Ұлттық сапа

11 тамыз 2023, 12:29

Ата-бабамыз ұлттың мықтылығын, қазіргі тілмен айтқанда, сапасын лайықты суреттеп, мақтана білген. Өлеңге де, әнге де қосқан. Ол заманда да қоғам кемшіліксіз болмаған шығар-ау, бірақ кімнің кім екенін көрсетіп, болашаққа қажетті бірлікті ақысыз-пұлсыз насихаттай білді. Аты тарихта қалған жыраулар мен ақындарымыздың әруағы разы болсын! Мысалы, сүйінбай бабамыздың қырғыз қатағанмен айтысының өзі неге тұрады? Ұрпақтан ұрпаққа мирас болған сөздерінде қаншама рух, алапат күш-қуат пен сұрапыл ерік-жігер жатыр.

Үлгі тұтқандар әлі ешкімге есе жібермей келе жатқаны да аян. Әрине, ол үшін өткенді ғана білу аз, бүгінгіні де електен өткізіп, келер күнге үміт арту қажет. Айтар сөз, атқарылар іс сапалы, есте қалатындай болғаны мақұл. Ең бастысы – екеуінің арасы алшақ болмауға тиіс. Мінез-құлқымыз, тәртібіміз, дәстүріміз ғана емес, мың құбылып тұрған әлемдік бәсекеде табар табысымыз, қол жеткізер жетістігіміз ұлттық намысқа байлануы шарт. Сонда ғана ұлттық тарихи сана-сезім жаңғырады. Ал сапа бәйгесінде ұсақ-түйек болмайды. Жүректен шыққан ниеттен, айтылған сөзден және өндірген өнімнен, ұсынған қызметтен – бәрі-бәрінен тәрбие, білім, біліктілік сапасы көрініп тұрады.

Тұтас алғанда, адал азаматтар, олар ұстанған құндылықтар ғана емес, еліміздің әлемдік қауымдастықтағы мәртебесі, орны, Қазақстан атауы сынға, безбенге түседі. Осыны ешқашанда естен шығаруға болмайды. Мәселен, қарапайым тұрмыста, тіршілікте күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін алайық. Қостанай атымен – нан, Алтай атымен – бал, Атырау атымен – балық, Алматы атымен – апорт (алма), Мырзашөл атымен – қауын, Шу, Қаражантақ атымен – қарбыз, Қызылорда атымен – күріш, Шымкент атымен – кәуап пен палау, Ақтөбе атымен – ақ тары, Жаңаарқа, Диханкөл атымен қымыз өтеді. Бұл тізімді үздіксіз жалғастыра беруге болады. Өйткені, елімізде өндірілетін өнім сапасына халық – сыншы, яғни әрбір тұтынушы – төреші. Оның сыртында қаншама адамдардың еңбегі, жұмыс жүйесі, технологиясы, жаңашылдығы, табысы, құқығы тұр.

Сондықтан, қисынды сұрау салуды, тізім толықтыруды тиісті мамандарға, талапкерлер мен жарнамаға жаны жақындарға қалдыра тұрайық. Біздің айтпағымыз басқа. Ол – ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруға септесу, зерделі, зиялы кадрларға жол ашу, олардың білімі мен білігіне маңыз беру ісі. Өйткені азаматтарымыз, қандастарымыз қай елде, қандай жерде, қандай деңгейде қызмет етсе де халқымыздың атына, ары мен абыройына, еліміздің атына, өресіне, беделіне сын болмақ. Басты рәмізіміз – гимн авторларының бірі, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов: Бөз өтеді деседі маталардың атымен, Сөз өтеді деседі аталардың атымен. Таудың атын қойып ап титтей төбе-үрпекке, Түйе қылып түймесін өткізіп жүр жұрт ептеп… деп, осыны меңзесе керек. Әрине, бұл – ақын жүрегінің байқағыштығы, әділдігі әрі көрегендігі.

Өйткені «ептеп жүргендер», яки әлдекімнің арқасында билікке қол жеткізгендер қазір де баршылық. Әділетті қоғам құруға бел буған кезеңде мұндай қадамға жол беруге мүлдем болмайды. Тіпті қызметтік әдеп бойынша қатаң тыйым салу керек. Адамгершілік құндылығы жайындағы әйгілі «Құтты білік» шығармасының авторы, ойшыл Жүсіп Баласағұн: «Мемлекеттен бастап, кез келген мекемені ізгі адам басқаруы керек» деп өсиет те қалдырған екен. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды.

Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады», – деді. Сондықтан мемлекеттік кез келген құрылымда, мекемеде, ұйымда арлы адамды іріктеудің өзіндік жауапкершілігін белгілеген жөн деп санаймыз. Бұл соңғы кезде жаппай белең алған дерт – кадр тұрақсыздығына тосқауыл қояры сөзсіз. Жастардың үмітін оятуға түрткі болады. Сондай-ақ оларды уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтуды әкімдіктерге, ірі өндірістік орындарына, түрлі секторлардағы мекемелерге есептік көрсеткіш ретінде енгізу өз нәтижесін берері анық. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында біз ұлыс ұстыны ретінде адал еңбекті ұсынар едік. Ешкімді бейжай қалдырмайтын адал еңбек адал азаматтардың мәртебесін көтереді, өндірген өніммен ғана емес, туған елімен мақтанатын дәрежеге жеткізеді.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

Jas Qazaq газеті, 11.08.2023

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?