Әл-Фараби кітапханасында «Конститутция күніне» орай «Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында жаңа саяси реформалардың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Қайрат Анарбаев және ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Еліміздің Ата Заңының қабылданғанына биыл 27 жыл толды. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр. Азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктері күшейе түсті.
Қоғам қайраткері Ш.Мырзахметов Конституциялық реформалардың бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Жер туралы өзгеріс, конституциялық соттың құрылуы халық көңілінен шыққанын жеткізді.
Қоғамдық кеңес төрағасы халықтың құқықтық сауатын арттыруда ақпараттық-насихаттық жұмыстар жандана түсетінін айтты
— Жаңа саяси реформалардың перспективаларын Қоғамдық кеңесте талқылаймыз. Білім беру ұйымдарында да бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі. Мемлекеттік басқару жүйесінде өзгерістер басталып кетті. Халық саяси реформалардың нәтижесін, жалпы өзгерістерді күтіп отыр, — деді Б.Әлтеев.
Айта кетсек, қалада ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейтуде ҮЕҰ-дың белсенділігі артпақ.
Өткен жылы қалада үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық ресурстық орталық» ашылған болатын. Бұл орталық қаламызда азаматтық қоғамды қалыптастыруға, ҮЕҰ-ға әдістемелік және консультациялық көмек көрсетуге, пікірлесу үшін диалог алаңдарын ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасайды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін этнос жастарына арналған «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі», «Мен – Қазақстан патриотымын», «Қазақтану» жобасы және «Достық кубогы» спорттық іс-шарасы ұйымдастырылуда.
Тоқтар Жақаш