Ұлы мұрат — тәуелсіздік

17 шiлде, 19:00

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы бойынша

Қазақтың тәуелсiздiк үшін жүргізген ұлт-азаттық күресі туралы еңбектер кеңестік империяның кезінде-ақ жазыла бастады. XVIII-XIX ғасырларда бабаларымыз ұлт-азаттық көтерілістерде қолда бар қаруымен шыққан болса, XX ғасырда аға буын ұлтты сақтау үшін қаламмен де күресті жалғастырған.
Дегенмен Абылай хан мен оның ұрпақтары – Кенесары, Сыздық төре тағдырын арқау еткен зерттеу де, көркем туынды да XX ғасырда көп болған жоқ. Бірақ рухты қазақ ұрпақтардың санасынан шығармау мақсатында және, ең бастысы, ұлттың азаттығы жолындағы күрескерлік тоқтамауы үшін уақытқа аманат еткен еңбектер жазды.
Әлихан Бөкейханов «К.Степняк» деген бүркеншік атпен жазған еңбек жазса, Халел Досмұхамедұлы Әбубәкір Диваевтың жинаған қазақ эпостарын жарыққа шығарып, «Кенесары-Наурызбай» жырын 100 ғылыми түсінікпен қамтыған. Сол түсініктерде Халел Досмұхамедұлы қырғыз бауырлар арасынан да дерек iздегендері, мүмкіндігінше зерттеу жүргізгені жазылған. Х.Досмұхамедұлы сол кездің өзінде-ақ «Тортөбел аттың ұрлануы – екі ел арасыдағы барымтаның бірі. Екі елдің арасындағы даудың себебі тереңде», – деп жазып, ”Кенесарыны жолдастарымен қырғыздардың қалай өлтіргені осы күнге дейін анықталып, жария болған жоқ. Ауызжұмдық қылып Кенесарыны қалай өлтіргенін, шынын білсе, қазақ өшігіп кетеді деген
ескі сарынмен білетін қырғыз ақсақалдары осы күнге дейін жария айтпайды-мыс.
Кенесары өлімі туралы қазақ арасынан да, орыс арасында да
алыпқашты көп әңгіме бар. Мұның бәрі ертегі.

Кенесарының атақты баласы Сыдық төре де қырғыз ішіне барып, ата –ағаларының қалай өлтірілгенін білмекші болған. Сүйектерін сұраған.
Қырғыздар Сыздық төрені сыйлап, құрметтеп жіберген.
Кенесарының ер-тоқымын тапқызып, сыйлыққа берген, бірақ Кенесарының
қалай өлтірілгенін айтпаған. “Сүйек беру” туралы бірауыз жауап
қайтармаған», – деп жазған.
Тарихшы Е.Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстан» монографиясы, Мұхтар Әуезовтiң «Хан Кене» пьесасы, одан бергі уақытта Iлияс Есенберлиннің «Көшпенділерi» – мұның бәрі намысты, рухты қазақ азаматтарының кеңестік империяның қанқұйлы әрекеттерін көре отырып, болашақ үшін жазған еңбектері.

Абылай хан мен Кенесарының, Сыздық төренің ұлт-азаттығын, Қазақ елiнiң Тәуелсіздігін сақтау жолындағы еңбегі, ерлігі елім деген көрнекті тұлғалардың ойынан шықпаған, ұлы мақсат ортақ.
Бірақ ол кездегі саясаттың тегеурініне байланысты деректі құжаттарды жинау және жариялау мүмкіндігі шектеулi болғаны түсiнiктi. Әдiлбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзiндегi серт» трилогиясы сол кезеңде ашық айтуға болмаған, бiрақ жарыққа шығуы тиіс тарихи оқиғаларға арналған.
Бұл трилогия туыстас, оның үстіне іргелес отырған екi халықтың болашағы үшін қажет. Екi елдің адамдарын өзге елдiң айдап салушылық саясатына жем болмауды ойлататын шығарма.
Қазақ үшін серт сөз магиясы ретінде қасиеттi, ал күнмен шағылысатын семсер, оның қайраулы жүзі де оңай емес. Сондықтан Әдiлбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзiндегi серт» трилогиясы тақырыбының өзiмен-ақ үлкен дүниені танытады. Бipiншi кiтап – «Арланның азуы» деп аталған. Оның бұлай аталуы бекер емес. Арланды, яғни бөрінi тотем санаған туыс, бауырлас қазақ пен қырғыз халқы ел тағдырына әсер еткен терic күштердің ықпалына түсiп қалып, орны толмас өкініштерге жол берілгенін баяндайды.
Қазақтың империяға қарсы көтерілiстерiнiң тарихынан хабардар оқырмандар арасында әдебиетшiлер мен тарихшылар да бар, олар үшін кейбір оқиғалар таныс болса да, XXI ғасыр жазушысының айтары, жаңалығы мол екенi анық байқалады. Жазушы суреттеп отырған жағдайларды желп етпе көңілмен емес, байыппен жеткізе білген.
Бірінші кітапта қазақ пен қырғыз әдебиетінде белгілi Сүйінбай мен Қатағанның айтысын лейтмотив ретінде ала отырып, Тезек төренің ойға батуымен бүкіл тарих еске түседі. Екі елдің арасындағы жағдайдың суреттелуі бүгінде ешкімнің де көңіліне көлеңке түсірмейді.
Абылай ханның: «Мен қырғыз деп аттанбаймын, Сәдip деп аттанамын», – деуi туыс халықтардың арасына жарықшақ салмайды.
Абылай ханның сөзін қоштаған Бұқар абыз: – Қырғыз деген де кең етек, аңқылдақ ел ғой. Ел болған соң, тентегі де бар, телici де бар. Пейiлi бұзылып отырған – би мен манабы. Халықтың қожасы айтқан соң, соғыспасқа амалы шамалы. «Сәдip деп аттанамын» дегенiң, Абылай, көкейге қонады», – дейді. Шығарманың өн бойынан бақталастық, iштарлық пенделік әрекеттерге қай елдің оқырманы болса да, өз бағасын бере алады.
Трилогияның екiншi кiтабы «Серт» деп аталады. «Даланың кеңдігі – жау көзінiң құрты» – бұл – Мәметәлiнiң сөзі. «Даламның кеңдігі – ата-бабаның ерлігі. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған атамекен бiздiң бойымызға құдipеттi
күш бітіреді» – бұл – Саржанның сөзі. Екі кейіпкердің сөзі кім қандай көзбен қарайтынын білдіріп, ойландырып тастайды.
Әлем тарихындағы соғыстар жер үшін болған. Оның үстіне іргелес отырған елдердің арасында барымта, басқа да қақтығыстырдың болмай тұрмайтыны белгілі. Ол туралы бүгін жасырғанмен, фольклорлық сана бар, аңыздар арқылы, бәрібір, айтылады. Мәселен, башқұрт фольклорында қазақпен арадағы барымта, басқа да қақтығыс болып тұрғанын баяндайтын аңыз сақталған. Сол сияқты қазақ пен қырғыз халықтарының арасында да өткен ғасырда орын алған жағдайлар айтылады. Аңыздар тарихи құжат есебінде қауқарлы емес, мұнда тек болған оқиғалардың елесі ғана сақталады, ал қалған сөздер тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын айтушының да қиялына байланысты өріле беретін болады. Сондықтан халық арасындағы аңыздардың ақ-қарасын ажырату зерделі еңбекті қажет етеді. «Семсер жүзіндегі серт» осы қажеттілікті толтырады. Себебі жазушының бұл тақырыпты зерттегені айқын сезіледі. Болашақта осы бағыттағы ғылыми зерттеулермен де жалғасын табатыны сөзсіз.
Осы «Серт» кiтабында Кенесарының айбындылығы, сонымен бірге барынша адал ойы, мықты стратег бейнесі сомдалған.
Қасым төре Кенесарыға Абылай ханнан қалған алмас қылышты батасын айтып, жұрттың алдында тапсыруының өзі үлкен міндет, парыз жүктейді. Сол міндетті адалынан атқару тек шын мықтының ғана қолынан келеді. Тек бұл ғана емес, семсермен серттесу трилогияның басқа да сәттерінде ұшырасады. Бұл да өзіндік деталь ретінде әсер береді.
Ал стратег екеніне дәлел – Кенесары сұлтанды әскери тактикасына орай патша шенеуніктері оңайлықпен қолға түсіре алмай, «Қара құйын» атаған. Ақыры, өздері қолға түсіре алмаған соң, бауырлас халықтарды бір-біріне қарсы қойған зымиян саясат әшкере болады. Қазақ та, қырғыз да енді осыны түсіну керек, тамыры бір халықтардың арасына сырттан килігетін саясаттың ойынына айналмауды ойлауға шақырады.
Патшалық империяның достығын жақсылыққа жорудың да мәні жоқ. Расымен де, «Дос болу үшін неге Тәуелсіздігiмiзден айырылуымыз керек?» деген Әбiлғазы мен Бектасұлы Таймастың Кенесары алдындағы сұхбатында айтылған сөз де ойландыратын болады.
Трилогияның баяндауында, патшалық империяның бекеттер сала бастауы Абылайдың ойына сезік кіргізумен басталып, Кенесары хан мен Сыздық төренің де көкейлеріндегі үлкен қауіп шындыққа айналып, ақыры, бүкіл қазақ жері шырмалды, елді Тәуелсіздіктен айырды. Шұрайлы жерден айырылған қазақтың зарын тыңдайтын патша шенеунігі болмады. Ал қазақтың тәуелсіздігін ойлаған Кенесары «Қара құйын» болса, Сыздық Тұранның тарланына лайықты күресіп өтті.
«Рух» деп аталған үшінші кiтап, негізінен, Сыздық төренің күрескерлік тарихын баяндауға арналған. Бұл кітапта Ташкент шаhaры үшін күрес кең суреттелген. Мұндағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы да, басқыншылардан қорғануға бipлескен ic-қимылы да, тәуелсіздікті қорғау мақсатында жалаң қол немесе найза, садақ қана емес, ендігі жерде зеңбірек жасауды да үйренген жасақ қалыптасқанын көрсетеді.
Батырбек датқаның Шоқан Уәлихановқа ақыл айтуы – жазушының көркем ойынан туған сияқты ой қалдырады. Әрине, қазақтың тұңғыш ғалымының Батырбек датқамен өмір жолында кездесуі мүмкін. Ал халыққа тізе батырып, ұлттың болашағына кедергі болып отырған саясат туралы айтып, ақылға келтірді дегенді білдіретін ойды жазушы шығарманың идеясы үшін қосуы мүмкін.
Сол сияқты екінші кітапта Кенесарыға байланысты Махамбет айтты деген сөз де көркемдік тәсіл болса керек. Мұны ақтайтын да жолы бар, себебі Кенесары хан ұлы мұрат жолында өзіне көмек, қолдау көрсетпеген руларға күш қолданған, трилогияда бұл жағы да ескеріліп, халықтың кей кезде қолдамауының бір сырын танытады. Демек трилогия Абылай ханнан бастап соғыстар тізбегін баяндаумен шектелмейді, арасында көркемдік құралдарды да ретіне қарай қосып, ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен хандар мен төрелердің ерен тұлғасын танытады. Тіпті, қаршығадай болған Сыздық төренің Алматы мен Ташкентті қорғаудағы батырлығы, қайраткерлігі нанымды, оқырманды сендіреді.
Тұранның тарланы атанған ол әкесі Кенесарының жерленген орнына барып, қалған заттарын далада қалдырмай жинап алуды ойлауы – перзенттік парызын орындауы. Хан ауылы атанған отанына келiп, анасымен, бауырларымен табысуы әсерлi. Сыздық төренің келгендегі басты шаруасын бiлгенде, қасына Сарыбай, Жамбыл ерiп, салмақты топ қырғыздарға баруы суреттеледі. Осы келуінде: «Мен сiздермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдім. Қырғыз жұрты, сен де туысқанымсың. «Жан ашуы үстінде әкемді өлтipдiңiздер» деп, кiнә қояр жайым жоқ. Құн сұрағалы да келген жоқпын. Әкемнің өлiмiнен кейін қазақпен араларың қатты суып кетті. …Мен екi елді татуластырып, араларыңызда ауызбіршілік орнатуға келдім…», – деген сөздерi және қырғыздың ақсақалдары Кенесарының соңғы сәтiн, айтқан сөздерін естiген Түнқат ақсақал мен Наурызбай батыр бұғатта отырған үйді күзеткен Сырғақ ақсақалдың естеліктерi оқырманды бей-жай қалдырмайды. Наурызбайды өлiмге қимаған Тiлеуғабылдың әрекеті жанды толқытады.
Кенесары хан қолға түскенде, ағамнан жаным артық емес деп, қырғыздардың қолына түскен Наурызбай Тiлеуғабылдың ұсынысын да қабылдамайды, жеке басын аман сақтап қалуды ар санайды. «Кенесары-Наурызбай қолға түсiптi де, Кенесары өлiп, Наурызбай қашып келіпті» деген сөз маған өлiмнен жаман атақ. Тipi қалып, ондай абыроймен үйге барғаннан да өлгенiм артық…», – деген сөздерін жұрт алдында айтады.
Алатаудың Берiктас жотасынан құлдилаған Кекiлiк-Сеңгip саласындағы он бip жылғаға тебipeне қарап, әкесі мен бауырына «Жандарың жаннатта болсын» айтып, түн баласы аруақтарды ойлап: «Әке, … қазақ көшін қайта дербес керуен етсем деймін. Жоғалтқан тәуелсiздiктi, аңсаған азаттықты қайта елiмнiң қолына ұстатқым келеді. …Сен менің бақидағы аруағым болсаң, мен сенің пәнидегі рухыңмын…» деп толғанады.
Осы түнде Сыздық төре түс көреді, көкесінiң қолында Абылай атасының ақ туы, «Жер, су – елдiкi, атамекен жерден айырылу – елдiктен айырылу» – бұл да ұлт тәуелсіздігін ойлаған тұлғалардың арман-мақсаттарына қызмет ететін көркемдік тәсіл.
Хан тұқымы Есенкелдінiң қызы Халипа Мәделі қожамен тұрмыс құрмас бұрын қойған шарты – Кенесары мен Наурызбай аталарының сүйектерін тауып, елге әкелу орындалған деп баяндалады. Жазушының дерегі бойынша, Қарабастаудағы Мәлім молаға жерлеген. Халипа сүйектердегi қылыштың iздерiне қарап, Кенесары, Наурызбай, Құдайменде, Ержан денелерiн таныған. Бәрінiң де басы жоқ.
Сыздық төре Шығыс Түркістанды азат етуге барып, ақырында, жүрген жерінде табансыздық пен сатқындық көргенiн ойлап, Алтыншәрi орталығы Қашғарды қайта тұрғызғанымен, қазаққа пайдасы болмаса, не керек деген оймен елге оралуға бел буады.
Трилогияның екінші кітабында патша шенеунігінің «Орта Азия жұртының арасында Кенесары хандай табандап күрес жүргізетін қазip ешкім жоқ » деуі, бip жағынан, Кенесарының батырлығын мойындауды танытады. Екiншiден, ұлт азаттығы үшін күрестiң Кенесары ұрпақтары жалғастыратыны, қазақ халқының рухтылығын ескермеген келте ойын да айғақтайды.
«Семсер жүзiндегi серт» трилогиясы жанрлық тұрғыдан тарихи роман, сондықтан жазушының көркем тiлi оқиға суреттелетін кезеңдегі сөздерді қолданумен ерекшеленеді.
Шығармада ирония да бар, Тайшық сұлтанмен диалог құрғанда, көпес: «Аққылшықтар өте қиын, Үндістанды отар елiне айналдырды, Пәкістанды пәтуаға бұрды. Енді Ауғанстанға құлқы құлап отыр. Оларға ерiк берсе, Түркicтанға да тарпа бас сап ұмтылмақ. Содан кейін ғой, орыстар дала адамдарын қауіптен қорғап, ара түсуге келе жатыр», – дейді. Сонда Тайшықтың: «Ойпырмай, отардағы қойды сырттағы қасқырдан бұрын бақташы көбірек жейтінін ел бiлмейдi дейсің бе?» – деуі «Жау алыстан келмейдінi» еске салады.
Көркем туынды фольклорлық жанрларды да қамтыған, себебі Абылай дәуірінен бастап Сыздық төренің ұлт-азаттық көтерілістерi кезінде туған жермен қоштасу да, батырлар шейіт болғанда, оларды жоқтау да болғаны, яғни орта ғасырдағы дәстүрлі қоғамның ерекшеліктері ескерілген.
Кеңестік дәуipде орын алған жағдайларға байланысты қазақ халқы шындыққа сусаған. Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылда бipaз шындық ашылғанымен, әлi де көзден таса құжаттар, айтылмаған сырлар бар. «Семсер жүзiндегi серт» трилогиясы сондай бip қажеттіліктiң орнын толтыруды мақсат еткен. Шығарманы оқып отырғанда, деректің тым көптiгi және соншалықты орнықты жеткiзiлуi де назар аудартады. Көзі қарақты оқырман, оның iшiнде әдебиетшілер мен тарихшыларға таныс кей жағдайлар, әрине, бұл шығармада да қамтылады. Онсыз болмайды, себебі осы кезге дейін де негізгi оқиғалар анықталған, айтылған.
Бірақ «Семсер жүзiндегi серт» оларды қайталап ұсынбайды, негізгі бағыт-бағдары бар дүние екенін танытады. Әсipece, қырғыз халқының арасында сақталған аңыздардың қолданысы назар аудартады. Оның бip мысалы – Кенесары мен Наурызбайды қалай азаптап өлтіргенi, Кеңесарының бас сүйегін қазанға салып қайнатуды сұрап алған әйелдің жынданып кетуi аңыз ретінде сақталғаны түсініктi. Жазушы екi елдің тарихына қатысты ақпаратты орнымен, ретімен пайдалана бiлген.
Кенесары өлер алдында Нысанбай мен Байзақты тұтқыннан босатуды сұрайды. Хан жеке басына сауға сұраған жоқ. Ұлт мұратын ойлаған қайсар жандардың ерлігін тек соғыста болған Нысанбай мен Байзақ қана емес, бүкіл елге белгілі болды. Әлі күнге дейін ел аузында. Жұрттың санасында.
Мансапқұмарлық, атаққұмарлық, жағымпаздық – осының бәрi Кенесары хан мен Сыздық сұлтанның ұлы мақсатқа жетулерiне кедергі болған. Бұл нәубет төрелердің арасында ғана емес, қай-қай әлеуметтік ортадан да табылатын. Тек қазақтар арасында ғана емес, басқа да жұртта кездесетін зиян.
Трилогияны ұсынуда жазушы Әділбек Ыбырайымұлы оқиғаларды баяндай отырып, ұлт мұраты жолында кедергі болған осы жағымсыз қылықтарды да жеткізеді. Оқырманды ойландырады.
Солайша ұлт мүддесін ойлайтын сапалы ұрпақтар буыны Қазақ елінің Тәуелсіздігін сақтайтын, қадірлейтін болуы керек. Ал ғылым ұлт-азаттық күрестің осы кезге дейін көзден таса тұстарын жаңа зерттеулермен жалғастыратын болады.
XX ғасырдың алғашқы ширегінде Халел Досмұхамедұлы: «Кенесары-Наурызбайдың қолға түскеннен кейін басынан кешкен уақиғалар бірте-бірте соңғы кезде анықтала бастады… Заманымызда руға бөлшектеніп, ру өштігі, «құн жоқтаумен» тіршілік етілмейтінін жалғыз оқығандар ғана білмей, шалдар да шамалап түсініп қалғанға ұсайды». –деген. Бұл – өткен ғасырдың сөзі. Ал XXI ғасырда екі ұлттың да саяси сана деңгейі өскен, империялық пиғылдың зардабы аз болмағанын ұғатын жаңа деңгейде.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жолында жандарын пида еткен көрнекті тұлғалар – Абылай, Кенесары хандар мен Сыздық төренің ерліктері, өмір жолдарын жаңа деректермен танытатын көркем шығарма ұсынған Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.

Риза Әлмұхан,
филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық өнер университеті,
Астана

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген