Біздің басылым ауылдағы мал өсіріп отырған шаруаға берілетін субсидия туралы талай жазды. Әсіресе, қорасында қойы, өрісінде сиыры бола тұра, мемлекеттен берілетін көмек ақшаға бірде-бір рет қолы жетпеген шаруаның жанайқайы туралы көп айтылды. Әкімдікте таныс-тамыры бар кейбір пысықтардың қорасында тышқақ лағы болмаса да, жоқ малына ақша алып жүргенін де жеткіздік. Бүгінгі әңгіме де сол сарындас.
Ақтөбе облысының әкімдігі шаруаларға субсидияны дұрыс бөлмей, бастары дауға қалыпты. Олар мал азығына бөлінген 3 жарым миллиард теңгенің ұшық-ұшығын шығарған көрінеді. Өйткені әңгімеміздің басында айтқандай, «ебін тауып, екі асағысы» келген кейбір шаруа субсидияны молынан қарпып қалу үшін қорасындағы мал басын көбейтіп көрсетіпті.
Ал шенеуніктер берілген ақпаратты тексермей, өтініш жазғандарға бюджет қаржысын ұстата бергенін кеш түсініп отыр. Сондықтан субсидия беру кілт тоқтап, тексеру басталды. Жемшөптің ақшасын алып үлгермегендер әкімдікке баса-көктеп кіріп, шу шығарды.
Айтпақшы, Ақтөбе облысы еліміз бойынша малдың жемшөбіне субсидия бөлген жалғыз өңір екен. Биыл облыстық бюджеттен 3 млрд 400 млн теңге бөлінген. Мол қаржыдан өңірдегі 6 мың шаруа қожалығының тек сегіз жүздейі ғана несібесін алыпты. Ал наразы топ – сол ақшаға қолы жетпей қалғандар. Субсидия ала алмағандардың айтуынша, мұндай батпан құйрықты әкімдіктің назарында жүретін ірі шаруа қожалықтары ғана қанжығасына байлаған көрінеді.
Ерлан Жанбосынов есімді жергілікті шаруа: «Біреу субсидия алғанға дейін, яғни он-он бес күн бұрын 200 сиыр болса, соны екі есе көбейтіп көрсеткен. Кім үлгерді, сол алды, үлгермегендер қалды. Енді ақша жетпей жатыр. «Қазір 600 млн теңге ғана қалды» дейді. Ал біздің фермерлердің есептеуі бойынша әлі 2-3 млрд теңгеге жуық ақша керек», – дейді.
Шенеуніктер ірі шаруа қожалықтарынан түскен тапсырысты тексермей ақша аударғанын мойындап отыр. Жалған ақпарат бергендерді кеш анықтапты. Қазір сол 1 млрд 800 млн теңгені бөліп алған шаруа қожалықтары қайта тексерілмек. КТК телеарнасына берген сұхбатында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Амангелді Бердалин: «Есепте жоқ малды ақша алу үшін тіркеген де, ақша алған. Артық алғандарды прокуратураға береміз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан биылға бөлінген ақшаны 2021 жылға дейін қалдырады деген әңгіме жоқ. 3,4 миллиард ақшаны игереміз», – деп өздерінің бұл шаруада жіберген кемшілігін жасырмады.
Әкімдіктегілер «субсидиядан дәмелі қожалықтарға қаржы осы айдың жиырмасына дейін беріледі» деген уәде айтыпты. Бірақ тиісті мөлшерде емес. Қазынада қалған қаражат шу шығарған шаруаларға теңдей үлестіріледі. Ал «Ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде» кеткен артық ақшаны қайтару құзырлы орган мен уақыттың еншісінде.
Жарас ШӨКЕ