Үй бағасының әзір төмендейтін түрі көрінбейді. Дегенмен баспаналы болуды армандаған азаматтарға жоспарын жүзеге асыру үшін күз мезгілі қолайлы. Жылжымайтын мүлік саудасына қатысты мамандардың пікірі осындай. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
«Өз үйім – өлең төсегім». Баспанасыз жүргендердің дені жеке пәтерінің болғанын армандайды. Бірақ қолма-қол ақшаға пәтер сатып алуға қалтасы көтере бермейді. Ал болашақта жылжымайтын мүлік құны төмендеуі мүмкін бе? Алина Буравцева, жылжымайтын мүлік сарапшысы: — Айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Шамалы өзгерістерді есепке алмаймыз. Өйткені бағаның сәл түсуі мен жоғарылауы заңды құбылыс. Барлығы жеке сұранысқа байланысты. Тіпті баға айына 1%-ға арзандап келеді десем жаңылмаймын. Жылжымайтын мүлікке деген сұраныс күз мезгілінде бәсеңдейді. «Сондықтан дәл осы кезеңде пәтер сатып алу қолайлы», – дейді Қазақстанның риелторлар қауымдастығы басшысының орынбасары Лариса Степаненко. Лариса Степаненко, Қазақстанның риелторлар қауымдастығы басшысының орынбасары: — Қазір сауда жасауға тиімді уақыт. ЕХРО халықаралық шарасынан кейін баға саясаты бұрынғы қалпына келді. Ешқандай тұрақсыздық байқалмайды. Сондықтан ойлаған арманды жүзеге асыратын кез келді. Күз мезгілімен қатар желтоқсан айының басында да сатып алу-сату келісімшарттарын сеніммен жасай беруге болады. Артынша «тыныштық кезеңі» басталады. Ұсыныс азайып, сұраныс төмендейді. «Бұл жағдай – сатып алушылар үшін тағы бір таптырмас мүмкіндік», – дейді сарапшылар. Алина Буравцева, сарапшы: — Желтоқсан мен қаңтар айларында пәтер сатып алушылар саны азаяды. Сәйкесінше сатушылар тұтынушы үшін жеңілдікке барып, тұрғын үй құнын түсіруі мүмкін. Бірақ бұл бағаның жаппай өзгеретінін білдірмейді. Сарапшылар қайткен күнде де баспана сатып алуды кешіктірмеген дұрыс деп санайды. Өйткені әзірше нарықта ұсыныс көп. Сондықтан аз-маз жинағаны бар азамат қалтасына қарай пәтерлі бола алады. Экономистердің айтуынша, баға былтырғымен салыстырғанда 6-7%-ға төмендеген. Бауыржан Мәденов, экономист: — Бұл сұранысқа келіп тіреледі. Яғни сұраныстың негізінен екі түрі бар. Ол жеке сұраныс немесе инвестициялық сұраныс. Қазіргі кезде инвестициялық сұраныс төмендеді. Ғалымжан Керімбек, экономист: — Қазіргі кезде барлық тауарлардың құнының қымбаттауына байланысты пәтер бағасы төмендейді деп айта алмаймын. Себебі ол бүгінгі күннің тәртібінде тұрған нәрсе. Екіншіден, ол әр аймақтың әлеуетіне байланысты. Мысалға, қазір үшінші қала – Шымкент, төртінші қала Ақтөбе қаласы болады деп жатыр. Қалалардың мәртебесіне қарай бағалары сәйкес келеді. Сарапшылар байқаған тағы бір үдеріс, баспанаға қол жеткізгісі келетіндердің басым бөлігі жастар. Яғни саудада тәжірибесі аз сатып алушылар алаяқтардың қармағына жиі түсіп жатады. «Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіби мамандардан кеңес алып, жылжымайтын мүлік нарығын тыңғылықты зерттей білу керек», – дейді мамандар.
24.kz