Биылғы Ұлттық құрылтайдың IV отырысы көрікті Көкше өңірінде, Бурабай төрінде өтті. Елдік мәселенің түйіні тарқатылып, ұлтты ұйыстыратын келелі идеялар тоғысына айналған алқалы басқосудың маңызы жоғары. Екі күнге ұласқан алқалы жиында құрылтай мүшелері 4 секция бойынша жұмыстарды саралады.
Елдің даму бағыт-бағдары айқындалып, баға берілген алқалы басқосудан түйген ойы туралы Ұлттық құрылтай мүшесі, Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» қорық-музейінің директоры Бибігүл Дандығараевадан сұрап білдік.
– Өзіңіз жетекшілік ететін «Таңбалы» қорық-музейінде Ұлттық құрылтайда айтылған елдік мәселелер аясында қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ІV Ұлттық құрылтай отырысында өңірлердегі бірегей ескерткіштерді ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін номинацияларын дайындау бойынша мәселені күн тәртібіне қойған болатын.
«Таңбалы» музей – қорығы еліміздегі және Орталық Азия аумағындағы жалғыз мамандандырылған мекеме ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы – жартас өнерінің көрнекті ескерткішін сақтауды қамтамасыз етеді. Президент тапсырмасына орай, 2024ж. мамыр айында біз әлемдік мұраның әлеуетті нысандарында зерттеу тәжірибесі бар және ЮНЕСКО тізіміне өңірлердегі бірегей ескерткіштерді енгізу үшін номинацияларды әзірлейтін жетекші жартас өнерінің мамандары қатыстысумен ғылыми әдістемелік семинар ұйымдастырып өткіздік. Осы маңызды іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – «Таңбалы» археологиялық ландшафтының, петроглифтерінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі номинациясын кеңейту болып отыр. Осы мақсатта Таңбалы маңындағы Алмалы мен Қоғалы шатқалдарына кешенді зерттеу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Таңбалы» музей-қорығының ғылыми тарихи-археологиялық экспедициясы құрылып, қазба жұмыстарын жүргіздік. Қазба жұмыстары барысында Жетісу жерін мекендеген Батыс түркілердің мәдениетіне жататын Қазақстанда өте сирек кездесетін тиын түрі табылды және алғаш рет отандық ғылыми айналымға енгізілді.
Биылғы жылы да осы аймақта қазба жұмысын жүргізіп зерттеуді жалғастырып келеміз. Сондай-ақ Президенттің тарихи-мәдени мұраларға қатысты тағы бір тапсырмасы – тарихи-мәдени мұралар санатына кіретін нысандарды реставрация жасау (қалпына келтіру). Осы мақсатта «Таңбалы» музей-қорығы Орталық Азиядағы жартас өнерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша бастапқы ғылыми қалпына келтіру зертханасын ашты. Қазіргі уақытта Орталық Азияның жартас суреттері бар объектілері бізге тәжірибе алмасуға ұсыныс білдіріп жатыр. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын.
– Биылғы Ұлттық Құрылтайда да бірнеше бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті. Рухани-мәдени саланы қамтыған талқылауда қандай мәселелер көтерілді?
– Осы жолы секциялық отырыс барысында Құрылтай мүшелері аса жоғары белсенділік танытты. Ойларын еркін бөлісіп, пікірлерін ашық ортаға салды. Қазіргі кезеңде мәдениет – қоғамның ар-ұждан идеалы мен кісілікке негізделген құндылық бағыт-бағдарын ғана емес, ежелден жалғасып келе жатқан этникалық дәстүрдің озық үлгілерін сақтаудың және өркендетудің айрықша күшіне айналып отыр. Әңгіме Ұлттық мәдениетті этностың, қоғамның және тұлғаның өмірлік энергиясын жұмылдыратын әрі жүзеге асыратын бірден-бір механизм ретінде сан салалы функция атқаратын қуатты күйге жеткізуде. Осы орайда, мәдениет, өнер, руханият секциясы барысында отбасы құндылықтарын нығайту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, баспа ісін жүйелеу туралы және кәсіби сала мамандарын даярлау бағытында ұсыныстар айтылды.
Құрылтай барысында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі қазақтар үшін маңызды деп айта аламын. Ежелден бері бабаларымыз ел тағдырына қатысты алқалы мәселелерді осындай жиындарда талқылаған, халықтың көкейінде жүрген тың мәселелер қозғалған. Қазіргі уақытта басты мақсатымыз халықтың ұлттық тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сананы жаңғырту және өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сананы дұрыс қалыптастыру.
Кез-келген ұлттың өзіне тән болмысы болатыны бәрімізге аян. Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Себебі, Президентіміз айтқандай ұлттық код дегеніміз осы. Әлемнің дамыған мемлекеттерімен тереземіз тең болу үшін де дәл осы өзімізге тән кодымызды сақтай отырып, жаңашылдықты бойымызға сіңіруге тиіспіз. Міне Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы осыда – ұлттық рухты дамыту.
– Келесі жылы Қызылордада өтетін Ұлттық Құрылтайдың даму процесі туралы айтсаңыз. Келесі істерді кеңесіп бастайтын ата-бабаларымыздың дәстүрі нығайып келеді деп айта аламыз ба?
– Иә, өте орынды сұрақ, келесі жылы Қызылордада өтетін Ұлттық Құрылтай еліміз үшін ерекше маңызды болары қақ. Себебі онда елдің келешегіне қатысты нақты қадамдарды бірлесе айқындайтын алаң ғой. Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі — Наурыз мейрамын он күн бойы тойлау. Әз Наурыз мейрамымызды он күн бойы атап өту ұлттық бірегейлігімізді нығайта түскен жоқ па? Бұл тек мереке ғана емес, ел бірлігін, тарихи жадымызды, салт-дәстүрімізді нығайтатын маңызды қадам. Құрылтай отырыстарында ең жиі көтерілетін мәселенің бірі — ұрпақ тәрбиесі. Білімді ұрпақ – Ұлт болашағы. Ұлттық салт дәстүрін, тілін құрмет тұтатын, білімді, жауапкершілігі жоғары азаматтар тәрбиелеу – Құрылтай отырысының ең өзекті мәселелеренің бірі.
Мысалы, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспар, Вейп пен электронды темекінің алдын алу жөніндегі жол картасы, Жастардың лудомания мен ойынқұмарлыққа тәуелділігінің алдын алу шаралары қолға алынды.
Бұл – ұрпақ тәрбиесіне арналған үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Құрылтай – осындай нақты шешімдер қабылданатын ұлттық алаң ретінде өз рөлін айқын көрсетіп отыр.
– Алда жаз мезгілі, сіздердің орталыққа саяхаттаушылардың қатары артатыны сөзсіз. Қонақтарға ұсынар қандай жаңалықтар болмақ? Туристерге ұсыныстар, қандай жаңалықтар болмақ?
Қазақстандағы мәдени туризмнің халықаралық орталығына айналу үшін туристерді ынтықтыратын мәдени — тарихи туризммен қатар этнотуризмді дамыту қажет деп ойлаймын. Көбінесе бізге келген қонақтарды тұрмыс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз қызықтыратыны рас.
Олар өздерінде жоқты өзгеден көргісі келеді. Осы мақсатта, далада көне заманның көзіндей сақталған ескерткіштерді тамашалауға келген қонақтарға қазақы ауылдың дәстүрін, тұрмысын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұл туристердің толассыз келуіне оңтайлы шешім болар еді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Таңбалы» музей қорығы туристерге тарихи жағдайға сүңгуге мүмкіндік беретін тақырыптық кештер ұйымдастырып отыр. Алғашқы кеш, Француз археологтары және Сорбонна – Қазақстан институтының қатысуымен «Идеялар түні» археологтар кездесуі өтті.
Осы жылдың басты ерекшелігі туризмді күшейту және ескерткіштерімізді дәріптеу мақсатында Ұлттық құрылтай жанынан құрылған «izgilyk elshysy» Ұлттық волонтерлік қозғалысының «Таңбалы» музей-қорығында Волонтерлық орталығы ашылды. Орталық музей-қорықта туристік қызметтерді ұйымдастыру және жүйелі түрде Таңбалы кешеніндегі тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесіп, қолдау көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек