jasqazaq.kz

«Үйтеміз де бүйтеміз»

12 тамыз 2022, 11:36

Бұл күндері жергілікті басшының тұрғындармен кездесуі көп. Жоғары биліктің «әкім халқына жақын болсын» деген ниеті құптарлық һәм қуанарлық. Толып жатқан тауқыметті жұрттың өз аузынан естіп, мәселенің қашан, қалай шешілерін нақты айтуы тиіс атқамінер. Бұдан бұрын берген уәдесін орындағанын, егер орындамаса, себебін де. Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысындағы жырға айналған жолға қатысты мақала жарияланғанда Үкіметке тапсырма берді. Премьер-Министр шұғыл түрде сол өңірге барып, жол жайымен танысты, мәселені шешуге қозғау салды. Әлихан Смайылов халықтың атқарушы биліктің жұмысынан нақты нәтиже күтетінін айтып еді.

Қисынға салсақ, атқарушы билік өкілдерінің бұқарамен жүздесуі (БАҚ арқылы да) осындай сипатта, қазіргі тілмен айтқанда, форматта болуы керек. Цифрлық даму министрі сөзінде тұрып, шалғайдағы ауылды интернет жүйесіне қосып, көптен күткен қуанышты сол елді мекендегі ағайынмен, әсіресе, онлайн оқу кезінде биік төбені іздеп кететін мектеп оқушыларымен бірге бөліссе. Сол жерде еліміздегі барлық ауыл «жылдың аяғына дейін түгел интернетке қосылады» деп уәде берсе.

Оқу-ағарту министрі үш ауысыммен білім беретін немесе апатты жағдайдағы мектептерді аралап, ахуалды көзбен көріп, дәптеріне түртіп алса. Содан кейін сол өңірдің әкімімен бірге дереу іске кірісіп, шәкірттер жаңа да жайлы, пеш жақпайтын ғимаратқа барып, білім нәрімен сусындаса. Министрдің мәртебесі көтеріліп, оқушы мен ата-ананың алғысы мен шынайы ризашылығы кабинеттен шықпай-ақ жасалатын кез келген рейтингтен басым түсер еді.

Экономика мен сауда министрлері кезекті брифингті шекер шығаратын зауытта өткізіп, оған журналистермен бірге қант қызылшасын өсіретін диқандарды шақырса, биылғы тәтті тапшылығының себебі мен импорттан құтылу жолында атқарылып жатқан шаруа жайын баяндаса. Қымбатшылықты қолдан жасап, байып қалғысы келген ашкөз саудагер мен кәсіпкердің атын атап, түсін түстеп берсе. Жұрт сонда орайлы сәтті пайдаланып, айқайға қиқу қосатын белсенді мен блогерге емес, шенеунікке көбірек сенер еді.

Әкім мегаполис-қалада тұрса да, талай жылдан бері тіршілік нәріне қол жеткізе алмай жатқан алматылықтарға жоспар бойынша құрылысы 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс су тазарту стансасының неге салынып бітпегенін тәптіштеп түсіндіріп берсе. Жұрттың жанайқайын ескере отырып, «Қарғалы стансасын күзгі суық келмей тұрып салып бітіреміз» деп шаһар басшысы ретінде сөз берсе. Сонда биылғы шілденің шіліңгір аптабында не ішуге, не қол жууға су таппай, әбден мазасы қашқан Наурызбай ауданының мыңдаған тұрғыны мәселенің мәнісіне қанығар еді. Олар әзірге «Егер су көзі жоқ болса, онда неге екі жыл бұрын көше атаулыны қазып, құбыр төселді?» дейтін орынды сауалға жауап таппай жүр. Қалаға қосылғанына 10 жылға жуықтап қалған ауданға әлгі станса аздық етеді.

Өткен жылы әкімдік халықпен кездесуде Ақсай өзені бойында су тазарту қондырғысының құрылысы биыл басталатынын хабарлаған. Биылғы есепке сүйенсек, ауданның осы бөлігін мекен еткендер таза суға тек 2025 жылы қол жеткізуі мүмкін. Оған дейін бірдеңе ғып амалдауға тура келеді. Осы арада «Әкімдік аудандағы ең өткір мәселе – су проблемасын жіті зерттеп, неге екі стансаның құрылысын қатар бастамады?» дейтін тағы бір қыршаңқы сұрақтың құлағы қылтияды.
Өкінішке қарай, келер шақпен сөйлейтін атқамінердің есебі мен түсініктемесінде сан (цифр) мен пайыздық көрсеткіштен, «болады», «жасалады», «үйтеміз де бүйтемізден» көз сүрінеді. Жұртқа аспандағы қаздың сорпасына ұқсайтын құрғақ уәде емес, нақты нәтиже керек боп тұр.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 15:06
Түркістан: импорт азайып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар
30 маусым, 15:06
Түркістан: Қазығұртта - индустриалдық аймақ, Отырарда мақта зауыты іске қосылады
30 маусым, 15:03
Түркістан: Мақтарал ауданына биыл 9,4 млрд теңге инвестиция тартылды
30 маусым, 14:09
Жан жарасын жазатын диалог: мұғалім мен бала арасындағы сенім
27 маусым, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
27 маусым, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр