Былтыр көктемде елімізде карантин жарияланып, аты жаман індет бүкіл жұртты әбігерге салды. Біраз жұмыс орындары тоқтады. Сол кезде көп отбасы, әсіресе, тұрмысы төмен, көпбалалы жанұялардың жағдайы мүшкілденді. Еріктілер жұмысы жанданып, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеті берілді. Әпкем сол кезде Алматыдағы еріктілер тобының нөміріне арнайы хабарласқан еді. Төрт баласы бар құрбысының көмекке зәру екенін айтып, оның мекенжайын айтқан. 3-4 күннен кейін әпкеме құрбысы хабарласып, алғысын жаудырды. Еріктілер оған әжептәуір көмектесіпті.
Жақында ол тағы бір қуанышты хабарымен бөлісті. Гауһар енді жалдамалы пәтерде емес, уақытша тегін баспанаға көшіпті. Ол да еріктілердің арқасында екен. Алматының Алатау ауданында орналасқан «Мәдениет» ықшамауданында «Береке Сити» деп аталатын қалашықта тұрмысы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақытша баспана ұсынатын жоба бар екен. Ол жоба Гауһар сынды тағдырдың сан түрлі қиындығына тап болған жандарға қолдау көрсетуді көздейді. «Береке Сити» қалашығында кімдер тұрып жатыр? Тұрмысы төмен отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Жоба қашан басталды? Мақсаты не? Осы сияқты сауалдарға жауап алу мақсатында «Береке Сити» қалашығын өз көзімізбен көріп, ондағы тыныс-тіршілікпен таныстық. Қалашық тұрғындарымен тілдестік. Мұнда әрбір отбасына уақытша баспана берілуімен қоса, психологиялық әрі моральдық көмек көрсетіледі. Мұнда тағдырдың сан түрлі сынағына ұшыраған отбасылар тұрады. Біз кездесуді ең алдымен қалашық тұрғындарымен тілдесуден бастадық.
Жақында өз үйімізге көшеміз
Көпбалалы ана Мәдина Әбдиева бұл жерге келмес бұрын Алматының «Алғабас» ықшамауданында алты баласымен пәтер жалдап тұрыпты. «Карантин кезінде жолдасым қайтыс болды, алты баламмен жалғыз қалдым. Мен үшін өмірімнің ең қиын кездері басталды. Қатты күйзеліске түсіп кеттім. Одан кейін Шамалғанда інімнің үйінде біраз тұрдым. Кішкентай үйде мен алты баламмен, інімнің төрт баласы бар, бірге тұрып жаттық», – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Амалы таусылған ана Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» ұйымынан көмек сұрайды. Ондағылар көпбалалы анаға осы жобасы жайлы айтып, анкета өткізуге үгіттейді.
«Мұндай жобаның бар екенін естігенде ертеңге деген сенім пайда болды. Алты баламмен қайда барарымды білмей, дел-сал күйде жүргенде жоба туралы естіп қатты қуандым. Құжаттарымды өткізіп, алты баламмен көшіп келуге рұқсат алдым. Қазір бізге барлық жағдай жасалып отыр. Мұнда тұрып жатқанымызға енді 3 ай болды. Әйтеуір, «өз үйім, өлең төсегім» ғой. Соған қуандым. Қайырымдылық қорының бағдарламасы арқасында. Қарасай ауданынан үй алып, жақында қоныс тойын тойлаймыз.
«Ең басты мақсатым – балаларыма сапалы білім беру, оларды баспанамен қамту. Одан бөлек, үлкен ұлыма көлік әперсем деймін. Өйткені алты баламен жүремін деп жол азабын әбден тарттым. Алты баламмен такси де алмайды. Қазір балаларым үшін өмір сүремін. Олардың білімді болып өсуіне бар күш- жігерімді аямаймын», – дейді қайсар ана.
Болашаққа деген сенім пайда болды
Көпбалалы ана Айнұр Шеткелбаева Алматыға Ұзынағаш ауылынан келіпті. Тұрмыс құрып, екі балалы болғанға дейін алып шаһарда пәтер жалдап күнелтеді. Кейін жолдасымен дәм-тұзы жараспай екеуі екі жаққа кетеді. Екі баласын ата-анасына беріп, оларды асырау үшін Айнұр Алматыда қалады.
«Он жылдай пәтерден-пәтерге көшіп жүріп өмір сүрдім. Он жылдан кейін қазіргі азаматтық некедегі күйеуіммен танысып отау құрдық. Ол да ажырасқан, екі баласы бар. Екеуміздің ортақ үш баламыз бар. Қазіргі жолдасым бірінші әйелімен заңды түрде ажыраспағандықтан, некеге тұра алмай отырмыз. Қайырымдылық қоры туралы көршімнен естіп, кейін әлеуметтік желіден көріп, анкета толтырдым. Он күннен кейін әлеуметтік қызметкер хабарласып, «Бізге көшіп келесіз бе?» дегенде қатты қуандым. Қазір балаларға қарап үйде отырмын. Жолдасым құрылыс саласында жұмыс істейді. Біз бұған дейін бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық. Өзіміздің бес баламыз бар, жолдасымның алғашқы некесінен балалары бар. Олар әкесіне анда-санда келіп тұратын. Сонша жанның аядай бір бөлмеге қамалуы қиын еді. Қазір балаларымыздың барлығын осында әкелдік. Біз қазір уақытша баспанада тұрып жатырмыз. Мұнда біздің жағдайымызды жақсартып алуға барлық мүмкіндік, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осыған дейін «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінде» шот ашқан едім. Қазір жинақты шешіп, басқа бір ипотекалық ұйымға құйдым. Бұйырса, 1-2 жыл көлемінде өз пәтерімізге қол жеткіземіз. Ең бастысы, алға қойған мақсатымызға қорықпай қадам басуымыз керек», – дейді Айнұр.
Көп баламен пәтер жалдау қиын
Гүлназ Ақбаева жобаны әлеуметтік желіден біраз бақылап жүріпті. «Үш баламен «Шаңырақта» пәтер жалдап тұрдық. Ай сайын 30 мың теңге төлейміз. Суық суы ғана ішінде демесеңіз, басқа жағдайлар жасалмаған. Пәтер иелері көпбалалы отбасыларды жолата бермейді. Жолдасым 1-топтағы мүгедек. Көшіп-қонып жүргенде байқағанымыз, пәтер иелері 3-4 балаң бар болса, келіспей, әрең береді. Онда да балаларды 4 қабырғаға қамалып, шуламауын қадағалап отыруымыз керек», – дейді ол.
Гүлназдың мамандығы – заңгер. Осы салада бірнеше жыл жұмыс істеп, кейін іс жүргізу қиындаған соң тастауға мәжбүр болған. Қазір ол бала күтімімен үйде отыр. Бірақ бос отырмай, макияж жасау мен тырнақ әрлеуді үйреніп алыпты. Қазір қалашық тұрғындарына қызметін ұсынып, біраз тұтынушы жинап үлгеріпті. Алдағы уақытта сән салонын ашқысы келеді. «Әлеуметтік желіден жобаға ұсыныс тастап, анкета толтырдым. Біздің жағдайымызды тексеруге келген әлеуметтік қызметкер көмек қолын ұсынатындарын айтты. Қазір осында тұрып жатырмыз. Уақытша баспана болғандықтан, еркінсуге уақыт жоқ. Қалайда өз пәтерімізге ақша жинауымыз керек», – дейді.
Енеме пәтерақы төлеп тұрдым
«Жолдасым мен енемнен зәбір көрдім, қазір оларды кешіре алмаймын», – деп бастады әңгімесін келесі кейіпкеріміз. Мәриям Әбдиева ерінің ұрып-соққанына шыдамай, екі баласын алып, зорлық-зомбылық құрбандарына арналған бейімдеу орталығына қарай қашады.
«Біз енеміздің үйінде тұрып жаттық. Оған пәтерақысын төлеп тұратынбыз. Карантин кезінде жұмысым болмай, пәтерақысын төлей алмай қалдым. Жанжалдың барлығы содан басталды. Жолдасым мен енем жұмыссыз қалғанымда күн көрсетпейтін болды. Содан кейін екі баламды алып қашуды ұйғардым.
Өйткені сені адам ретінде санамайтын үйде тұрудың қажеті қанша? Алматыдағы бейімдеу орталықтарының біразына хабарластым. Көбісі денемде соққы жарақаты болса ғана қабылдайтындарын айтты. «Араша» орталығы ғана менің жағдайымды түсініп, өздеріне шақырды. Осы орталықта екі айдай тұрдым. Олар маған қайырымдылық жобасы туралы айтып, құжат өткізіп, анкета толтыруымды өтінді. Осылайша қалашыққа екі баламмен көшіп келдім. Қазір жолдасыммен ажырасуға арыз тапсырдым. Барлығы заң аясында шешіледі», – деді.
Мәриямның мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алдағы күндері мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды ойлап отыр.
Бағдаш Сүлейменов, «Береке Сити» жобасының авторы:
«Біз тұрмысы төмен отбасылар туралы мағлұматты көбінесе БАҚ беттерінен көріп, сол отбасына көмекті өзіміз ұсынамыз. Осы кезге дейін бір байқағаным, жағдайының жоқтығын айтып, сұрана беретін отбасылар бар. Олар жағдайын өзгертуге әрекет те жасамайды. Бірақ көмек алғысы келеді. Біздің тәжірибеде ондай адамдар да кездесті. Бүгінде қалашықта 58 отбасы тұрады. Олардың арасында бізде жұмыс істейтін қызметкерлер де бар. Жоба басталғалы бері 50-ден астам отбасына көмек берілді. Оның ішінде 15 отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Қайырымдылық қазақ халқының қанында бар нәрсе. Асарлату дәстүрі – біздің ата-бабамыздан қалған дәстүр. Бұл – жекеменшік жоба. Көмек қолын ұсынатын меценаттар мен демеушілеріміз бар. Бірақ олар тұрақты түрде қаржыландырып отыр деп айта алмаймын. Жобаны Үкіметке де ұсынып көргенбіз. Әзірге тұшымды жауап келмеді. Мемлекет тарапынан қолдау қажет. Өйткені жобаны басқа да қалаларда дамытуға болады».
Тақырыпқа орай
Еркебұлан Ерсайынов, әлеуметтік қызмет бөлімінің бас маманы:
«Береке Сити» – бұл әлеуметтік қоғамдық жоба. Қор 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Ал «Береке Сити» жобасы 2016 жылы іске қосылды. Алғашқы қадам тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік беруден басталды. Бірте-бірте идея туындап,«Береке Сити» жобасы өмірге келді. Қазіргі таңда біз тұрмысы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетеміз. Ең бастысы, баспанамен қамтамасыз етеміз. Біз адамдардың қолына қармақ ұстатамыз. Ал балықты аулау үшін адам әрі қарай өзі әрекет етуі керек. Бізге отбасылар әр түрлі талаппен қабылданады.
Мақпал Ноғайбаева