Ұпайды бейнетсіз табу

26 маусым 2020, 11:29

Кеше таңда белгісіз нөмірден қоңырау шалынды. Тұтқаны алсам, ентіккен келіншек дауысы: «Алло, сіз журналистсіз бе? – дейді.
– Иә.
– Біз 15 шақты ата-ана ЖенПИ-дің алдында тұрмыз. Балаларымызды тестке кіргізбей тастады. Келе аласыз ба?
– Не себепті кіргізбеді?
– Кіреберісте тексергенде қалталарынан телефон табылып, ішке кіргізбей қойды. Аудиторияда табылса, бір жөн ғой.
Алғашқы секундта не дерімді білмей қалдым. Сонда баласының ескертуді елемей, тыйым салынған затпен кірмек болғанын ақтамақ па? Әлде он бір жыл терген біліміне сенбегені ме?

Өткен жексенбі елде Ұлттық бірыңғай тестілеу шымылдығы түрілді. Бұл жолы қай өңірде болмасын, тексеру басқа жылдарға қарағанда қатаң. Оған айылын жимай тұрған коронавирус та себеп. Алғашқы күні екі абитуриенттің дене қызуы жоғары болғасын тест тапсыруға рұқсат берілмеді. Жазылғасын қайта келеді. Ал 160 оқушы сынақ басталмай жатып сүрінді. 73-і тыйым салынған зат алып өтуге тырысқан.

87 шәкірт тест барысында ережені бұзған. Тесттің екінші күні де мұндай заңбұзушылықтар тіркеліп жатты. Жылда осы жағдай қайталанады. Биыл талапты одан әрі күшейтсе де нәтижесі әзір көңіл көншітпейді. Әр аудитория камерамен жабдықталған. Абитуренттер металл тінткіш құрылғы тексерер алдында тыйым салынған зат жоқ екені жөнінде, ережені сақтау турасында қолхат жазады. Ал одан кейін ережені елемегені әшкере болса, өз обалы өзіне. Комиссия тест біткеннен кейін де видеоларды май шаммен қарап, ережені бұзғандарды қосымша анықтаса, тамыздың 25-не дейін тест қорытындысын жоққа шығаруға құқығы бар. Осындай қатал ережеден хабардар болғанмен, оны құлаққа да ілмейтіндер баршылық.

Бұл – біз көріп отырған салдар. Ал оқушылардың осындай әрекетке баруына не себеп? Ойланып көрдіңіз бе? Бәріне топырақ шашпаймыз. Күндіз-түні көз майын тауысып, оқулықтан бас алмай, қатарластарының қыдырысынан тыйылып, бейнетінің зейнетін көріп, өз еңбегімен өтіп жатқан оқушылар көп. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп бекер айтылмаған. Арасында еш қиналмай ебін тауып жымысқы әрекетін жүзеге асырам деп масқара болғандардың кесірінен жаман ат та оларға жамылады. Ондай оқушыларды осындай ойға итермелейтін өздерінен бұрын ата-аналары. «Бір реті болар» деп жұбатып, таныс-тамыр салып, одан қалды, телефонын да тықпалайтын «жанашыр» – солар. Бірақ дәл осы кезде жанашырлықтың қажеті шамалы. Балаң шақта мұндайды үлкендерден көрген жеткіншек болашақта кім болмақ? Ертең жұмысында «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге» дәніккен қызметкерлердің сапын толықтырмасына кім кепіл? Салдары – сапалы ұлттың сапын толықтыратындардың саны азаяды.

Мектеп табалдырығын аттағаннан білім алудың басты инвестиция екенін, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген тәмсілді баласының құлағына ата-ана құя алғанда ғана қазіргідей жайттар жиілемейтініне сенімдімін. Қазір білімде алдына жан салмайтын, озық технологиялардың отанына айналған Корея мен Жапония осы айтқаныма жарқын мысал.
Сөз басында айтқанымды қайта жалғастырсам, әлгі 15 ата-ана қанша жерден шырылдағанмен, балалары ақыры тест тапсыруға кірмеді. Тәртіп бәріне ортақ һәм қатаң. Бәлкім, «басқалары да осылай өтіп жүр, біз де өтерміз» деген жалаң ойдың жетегінде тәуекел еткен болар. Бұл оларға, айналасындағы естір дос-жарандарына сабақ болар деп сенейік. Ол оқушылардың көңіл-күйі түскенмен, сағы сынбас. Себебі, келесі жылы қайта тапсыра алады. Сонда өз білімі мен білігін қару етер деп сенейік.

Асқарбек Қазанғап

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген