1986-ның жылашар түні, яғни 1985 жылдың 31 желтоқсаны болатын. КСРО Бас хатшысы Михаил Горбачев пен АҚШ Презденті Рональд Рейган бір-бірін ата жау санаған екі алып елдің халықтарын теледидар арқылы алғаш рет Жаңа жыл мерекесімен алма-кезек құттықтады. Қайта құру мен демократия аясындағы «жаңаша ойлау идеясы» әлем жұртшылығы алдында осылайша салтанат құрды.
Бірақ жүзі жайдары, сөзі әдеттегідей жарқын КСРО Бас хатшысының көңілінде бір кірбің, бір түйткілдің тұрғанын Кеңес Одағының халқы сезбегенмен, ол америкалық әріптесіне жақсы мәлім-тін. Өйткені алты айдан бері… иә, алты айдан бері Кеңес Одағының мұнайлы Атырау аумағында №37 мұнай ұңғымасынан 4467 метр тереңдіктен атқылаған мұнай тасқыны жер бетінде 300 метрлік көмірсутекті отбұрқаққа айналып, жалын шашып жатқан. Дүлей құбылыс адамның қолынан келген бар амалға бағынбады. Ең қызығы, мұндай тереңдіктен Мексика шығанағынан мұнай сорған америкалықтар техногендік тосын апаттың технологиялық тоқтату тәсілін, оның кәсіби сырын жақсы білетін. Қол ұшын беруге қазір-әзір. Алайда апатты өз күшімен жоймаққа тырысқан намысты кеңестік ғалымдар кеудеге басып, партия басшыларын сендіріп әлектенген. Онысынан ештеңе өнбей, әрі-сәрі күй кешкен жайы және бар… Оқиға әуелде Кеңес Одағының тарихында жартылай жабық, жартылай жария түрінде жазылған әрі елеусіз қалатын көп қасіреттің бірі саналған да қойған. Қауіпсіздік күштері де партия басшыларымен кеңесе-келісе отырып, әдетінен айнымай төтенше оқиғаның халық арасында жариялық алып кетпеуіне әрекет етті.
Осы жылы қазақ өз басынан үш қасіретті оқиғаны өткізді…
1. «Теңіз» кенішінде 398 күн.
От шашқан мұнай бұрқағы
1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде «Теңіз» кенішіне жолым түсті…
Ол кезде мұнайлы кеніштің иесі америкалық «Шеврон» компаниясы Атырау аумағында «Теңізшевройл» атанып, қызу іске кіріскен. Орайы келген оң іс-сапар болғандықтан, КСРО мемлекетінің озық ойлы ғалымдары мен пионерлеріне дейін Қазақстандағы бір жыл жанған жалынды сөндірудің амал-әрекетін ойластырған сол атақты нысанды көруге құмарттым. Өкінішке қарай, ол ойым орындалмады. Біріншіден, ұңғыма қауіпті нысан саналатындықтан, айналасы кісі өтпейтіндей етіп қоршалған екен. Екіншіден, «Теңізшевройлдің» балансында тіркелмеген өндірістік нысанға баруға рұқсат жоқ. Құлсары қаласының қарт тұрғыны, мұнайшы Тілек ақсақалдың шәй үстінде айтқан әңгімесін ынта-шынтаммен тыңдаумен ғана шектелдім.
– Отбұрқақпен бір жыл алысты, әй, шамалары жетпеді. Біздің КСРО да қызық қой, апат болған жерге ең алдымен әскерімен бірге танкісін айдап келді, – деген сонда ақсақал күле отырып. – Атты. Түк шықпады. Бір данышпан кеңес беріпті, төбеден ұңғының аузын дәлдеп тұрып, ыстық темір балқымасын құю керек деп. Ол ақылға сыйғанмен, жүзеге асуы мүмкін болмапты. 400 күн арпалысты… Ақыр соңында ұят та болса, америкалықтарға жүгінді ғой. Өзім көрген жоқпын, көзімен көрген әріптестерімнің айтқаны: «Ой, қасқа! Америкалықтар біздегі жанып жатқан отбұрқағын жердің арғы бетінде өз елінде отырып-ақ зерттеп, ой түйіп қойғанға ұқсайды». Келген бетте ол мырзалар нән темір қауға сұрапты. Оған күлгендер де бар. Сөйтсе, әлгі қасқалар бес мың метрлік ұңғыманың ішіне амалын тауып, отқа төзімді құбыр салады. Одан әлгі он түйе қатар тұрып су ішетін темір қауғаға кәдімгі топырақты шылап езіп сұйылтып, құбырмен төмен қарай заулатып қуалайды. Бір жылдан астам адамзатқа бой бермеген алапат от жалынын америкалықтар бір сағаттың ішінде сұйық балшықпен-ақ сөндірді де тастады, солай, балам…
Ақсақалдың беріле айтып отырған әңгімесінде шынайы шындықтың дәнегі барлығына күмәнсіз едім. Себебі ол кезде одақтық «Правда», «Известия», «Труд» және «Литературная газета» сияқты басылымдарда мемлекеттік һәм халықтық қасіретті апатты жоюдың сан түрлі қарастырылған жолдары дүркін-дүркін, шегіне жеткізіле жазылды. КСРО Ғылым академиясы мен Сібір Ғылым академиясының академиктерінің, ғылыми қызметкерлерінің. өнертапқыштардың… демократия мен жариялылықтың арқасында ғылыми тұжырымдамалары үзіліссіз басылды.
Тілек атаның байқампаздығы ғой, ауыр танкінің оқ-дәрісінен қайыр болмаған соң, ол әскер құпия түрде атом бомбасына жүгінген. Осыған ұқсас апатты КСРО 1963 жылы Өзбекстанның Ортабұлақ газ кенішінде басынан кешкен. Апат кезінде тұтанып от алған газ жалыны биіктігі 70 метрге көтеріліп, 3 жыл (1064 күн) жанған! Сол кездегі КСРО ҒА Президенті академик М.Келдыштың басқаруымен, СОКП ОК Бас хатшысы Л. Брежневтің мұқият қадағалауымен ұңғымаға қолайлы жақын жерден қазылған 1500 метр тереңдікте ядролық заряд қойылып, жер асты атом жарылысын жасайды. Теңіз кенішіндегі апатты жоюға бір жыл ішінде 3000-дай ұсыныс түссе, соның ең нақтысы жер астына ядролық заряд қойып, атом бомбасын жару еді. Онсыз да Семейдегі ядролық жарылыстан көз ашпаған Қазақ жерінде, атомдық жарылысты тыю туралы мораторий қарсаңында тағы бір рет ядролық жарылыс жасауға сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев үзілді-кесілді қарсы шығады. Оның үстіне ғалымдардың өзі де мұндай тереңдіктен атқылаған мұнай ағынының жер сілкінткен жарылыстан кейін қандай өзгеріске түсетініне дүдәмал ойда жүрген…
1985 жылдың 23 маусым күні атқылаған отбұрқақ 1986 жылдың 27 шілдесінде, 398 тәуліктен соң бұғатталды. №37 мұнай ұңғымасының басына өздерінің арнайы жабдықталған 9 автокөлігімен келген америкалық «Шеврон» мұнай компаниясы мен канадалық «Отис» лифт компаниясы апаттың ақырғы нүктесін қойды. Апат кезінде адам шығыны болды. Осы мерзім ішінде 3,4 миллион мұнай, 1,7 млрд текше метр газ (оның ішінде 516 мың текше метр көмірсутегі) жанып кетіп, айналаға 900 мың тонна күл, 850 тонна өте улы меркаптан жайылды. Биіктігі 300 метр, ені 50 метрлік от бұрқақтың зиянды ауқымы 400 шақырым радиусқа жетті. Аспанда ұшқан жүз мыңдаған құс ажал құшты, сол жылдары Атырау облысы тұрғындарының 50 пайызға жуығы апаттың зардабын басынан өткерді. Экономикалық шығын 1 млрд доллардан асқан дейді…
Меңдеш Халелұлы Салихов – Мәскеудің мұнай химия және газ өнеркәсібі институтын, Массачусетс менеджмент университетін (АҚШ) бітірген білікті инженер-мұнайшы. Кезінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ президенті қызметін атқарған жаңашыл азамат. Халықаралық мұнай саласында да бірнеше мекемелерге жетекшілік жасаған. Әйгілі №37 ұңғыма оқиғасы туралы кәнігі маман былай дейді:
– Бәрі де сол тездетіп жоспар орындайық деген кеңестік алашапқын науқанның салдарынан болған оқиға. Оның үстіне дәл сол кез «қайта құру» мен «жеделетудің» кезеңі емес пе? КСРО-ның мұнай және мұнай барлау саласында 5000 метрлік тереңдіктен мұнай алу тәжірибесі болмаған. Апатты ұңғымадан мұнаймен көмірсутегі араласып шықты. Ол дегеніңіз – кәдімгі темір құбырды былай да кеміріп жеп қояды. Мұнай ұңғымасына арнайы құбырлар қажет еді. Аяқ астынан апат бола қалған жағдайға өндіріс дайын емес, технологиялық айрықша сападағы жабдықтар жоқтың қасы болатын. Ал америкалықтар мен Канаданың «Отис» компаниясы мұндай апатты бастан кешірген, тәжірибе сынынан өткен. Сондықтан да ұңғымаға өздерінің тәжірибесі бойынша аса қиын жағдайда арнаулы превентер қондырғысын орнатып, тереңдікке арнайы құбыр салып, табиғи сұйықты батыл түрде айдап, атқылаған мұнай тасқынын тоқтатқаны ақиқат. Ол енді озық технологиялық жетістік әрі компанияның өз құпиясы.
…Баяғыдай емес, 9-10 қабатты үйдің өзіміздің құлағымызға жақын сақырлаған кеңестік лифттен басқа, зәулім қалалардағы биік ғимараттарға лифтімен көтерілген кезде «Отис» жазуы көзіме әркез оттай басылады. Атыраудағы апатты тоқтатқан осы компания ғой деймін іштей. Айтпақшы, тарих, жалпы қоғам кейінгі жылдары «Теңіздегі» сол апатты әлемдік Чернобыль апатымен теңестіріп жүр…
2. «Әкем соғыстан қайтпады, өзім тың көтерілген жылы тудым…»
Демократияшыл Горбачевке АҚШ қол ұшын созды. Теңіз ұңғымасындағы апат жойылды… Алайда 1986 жылдың 26 сәуірінде КСРО аумағында ғасыр апаты – Чернобыль атом электр стансасында ірі техногендік жарылыс болған. Ортақ Отанымыздың басына түскен қасіретті жою үшін тек Қазақстанның өзінен 31 мың, оның ішінде Алматы қаласынан әскери міндетті 17600 адам апат аймағына шақырылыпты. Соның бірі мен едім. Апатты аймақта болған 180 тәуліктің бір күні, бір түні туралы ғана хал-қадерімше қаз-қалпын баяндап көрейін…
…Рудаково, Гомель (Белоруссия). КСРО Қарулы Күштерінің Төтенше жағдайда құрылған химиялық қорғаныс әскерлерінің Бас штабы. Ленин бөлмесі. Төрдегі ұзынша үстелде сымдай тартылып отырған екі генерал мен бір полковник, бір майор Қазақстаннан залалды аймаққа небары 5-6 күн бұрын жеткен «сары ауыз» саяси жетекшілермен тәптіштеп танысуды бастап жіберді. Алдыңғы қатардан ұзын бойлы сылыңғыр лейтенант орнынан тұрды.
– Лейтенант Серікбаев, 1954 жылы дүниеге келдім. Әкем Кенжебек Серікбаев 1885 жылы Жетісу уезінде туған, 1942 жылы Сталинград шайқасында опат болды. Анам – Тәуірбала 1895 жылы туған, 1972 жылы дүниеден өтті…
Орысша тілі өте жатық, анық сөйлейтін жігіттің сөзін ұйып тыңдаған төрдегілер кенет «селк» ете қалғандай секілденді. Жан-жағындағыларды билеп-төстеп, өктем отырған генералдың мосқалы сол қолын көтерді.
– Стоп, стоп… осы жерден доғарыңыз! Лейтенант, не айтып кеттіңіз… Әлде менің құлағым дұрыс естімеді ме, жолдастар?! Әкеңіз Сталинград түбінде қайтыс болса, өзіңіз 54-ші жылы тусаңыз… анаңыз 60-тан асқан жасында, яғни зейнет жасында… кімнен бала көтерген? Логика қайда? Кешіріңіз, Алматыдан кеше ғана келдіңіз, сіздің өзі «шатырыңыз» орнында ма, лейтенант? Әлде бізді ақымақ санағыңыз келе ме?
Генералдың дауысы қатқылдау шықты.
«Шатыры кетті», яғни мөлшерден тыс радиациялық доза алған, ойлау қабілетінен айырылған әскерилерді осылай атайды деген үрейлі қауесетке осы 5-6 күннен бері біздің де құлағымыз үйрене бастаған.
– Жолдас генерал, сөзімнің қоспасы жоқ. Міне, офицерлік билетім, бәрі тайға таңба басқандай етіп осында жазулы тұр.
Оқиғаның нақтылығына көз жеткізген генерал, уәж тауып айта алмай, аз-кем мүдірді. «Қазақ әскери комиссариатындағы «маубастарды» әскери дағдымен бір сыбап алған әрі онысы үшін ешкімнен қымсынбаған генерал енді алдыңғы қатардағы судай жаңадан киген әскери киім үлгісі солпиып, «үкім-жауап» күтіп отырған лейтенантқа шарасыз көз тастады.
Генералмен қатар үстелде шетке таман жайғасқан, түр-әлпеті азиялықтарға өте-мөте ұқсайтын домалақ жүзді қараторы майор оң қолын көтеріп, генералдан сөз сұрады. Онысы мәселенің мән-жайын түсіндіріп бермек ниеті екен.
– Жолдас генерал, біздің қазақ халқында «бала асырап алу» деген ата дәстүріміз бар. Бұл жігітті сірә да, жақын туыстары майданда опат болған азаматтың атын сақтасын, ошағының отын өшірмесін деп сәби кезінде өте жақын туыс апасы, майдангердің жесірі асырап алған болуы керек. Солай ма, лейтенент Серікбаев!
«Дәл солай, жолдас майор!» деген Серікбаевтың даусы саңқ етті!
Генералдың қазақ дәстүріне қатысты уақиғаның байыбына жеткені яки нақты түсінген-түсінбегенін бір құдай біледі… Бірақ, әйтеуір, лейтенанттың «шатырының бүтін» екендігіне көзі жеткен сияқты.
– Келесі кім?!
Орнынан атып тұрып, өзін таныстыра бастаған бидай өңді қияқ мұртты аға лейтенант та генералға тосынсый жасайды деп кім ойлаған?!.
– Мен, аға лейтенант Ерғазы Асанов, бірінші батальонның бірінші ротасы командирінің саяси істер жөніндегі орынбасарымын. 1954 жылы… – Ерғазы сәл мүдіріп қалып, сөзін жалғады, – 1954 жылы көрші мемлекетте дүниеге келдім…
Генерал тағы қолын көтерді.
– Жолдас аға лейтенант, баршаға ұғынықты, түсінікті тілмен баяндаңыз. Сіз әскер қатарындасыз! Азаматтық өмірді Алматыда қалдыра тұрыңыз. Иә, көрші мемлекет… қайсысы – Өзбекстан ба, Қырғызстан ба, Тәжікстан?..
– Жолдас генерал, Қытай Халық Республикасы…
Генералдың көзі атыздай болды!
– Тфу, сайтан алғыр сіздің де әскери билетіңізде солай жазылған ба?
– Дәл солай, жолдас генерал, Қытай Халық Республикасы, Іле-қазақ аймағы, Шәуешек қаласы…
– Мұндай да бола ма? Қытай Халық Республикасы дейді!.. Қазақстанда бәрі мүмкін-ау… Майор Смағұлов, сіз енді мынаған қандай уәж айтасыз?
Манадан бері түсі жылымай отырған мосқал паң генерал, оң қолымен үстелді бір қойып қалып, қарқылдап кеп күлсін… Кеңес әскері генералының «саяси жылымық» кезінде Қазақстанға Қытайдан көшіп келген қазақтар туралы хабары жоқ боп шықты!
Ленин бөлмесі күлкіге батты. Чернобыль аумағына келіп кіргелі бері қабағы тұнжырап ашылмай, ой құшып жүрген офицер әріптестерімнің жүздері жауыннан кейінгі Алматыдай жарқырап, шайдай ашылды. Алғаш рет жарылып күлгені осы шығар! Алғаш рет…
Айтпақшы, 1986 жылы 30 қарашада жарылған 3-энергиялық блоктың төбесіне саркофаг жабылды. Кеңес Одағының басшысы Горбачевтан бастап елдің барлық ядрошы-атомшылары «үһ» еркін бір демалғандай еді. Арада 15 күн өткенде Алматыда Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті…
3. Бөкеннің арқасын «ойған» желтоқсанның резіңке таяғы
Алматы жабығып тұрған…
Күннің көзі де бір ашылмай қойды. Жаңа жылдың (1987 ж.) қарсаңында мерекелік ең бір сұрғылт құбылыстың орнағанын өз басым алғаш рет осы күндері байқадым. Редакциядағы әріптестердің де көңілдері солғын. Көп шүйіркелеспейміз. Бәрінің бойында әлдеқайдан пайда болған бір үрей елесі жүрді, әйтеуір…
Түс әлетінде бөлмеге Бөкен кіріп келді. Орта бойлы, қыр мұрын, бадырақ көз, шымыр денелі, палуан жүрісті ашық-шашық саңғырлап сөйлейтін ауыл баласы әдетінен жаңылмапты. «Қалайсың-ей, әйтеуір, мына пәледен амансың ба? Ой, бір қызық айтайын…»
Бірінші қабаттағы асханада да адам аз екен. Түстеніп алған соң бөлмеге келіп, есікті іштен ілдік. Сөзінің «біссімілләсі» әманда «о, әкеңнен…» басталатын Бөкен бұл жолы да «о, әкеңін» ұмытпады.
– Тура 16 желтоқсан күні ғой, ауылдан түс қайта шығып Ұзынағаштан автобусқа мініп, Тастақтағы АДК-да құрылыста жұмыс істейтін «корефандарыма» «Өй, Алматыда не боп жатыр?» деп келсем, орыс кемпірдің пәтерінде жан баласы жоқ. Жұрттың бәрі Жаңа алаңға жиналып жатыр дегенді құлағым шалып, дереу сонда ұштым. Кеш түсіп қалған.
Есенқұлдың сыныптасының сөзін бөлмедім. Ұйып тыңдап отырмын. «Темекі шегуге бола ма?» «Әрине, болады!» Бірге отыратын Гүлсан бастығым еңбек демалысына шыққан, «өзім би, өзім қожа»… Терезеден желтоқсанның ызғары лап қойды. Бұл бөлмедегі менің мәртебемді жақсы білетін Бөкен терезеден соққан ызғарға бетін ұзақ төсеп отырмады, темекісін құшырлана тез-тез сорып алды да, тұқылын алтыншы қабаттан сыртқа қарай саусығына қыстырған күйі шертіп жіберді. Екеуміз де күлісе ұмтылып, төмен қарасақ, абырой болғанда, айнала қырау басқан биік қарағаштың бұталарынан өзге ештеңе көзге түспеді.
– Қарақұрым жігіттер мен қыздар… Алаңның қақ ортасында «атой» сап тұрғанбыз. Бір уақытта, о, әкең… тура жон арқамнан оңбай тиген соққыдан есім ауып қала жаздады. Жалт қарасам, солдаттар… ұзынтұра, көзі тұздай біреуі, екінші мәрте ұрмаққа оңтайланып қапты. Резіңке таяғынан шап беріп ұстап үлгердім де, өзін тура иегінің астынан қонжиттым. Теректей сұлады. Ығы-жығы, мидай араластық та кеттік. Айқай-шу. Ысқырық… Солдаттар қайта-қайта лап қойып, тықсырып келеді. Арқамды осқан резіңке таяқпен оңды-солды, әй, аяусыз-ақ сермедім. Ұрғаным құлайды-и. Масқара… Азғантай топ қоршауда қалып қойыппыз. О, әкең… Сытылып шығу қайда? Қолымдағы солдаттың резіңке таяғын көрсе, өлтіреді ғой. Жігіттермен иық түйістіріп қорғанып жүріп, таяқты жемпірімнің ішіне мұздай күйі тығып үлгердім. Соққы тиген арқам да «күйіп» барады… Бұ таяқтың не сиқыры бар десеңші. Бас-көзсіз төпелеген «жауыздар» тым көп екен, тепкілеп ұрып, қойша топырлатып машинаның бортына отырғызып, Сейфуллин көшесіндегі Ленин аудандық милиция бөліміне алып келді. Абырой болғанда, есік алдында топырлап, қоршауда тұрған біздерді ішке бір-бірлеп кіргізіп, асығыс суретке түсіріп жатты. Қара көлеңке, шамның жарығы жетпейді, бетон арыққа байқатпай резіңке таяқты сусытып түсірдім де, қар араласқан жапырақпен байқатпай көміп тастадым. Құтылдым…
– Мә-ә… Ал, қамаудан қалай құтылдың ?
– Бәрімізді нөлінші қабаттағы бөлмеге тоғытты. У-шу… Азан-қазан. Аяқ-қолы сынған, көзі шыққан, басы жарылғандар, қан-жоса… Жылаған қыздар. О, әкең… қаның басыңа тебеді. Не істейсің? Орысша сөйлейтін бір әскери майор, қазақ жігіті, аяқ-қолы бүтін жігіттерге сыбырлап, «кеңес беріп» жүргенін құлағым шалды. Қазақтың аты қазақ қой! ІІБ ішкі ауласының бұрышында тікенекті сымтемірі қиылған тесік бар екен. Әскер есіктің алдын қорып жүргенде әлгі тесіктен сытылып, бірнеше жігіттің соңынан мен де шықтым «бостандыққа». Тастақтағы пәтерге қайта келдім. Ешкім жоқ. Екі күн жаттым. Арқам ауырғанын қоймады, қисайып айнаға қарасам, қып-қызыл жолақ оңдырмай ойып түсіпті… Бұл не пәле таяқ?! У қосқан ба? Үшінші күні шыдамадым, сыртқа шықтым. Троллейбуспен әлгі өзім қамалған аудандық милицияның алдынан өттім. Көшеде арлы-берлі өткен некен-саяқ адам болмаса, пенде жоқ. Жақын жердегі аялдама да бос. Бір аялдама төмен өтіп, көліктен түсіп қалдым да, жоғары қарай жаяу өрледім… Арқамды ойып түскен резіңке таяқ үшін келгенмін… Жолдың шетіндегі бетон арыққа жапырақпен жаптым деп ем ғой, шамамен қай жерде жатқанын да білем. Қысқасы, сол жер аялдаманың маңы, айналсақтап жүріп «өзімнің резіңке таяғымды» тауып алдым. Дереу қолтығыма сүңгіттім де, бірінші келген автобусқа отырдым. Екі аялдамадан түсіп қалып, автовокзалға тарттым.
Әңгіме арасында Бөкен досым: «Арқамды көресің бе, әлі ізі сайрап тұр» деді. «Ауыра ма?» «Ауырады, бірақ бұрынғыдай емес… Апам «Ой, қу шешек… деп ұрсып алды да, қойдың майын жағып қойды» деп қыр мұрынын бір тартқан батыр досым баданадай тістерін көрсетіп риясыз көңілмен күліп алды. «Жарайды, көрмей-ақ қояйын, сезіп тұрмын, тезірек жазылсын!»
– Содан ауылға келген соң сарайға кіріп алдым, қолымда қайралған өткір пышақ. Жонарқамнан таспа тілген резіңке таяқтың сиқырын білмекпін ғой. Сөйтсем, о, әкең, резіңке таяқтың ішіне сұмырайлар серіппелі қаңылтыр темірді (пружина) кесіп, бұрап салыпты. Сермеп ұрған кезде созылады екен, о, әкең… ой, арқам…
Бөкен батырды қайтып кездестірмедім.
90-шы жылдардың ортасында Есенқұл (Жақыпбеков) Жамбыл аудандық газетінің редакторы еді, ауданға бір барғанда одан «Бөкен досың қалай?» деп сұрағанмын. «Е, ол «о, әкеңін» айтып, әндетіп жүр ғой ауылда, малын бағып, көкпарын тартып» деген. Сыр ашпадым.
«1986 жыл, Желтоқсан оқиғасы…» десе менің есіме ең алдымен Бөкен мен оның резіңке таяғы туралы хикаясы есіме түседі.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы