқан аяғы кері тарта берді. Барғысы жоқ. Амал бар ма, ақыры дәл қасынан жөн ғана ысылдап жылжып келе жатқан каучук тротуарға тұра қалды. Басқа-басқа, ені жарты құлаш жылжымалы тротуар жандармерия үйінің тура тұсынан өтпей ме, жер бауырлап жылжыған бассыз, таспа жыланға ұқсап, кеудесі ысылдап, айналасы екі-үш минутта жеткізіп тастады.
– Ерімбет мырза, сәлеметсіз бе, келіңіз, отырыңыз, – деді Ли жандарм орнынан тұрып. Жымиып қолын ұсынды. Сығырайған шегір көзді, еңсегей бойлы, жұқалтаң, қарасұр жас жігіттің қолы қарулы еді, соны білдіргісі келе ме, әлде, әдеті ме, қол алысқанда мұның оң қолын үнемі өстіп сығымдап қояды.
– Сәлемет пе, Сұлтан мырза, – деді Ерімбет. Лидің есімі Сұлтан болатын.
– Монитордан шаршаған жоқсыз ба, Ерімбет? – Содан соң жауап күтпестен жеделдете іліп әкетті. – Сіз шаршамасын деп осылай әңгіме-дүкен құрайық деп шақыруға тура келді.
Жас жандармның «әзілім» деп айтқан кезекші сөзіне Ерімбет жымиған болды. Қашан да осы, қисыны жоқ, қиюы жоқ бірдеңені қалжыңым деп қойып қалады, еріксіз жымиған болып отырасың.
Сұлтан Ли мұның хал-жағдайын сұрап, күн райын, қала жаңалықтарын айтып біраз отырды да, төтесіне көшті:
«Сөздің қысқасы, Ерімбет мырза, үш жасар ұлыңызды сіз жалғыз өзіңіз баға алмайсыз. Қатыныңыз жоқ. Екінші рет үйленбедіңіз. Шешесіз өскен баланың психологиясы дұрыс қалыптаспайды. Баланы Қоғам үйіне өткіземіз».
Ерімбеттің жүрегі су ете қалды.э

– Жоқ, – деді даусы қарлығып, – ол мүмкін емес. Бермеймін, өткізбеймін баламды!
– Сіздің бермеймін дегеніңізге заң көне ме, – деді Сұлтан Ли әлдебір папкаларды ақтарыстырып жатып. – Заң бала жағында. Қоғам тәрбиесі үйінде өседі, аптасына бір рет келіп, алты сағат жүздесіп кетесіз. Ол үйде ұлдың барлық жағдайы жасалады, дәрігерлер қарайды, тәрбие береді, балабақшадан әлдеқайда артық. Сіздің үстіңізден ювенал юстициядан, балабақша тәрбиешілерінен арыз-шағым түсті. Балаңызды жуындырмайтын көрінесіз, бақшаға кір болып келеді екен…
– Оны қай тәрбиеші айтып отыр, – деді Ерімбет мына жалаға күйіп кете жаздап. – Күнде жуындырам баламды, құдайға шүкір, үйде ванна бар, су бар. Жатарда міндетті түрде шомылдырамын. Тексерем десеңіздер, мүмкіндіктеріңіз бар ғой, әйтпесе, үйге видеокамера қойыңдар, бәрін көріп отырасыңдар.
– Мәселе камерада емес. – деді жас жандарм сұқ саусағын шошайтып. – Мәселе түскен шағымда. Тәрбиеші мен юстиция бекер жазбайды ғой. Қысқасы, Ерімбет мырза, өз қолыңызбен, өз еркіңізбен арыз жазғаныңыз дұрыс, үш жасар баламды Қоғам үйіне алыңдар деп. Сол дұрыс болады, сонда аптасына бір рет алты сағат балаңызды көре аласыз. Олай етпесеңіз, онда жандармерия, ювенал юстиция және балабақша өкілдері бар, бәрі қол қойған акт жасаймыз, сол құжат негізінде сот шешім шығарады да, балаңыздан әкелік құқыңызды айырады. Сөйтіп ақыр аяғында Қоғам үйінде тәрбиеленген балаңызды ешқашан көре алмайтын боласыз».
Ерімбет шыдамай орнынан тұрып кетті:
«Сот менің әкелік құқымды айырады екен деп қалай сенімді айтасыз, айырмайды олар».
«Отырыңыз, отырыңыз. Заң солай, Ерімбет мырза. Сіздің жағдайыңызда тіпті оңай. Заң, айттым ғой, бала жағында. Ата-ана және бала кодексінде бірнеше бап бар, солардың арқауымен, қай жағынан болсын, сізді әкелік құқыңыздан айыра алады. Солай. Баланың шешесі жоқ, осы себептің өзімен-ақ заң баланы тартып ала алады».
«Ол заңды кім жасаған, кім шығарған?» Буыны босап кеткен Ерімбет орындыққа сылқ етіп отырып қалғанын өзі аңдамады.
«Корпорация парламенті. Сондықтан сіздің балаңыздың құқы, қай жағынан болсын, қорғалған» деді Сұлтан жандарм басын кегжитіп.
Ерімбет аузының құрғап кеткенін сезді, әйтсе де, қолын жайып шапшаң сөйлей жөнелді:
«Әу, айналайындар-ау, әуелі баламның өзінен сұрасаңыздаршы, кіммен тұрғысы келеді, жатарда шомыла ма, әкесі ыстық тағам әзірлеп бере ме, бәрін асықпай сұрасаңдаршы өзінен. Ол – ес біліп қалған, ересектерше сөйлейтін бала».
«Заң баланың пікірін сұрамайды, Ерімбет мырза, кәмелетке толғанша баланың пікірі есепке алынбайды. Сенбесеңіз, Ата-ана және бала кодексін бастан-аяқ оқып шығыңыз».
«Балабақшаның қай тәрбиешісі ол шағым түсіріп жүрген? Аты-жөнін білуге бола ма?»
«Кейін көрсетеміз шағымды».
«Япыр-ау, ол жердегі тәрбиешілер көріп жүр ғой қандай адам екенімді. Мен арақ ішпеймін, наша шекпеймін, бейсауат жүрісім жоқ, күмәнді есепте жоқпын, бәрін біледі ғой ел. Cіз де білесіз, Ли мырза».
«Бұл айтып отырғаныңыз ескі замандағы әңгіме ғой, Ерімбет мырза, – деді Сұлтан жандарм қорабынан бір сигарет суырып алып, онысын «фүу» деп үрлеп қойып, оң езуіне қыстырып жатып. – Қазір, айттым ғой, заң қатал, ата-ананың біреуі өмірде жоқ болса, немесе тіпті ұзақ ауырып, төсек тартып жатып қалса, ювенал юстиция балаңызды заң талабына қарап сотқа беріп, сот шешімімен Қоғам тәрбиесі үйіне өткізіп жібере алады. Сіз қай жағынан да сай келіп тұрсыз. Оның үстіне шағым түсіп отыр. Менің сізге айтар ақыл-кеңесім: өз еркіңізбен арыз жазыңыз Қоғам тәрбиесі үйіне өткізуге. Есесіне, балаңызды жетісіне бір рет көріп тұрасыз. Ал сот шешімімен бала тартып алынса, онда жылына бір-ақ рет қана көресіз. Ойланыңыз».
«Ойланатын ештеңе жоқ. Арыз жазбаймын».
«Содан соң… содан соң балаңыздың, Қоғам тәрбиесі үйінде өссе, келешегі де зор болады ғой. Тәрбие үйі барлық шығынды өз мойнына алады. Ішім-жем, киім-кешек, төрт уақ тамақ, балаңыздың өз қалауы бойынша, түрлі спорт секциясы, музыка, өнер үйірмелері, тағы басқа. Мықты мамандар тәрбие береді. Сабақ оқитын мұғалімнің күллісі үздік. Қоғам тәрбиесі үйінен шыққан түлектің бәрі арнаулы жоғарғы мектептерге түседі. Келешектегі өмір орнын белгілеу үшін Корпорация үздік оқыған шәкірттерге мол қаржы бөледі. Ал өзіңіздің тәрбиеңіздегі ол баланың болашағы не болады? Айтыңызшы. Жоқ қой келешегі!..»
«Келешегін көре жатармыз. Бірақ мен баламның тәрбиесін Корпорацияға беріп қоя алмаймын».
«Корпорацияның несі жаман?»
«Қоғам тәрбиесі үйінен шыққан бала менім балам болмайды, ол белгілі ғой. Корпорацияның қызметкері болады да шығады. Өмір бойы корпорацияның құлы болып өтеді».
«Ондай жалалы сөз айтпаңыз. Мұндай сөздеріңіз үшін заң алдында жауап бересіз».
Ерімбет үндемей қалды. Төмен қарап, сол қолымен иегін сипалап қойды.
«Қалай болса да, мен баламды бере алмаймын, – деді біраздан соң. – Ерікті түрде де, мәжбүрлесе де».
«Заң мәжбүрлесе, қайда барасыз, – деді Ли ащы жымиып. – Ал бермедіңіз дейік, ол баланың күні не болады ер жеткенде. Мына заманда ол бала биороботтан да төмен деңгейде күн кешеді деп қорықпайсыз ба?»
Ерімбеттің жүрегі суып кетті.
«Өмір бойы жұмыссыз жүретіні өз алдына. Жұмыссыздарға Корпорация бөлетін жәрдемақыдан да, медицина көмегінен де, заң орындары жәрдемінен де тыс қалуы ықтимал. Қысқасын айтқанда, қоғамға қажеті шамалы адам болады да шығады».
«Қоғам дегеніміз сонда Корпорация ғана болып тұр ма?»
«Әрине. Сіз, мәселен, қайда жұмыс істейсіз?»
«Мен үйде отырып аударма жасаймын. Тапсырыс бойынша. Оны сіз жақсы білесіз ғой».
«Сол аударманы сізге жасатып отырған тапсырушылар да Корпорацияға қызмет етеді ғой, Корпорация бөлімдерінен айлық алады. Айналып келгенде, бәріңді асырап отырған Корпорация ғой».
«Жүйе солай болса, не істей аламыз…»
«Міне, міне. Жөнге келдіңіз, Ерімбет мырза. Жүйе солай. Ендеше біз балаңыздың келешегін ойлап, сол жүйеге енгізуіміз керек, әйтпесе ол балада болашақ болмайтынын сезіп отырсыз. Жас кезінен келешегін елестете алмаса, өмірде орнын таба алмаса, ол бала кейін депрессияға түседі, құса болып өтеді».
«Адамның өмірдегі орнын Корпорация белгілей ме екен?» деді Ерімбет мысқылмен.
«Әлбетте. Ер жеткен соң резервацияда үйелеп жатқан, үйсіз, күйсіз жүрген, күніне бір уақ тамақ ішу арманымен өткізген жұрттың қатарын толтырады. Солай, Ерімбет мырза. Мен сізге жақсылық ойлап отырмын, ұлыңыздың келешегі кемел болсын деп».
«Жоқ. Қалай болса да, мен көне алмаймын бұл озбырлыққа».
«Абайлап сөйлеңіз, мырза. Кімді озбыр деп тұрсыз? Мен заң талабын түсіндірдім сізге. – Содан соң шегір көзін сығырайтып бұған біраз қарап отырды. – Жақсы, – деді артынша. – Ескертуін ескерттім. Бұл тарапта басқа жол жоқ, не өзіңіз өтініш бересіз, немесе заң органдарының өкілдері акт жасап, соның негізінде сот шешімі шыққан соң біз баланы сізден алып, Қоғам тәрбиесі үйіне өткіземіз. Ойлануға үш күн мұрсат берейін. Сау болыңыз. Бір нәрсені ескеріңіз: балаңыз алдағы өмірде биороботтан да төмен сатыда тұрмасын. Сіздің пікіріңіз, қарсылығыңыз ештеңе шешпейді, оны жақсы білуіңіз керек».

«Ерімбет, Ереке, – деп еді сол күні кешкісін қайран Хауа күйеуінің желке тұсынан келіп, демі құлақ түбін шарпып, қос иінінен қапсыра құшақтап, – Ереке, бүгін саған айтар екі жаңалығым бар: бірі жаман, бірі жақсы. Қайсысынан бастайын?»
«Дәл ертектегідей болды ғой мына сөзің, – деді Ерімбет күлімсіреп. – Әрине, жақсысынан бастамай ма дәйім».
«Онда… онда айтайын. Бірақ сенбейсің-ау».
«Неге, саған сенбеген кезім болды ма?»
«Қуанар ма едің?»
«Оу, әуелі айтсаңшы, шырағым».
«Аяғым ауыр екен, Ереке» деп Хауа қабырғадағы ноқатты басып қалды. Жарқ етіп самала нұр төбеге тұтас жайылып барып, мол жарық түсті.
«Түсінбедім…»
«Түсініп тұрсың бәрін, отағасы. Мен көтеріппін».
«Қойшы, – деп Ерімбет еңсесін жазып, мойнын бұрып бәйбішесінің қара торы ажарлы жүзіне қараған. Сенбегені көзінен көрініп тұр. – Он бес жыл бойы дәрігерлер қақсап, көтере алмайсың деп үкім шығарғаны қайда…».
«Білесің ғой, Ереке, – деді Хауа қарсыдағы креслоға тізе бүгіп. – Мен биохакер болып біраз жұмыс та істедім ғой. Биотехниканың қазіргі заманғы жаңалықтарын зерттеумен айналысатын биотехнолог мамандардың еңбегін лабораторияда қолданып, сапырылыстырып жүріп, өзгеше бір тәсілді байқап, сол тәсілдің көмегімен дәрмек жасап, оның аналық бездердің жұмысын күшейтетін қабілеті бар екеніне көз жеткіздім… Өмір бойғы арманым бір қызыл шақа, шикі өкпе көру емес пе еді. Алты ай болды соны ішіп жүргеніме. Құданың құдыреті, сол дәрмектің шипасы болды ма, сәулемен қараттым бүгін, рас екен».
«Неше айлық» деді Ерімбет Хауаның мойылдай қара көзіне тесіле қарап.
«Екі айлық».
«Апырай, ә, – Ерімбет орнынан тұрып кетті. – Әй, Хауа, әй, сенің мынауың, рас, күшті жаңалық екен. Күтпеген нәрсе. Дегенмен… дегенмен көз көрмей тұрған соң көңіл сенбей ме, қалай…»
Хауа үнсіз ғана күлді.
«Иә, өзімнің де көңілім толық сенбей тұрған сияқты».
«Жаңалығың ғажап екен! – деді Ерімбет қос қолын бір-біріне уқалап. – Онда кешкі асыңды әзірлеп жібер» деді содан соң әйелін көрсе, асқазаны сыздай қалатын ежелгі әдетімен .
Сүт пісірім уақыт өтпей Хауа дисплей-табаға әлденені қуырып, дастарханға қоя берді.
«Ерекем-ау, сен қуанып кеттің бе, әлде қиялдап кеттің бе, екінші жаңалығымды сұрамадың ғой» деді Хауа буын бұрқыратып ыстық шәйін құйып отырып.
«Қашанғыдай иісі жоқ, бірақ дәмі өзгеше екен, – деді Ерімбет қуырдақтың бір қасығын аузына салып жіберіп. – Не тағам бұл? Тағы синтез бе?»
«Отағасы-ау, қазір синтезсіз тағам таба аласың ба өзі?»
«Зиян емес пе, әйтеуір?»
«Зиян емес. Ұшынып қаларсың, жиіркенбей жеші, айналайын. Баяғы замандағыдай бағланның етін қайдан тауып бере қояйын. Барымен базар деші».
«Иә, сонымен жағымсыз жаңалығыңды айта ғой. Құлағым сенде».
«Дегенмен… кейінірек айтайын, тамақ сіңсін, ас батсын».
«Е, жарайды».
«Қыстың ортасында күн ысып кетті, 26 градус ыстық, жазда не боламыз?» деді Хауа.
«Айтпа».
Екеуі әрненің басын бір шалып, шүңкілдесе әңгіме-дүкендетіп кешкі астарын ішіп алып, тоқ басайық деп паркке шықты.
Ерімбет көңілді.
«Ереке, сен ер жігітсің ғой, – деп бастады сөзін Хауа парктің тастақ, кең, даңғыл жолына түскенде. – жас күніңнен қайратты, ақылды, алғыр едің ғой. Қу тіршілік қос бүйірден қысып, қарала аузын қара санға салғанда қажымай келе жатқан кең құрсақ арыстаным».
«Пай-пай-пай-ай! Әй, шырағым, орағытпай айта бер» деп күлді Ерімбет.
«Баяғы, жаугершілік заманда аталарымыз айтқан екен ғой қатын жолда, бала белде деп. Ол заманда да тіршілік ету оңай болмаған ғой. Тіршілік деген шіркін таусылмайтын күрес қой. Өзің таусыларсың, өмірің түгесілер, бірақ сенің жолыңды жалғайтын, сенің салтыңды ұстайтын ұрпағың болса, өлмеусіреген үміт өшпейді ғой. Сол үміт қой адамзатты жетелеп, жетектеп келе жатқан. Сондықтан ер-азаматқа қырық жас деген не, тәйірі. Қамықпай, қажымай, ертеңге сенім артып, аяңдап, өрлей беру керек. Сен, Ереке, маған жолықпай тұрғанда да өткір, өжет жігіт едің ғой, анау-мынауға мұқала қоймайсың».
«Аттың басын жібердің-ау, бәйбіше. Айтшы енді, әкесінің өлгенін де естіртеді» деді Ерімбет жүрісін тоқтатпай, дегенмен әлдеқайдан пайда болған қобалжу сезімі тұла бойын шымшымдап алып бара жатты.
Хауа сәл үнсіз келе жатты да, асықпай жауап қатты:
«Дәрігерлер маған лейкемия деген диагноз қойды. Оның тағы ауыр түрі екен. Ем қабылдармын, десе де, көпке ұзамайтын секілдімін».
«Не дейд?! – Ерімбет кілт тоқтады. – Ол шіркіндер айта береді, – деді іле-шала. – Әр жерге қаралу керек қой. Соңғы диагноз басқа болып шығуы әбден мүмкін».
Хауа Ерімбеттің қолтығынан алып, жүрейік дегендей икемдеп алға қадам басты.
«Бәрінен бұрын олар маған мынандай шарт қойып отыр. Қазіргі заман аппараттары лейкемияны емдеуге жарайды дейді. Үш айда белгілі болады, емделіп жатқан адамдар бар көрінеді».
«Қандай шарт?»
«Ауыр дәрі, лазерлі сәуле енген соң ағзада өзгеріс болуы мүмкін дейді, сонда жатырдағы бала өліп кетеді екен».
«Енді?»

«Баланы алдырып тастау керек деп отыр үзілді-кесілді».
Ерімбет қапелімде аңырып қалды. Содан соң жөткірінді. Тамағын қырнады.

«Алдырып таста. Сенің өмірің қымбат. Бас аман болса, бала берер тағы да».
Хауа үндемеді. Екеуі біраз үнсіз жүрді. Парктің түбіне дейін барып қалыпты. Бұрылып, тастақ жолмен баяу басып кері жүрді.

Нұржан Қуантайұлы

(Жалғасы бар)

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды