Қыранды қорламас болар

08 тамыз 2016, 16:19

DSC_5971

Қияндағы Үшаралдан құдалар келген. Дәм тартса қыз бен қой қайда бармай жатыр. Күтіп алдық. Ішкен мас, жеген тоқ дегендей әр құданың жанына құсұйқылы бір-бір күтушіден қойып, алты үйден ас беріп, есеңгіретіп жығатын ескі дәстүрден арылып келеміз. Ендігісі бұрын құдалар көріп-білмеген Көкшенің көркем табиғатын көрсету. Алдымен Бурабайды.

Жақпар-жақпар тастарды қақ жарып шыққан қарағайды, лүп еткен самал желмен мың бұрала билейтін биші қайыңдарды көріп, қанша жұтса да көкірегінің құмары қанбайтын көгілдір, саф ауаны жұтып тәнті болды меймандар. Ақылбай асуына жеткенбіз. Бергі етекте ескерткіш бұйымдарды сатқан саудагерлер қайыңды алқаптың бүлдіргеніндей жыпырлап отыр. Жөн-ақ. Жақсы сапардан тәбәрік ала қайтса теріс емес қой. Асудың дәл үстінде сепкіл бет сары бала бүркіт ұстап отыр екен. Бүркіттің жанында суретке түсуіңіз 300 теңге. Қымбат емес. Бірақ, қолбала болған бүркіт күніне мың сан адам қолына ұстап, жұлмалаған соң ба, қырандық мінезі пышақпен сылығандай жойылып, жігері жасып, кәдімгі үй тауығы тәрізді болып қалыпты. Бүркіттің иесі Сашкаға 300 теңге беріп еңсесі түскен, басын қанатының астына тыға беретін байғұс бүркітті сәл әрірек алып шығып, егіз қарағайдың түбінде тұр едім бас құда келіп тіл қатты:

–Ойпырмай, көк аспанның падишасы қыранды да дәл осылай қорлауға бола ма?

DSC_5974

Бас құданың бәтуалы сөзі еттен өтіп, сүйекке жетті. Сашка малданып жүрген ұлттық байлығымыздың үнжырғасы түскен жұқанасы, яғни, бүркітке бостандық сыйлап ұшырып жібергім келді. Бірақ, көзін ашқаннан бері Сашканың қорлығына көнген қолбала бүркіт ұшпақ түгілі топшысын көтеріп, қанатын қомдап талпына да алмайды екен. Рухы жоғалған, қайраты кеміген.  Қайта келіп орнына қондырдым. Басқа шара да жоқ еді. Әлден уақытта тасқа қонақтаған бүркіттің жанына біз тәрізді мейман күткен, әлде өздері қонақ болып келген шоқша сақалды екі-үш ақсақал үйірілді.

–Бүркіт қой мынау,–деді біреуі,–дала бүркіті шығар шамасы, қарамы кішкентай екен.

–Не деген өнерлі бала мынау, құстың тілін тауып ақша тауып отырғанын қарашы,–деп қарқ-қарқ күлді екіншісі.

Қыранды қорлап, қаржы тапқан Сашканың ерсі ісіне тіс жарып ештеңе деген жоқ. Дей алмайтын еді. Өйткені, өздерінің де, өзіміздің де жаңағы бүркіт сияқты рухымыз сынғалы қанша уақыт.

Үйіріле қонған, қаумалай өскен қалың қарағайдың ұшар басындағы шаңырақтай алаңқайдан зәулім аспан жап-жақын көрінеді екен. Ту сонау заңғар биікте, тау бауырында екі-үш тазқара ұшып жүр. Тілеуі жаман құс. Ұшпағанда қайтсін көктің қожайыны қолбала болып отырса. Қыран құс кереге қанатын керіп, көк аспанда суылдай, қалықтай ақса, өлексеге үйір, жаман қара құстар дәл осылай басына қоймас еді. Қырандар да өз биігін қызғанбай ма?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде