Дәл қазір әлем үшін «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бейбіт уақыт емес. Сырттай қараған кісіге тыныш сияқты болғанымен, көзге көрінетін-көрінбейтін әртүрлі соғыс жүріп жатыр. Басқасын айтпағанда, ақпараттық соғыстың зардабы зілдей ауыр. Одан Қазақстан да тыс қала алмайды. Ақпараттық соғыстан қалай қорғанамыз? Бүгінгі әңгіме-сұхбатымыз осы тақырыпқа арналды.
Jas qazaq: Смағұл аға, қазір әлемде көзге көрінетіні бар, көзге көрінбейтіні бар – әртүрлі соғыс жүріп жатыр. Мысалы, соның бірі – ақпараттық соғыс. Бұл қаншалық қауіпті болмақ?
С.Елубаев: Иә, бүкіл әлемдегі жүріп жатқан ақпараттық соғыс барған сайын үдеп барады. Әскери соғыс басталмас бұрын, бір елге қарсы ақпараттық соғыс ашу дәстүрге айналды. Есіңізде ме, Ираққа АҚШ соғыс ашпастан бұрын «Бұл ел биологиялық қару жасап жатыр!» деп байбалам салған болатын. Сосын Ираққа басып кірді. Саддам Хұсейнді өлтірді. Бірақ Ираққа жапқан басты жаласы дәлелденбеді. Жүз мыңдаған Ирақ халқы қырылды. Содан бері Ирақ әлі қалыпқа келе алмай отыр. Бұл соғыс Ираққа қарсы жасалған қылмыс еді. Ол қылмысқа әлі ешкім жауап берген жоқ. Әлем әлділер әлсізді екі бүктеп, бір шайнап жұтатын жунгли заңымен өмір сүріп жатыр дейміз, өкінішке қарай.
Jas qazaq: Ақпараттық соғыс дегеніміз – ақпараттық қауіпсіздігіміз. Соңғы жылдары Қазақстан туралы бүкіл әлемге әртүрлі хабар тарататын, тіпті біздің көк туымызды қорлаған Борат сияқты сайқымазақтар да көбейіп кетті. Ресейде Жириновский сияқтылар тағы бар. Міне, осылардың алдын алып, ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін не істеуіміз керек?
С.Елубаев: Қазақстанға қарсы әзірше ешкім шоқпар ала жүгірмесе де, ақпараттық шоқпар алып жүгірушілер табылып жатыр. Өзіміз әлсіз болғандықтан, ондайлардың аузына қақпақ қою қиын. Аузына келгенін лақ еткізіп айта салатындардан, ұлттық ар-намысымызға тиетіндерден құтылудың жолы бар ма? Құтылудың жолы – Қазақстан беделі үшін күрес. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық азамат қаласа, Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қоса алады. Қазақстан жасампаздықпен жаңғырса ғана дұшпандарымыздың аузына құм құйылмақ. Қазақ — талантты халық. Талпынса тау жығатын халық. Бүгіннің өзінде жастарымыз бокс, вокал, шахмат, интеллектуалдық олимпиадаларда әлем аренасында топ жарып келеді. Ұлт болып ұмтылсақ, Қазақстан «Азия жолбарысына» айналар күн де алыс емес.
Jas qazaq: Біздің интернет әлеміміз – ашық қақпа сияқты. Теріп қалсаңыз, не керектің бәрі табылады: жақсысы да, жаманы да толып тұр. Студенттер мен мектеп жасындағы балаларымыз ғаламтордан шықпайды. Мұның ақыры қайда апарады, Смағұл аға?
С.Елубаев: Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жақында Алматыға келгенде, біз отандық ақпарат кеңістігіндегі кейбір келеңсіздіктердің атын-атап, түсін-түстеп хат тапсырдық. Соның бірі — осы ғаламтор аумағындағы ахуал жөнінде болды. Әлі тілі шықпаған немерелерімізді бүгінде ғаламтордан ажырата алмайсың. «Не қарап отыр?» десек, орыс, ағылшын тіліндегі балаларға арналған контенттерге қадалып отырғанын көреміз.
Күн сайын бұл контенттерді өзге тілде көріп отырған баланың тілі де өз тілінде шығуы қиын. Ендеше, қазақ тіліндегі контенттерді ғаламторға тоғыту керек. Оны жасаушыларды қаржыландыру қажет. Ұлттық идеологияның басты майданы ұрпақ үшін күрес емес пе?! Осы ойымызды жаздық. Аида ханым біздің бұл ұсынымызды түсіністікпен қабылдады. Демек бұл салада сең қозғалуы тиіс.
Тағы бір айтылған нәрсе – Қазақстан экраны күні-түн үлкендерді тәрбиелейді. Ал үлкендерді тәрбиелеудің қажеті не?! Олар әлдеқашан тәрбиеленіп болды емес пе? Барлық күшті балаға салу керек. Балаларға арналған мультфильмдер, фильмдер жыл сайын үзіліссіз түсіріліп жатуы керек емес пе?! Өйткені балалар – біздің ертеңіміз, келешегіміз! Қазақстанның болашағы дейміз. Ендеше, тұрақты түрде балаларға арналған телефильм, кинофильмдер шығаруды ұйымдастырып отыратын бір орталық керек. Мүмкін ол «Балапан» телеарнасы болар. Мүмкін басқасы ашылар. Бұл идеяны ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және спорт министрліктері қолдайды деп үміттенеміз.
Jas qazaq: Кітап оқымаған соң рухани, мәдени тамырымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Одан бұрынғы ақын-жазушыларды айтпағанда, күні ертең Мағжанды Міржақыптан ажырата алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан жоқ па?
С.Елубаев: Қазақ тіліндегі балалар әдебиеті апатты жағдайда. Бердібек Соқпақбаевтан кейін классикалық балалар әдебиеті бір тоқырауға тірелгендей. Оның себебі де бар. Себебі біздің бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарайтынымызда. Мысалы, мемлекеттік сыйлық саласында балалар әдебиетінде жұмыс жасап жүрген ақын-жазушылар баяғыда-ақ назардан тыс қалған. Тіптен Бердібек Соқпақбаевтың өзі тыс қалды. Балалар әдебиетін дамытуға деген бізде мемлекеттік құлық көрінбейді. Демек «Ұлым деген ұлты болмаса, ұлтым деген ұл қайдан шықпақ?!» деген сұрақтың алдымыздан шығуы заңды сияқты. Балалар әдебиетін дамыту жалғыз Қазақстан Жазушылар одағына жүктеліп қоймай, жалпы мемлекеттік қамқорлықты қажет етеді.
Jas qazaq: Сіздіңше, кино әлеміміз қалай? Ол салада да рухани қауіпсіздікке қам жасалмаған сияқты. Тілі шұбар, танымы таяз, қазақтың салт-дәстүрін мазақ ететін, мемлекетшілдігі жоқ, рухани тамырсыз киногерлер көбейіп кетті…
С.Елубаев: Қазақ киносы даму үстінде. Әсіресе, ұлттық тарихи тақырыпты игеруде үлкен қадам жасалды. «Қазақ хандығы» соның басында тұр. Бірақ әлі де түрен түспей тұрған Ұлы Дала тарихы баршылық. Алтын Орда тарихы, Абылай хан, ашаршылық, Қожа Ахмет Яссауи, т.б. Осылайша тізе беруге болады. Қазақ сияқты тарихынан күштеп ажыратылған халықтың тарихи санасын қалыпқа келтіру үшін кинода көп жұмыс жасалуы керек. Қанша қаржы салсақ та, қанша қан сорпа болып түсірсек те, қазақ киносы неге әлемдік прокатқа шықпайды деп келеміз. Біз айтар едік, қанша қан сорпа болып кино түсірсең де, сені әлемдік прокатқа жібермейді. Оның жалғыз себебі бар. Әлемдік прокат – миллиондаған, миллиардтаған ақша табатын табыс майданы. Миллиондар мен миллиардтар жүрген жерде мафия қоса жүреді. Сондықтан, ол жүз жыл бұрын-ақ жаулап алып қойған майдан. Әлем прокатын жүз жыл бойы иемденіп алған Голливудке ешқандай бәсекелестің керегі жоқ. Табыс көзін кім бөліседі сенімен? Керісінше, сол табыс үшін олар өлуге бар. Керек десеңіз, Қазақстан прокаты да сол алыстағы АҚШ акулаларына бағынышты дегенді естідік. Бәлкім, бұл қауесет шығар. Мүмкін рас та болар. Сен ұлттық киноңды әлемдік прокатқа шығару үшін Америкаға барып, сол прокатты қолда ұстап отырған акулалармен ауыз жаласуың керек. Ол бәрібір сені жолатпайды. Әлемдік прокатқа жолаудың жалғыз жолы қалады сонда. Қыруар қаржы салып, әлемге әйгілі американдық студиялардың етегіне жармасып, бірігіп кино түсіру. Ол удай қымбатқа түседі. Қайтесің, әлемдік прокат керек болса, соған барасың. Әрине, мұндай жағдайда, ұлттық колорит дегенді ұмытуға тура келеді. Өйткені ондай жағдайда бірінші скрипканы шетелдік режиссерлер ойнайды. Сен емес! Көнсең де осы, көнбесең де осы. Әйтпесе, әлемдік прокаттың есігі саған жабық. Бұл деген сөз «бірлесіп түсіруден» мүлде қашайық деген сөз емес. Бірақ ол эксперимент қазақтың ұлттық киносының дамуына кесірін тигізбеуі керек.
Jas qazaq: Сіз «Жоюдың жойқын жоспары» және «Жаңа әлемдік тәртіп» деген екі мақала жаздыңыз. Түсінген адамға сіздің мақалаларыңыз әлемдік саясаттың көлеңкелі бетпердесін шешіп бергені анық. Мұның бәрі саналы, жоспарлы түрде жасалып жатыр ма сонда? Енді әлем ковидтің үшінші толқынын күтіп отыр…
С.Елубаев: Рахмет! Әлемдік саясатқа арналған бұл мақалалар тізіміне «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Сатанизм сойқаны» атты мақаланы да қосу керек. Ел болашағын ойлаған жан, сол Елге төніп келе жатқан сыртқы қатерді қоса ойлауы заңдылық. «Үй менікі демеңіз, үй сыртында ұры бар!» деген ғой. Сені ешкім үйіңде тыныш жатқызбайды деген сөз. Әлемдік қауіп-қатер бүгінде, әсіресе асқынып кетті. Сені үйіңде тыныш ұйықтатпайды. Ұйықтап жатып оянбай кетуің мүмкін. Ататүрік айтпақшы, «Не оянбай кетуің мүмкін, не құл болып оянуың мүмкін!». Сыртқы дүниеде болып жатқан сұрапыл өзгерістерді тілге тиек ете бастауымыз осыдан. Әлемді бір уыс тарының қауызына сыйдырған Ковид-19 соның дәлелі. Бір оқ атпай-ақ, жеріңе жау қаптап кірмей-ақ, айдың-күннің аманында тұқымың тұздай құруы мүмкін екенін көрсетті бұл індет. «Жау қайда деме, жар астында» екенін көрсетті. Ендеше, қатер қайдан екенін көріп отыруымыз керек. Жай отырмай, жағдайдың күрт өзгеруіне сақадай-сай отыруымыз керек. Әйтпесе, берісі бала-шаға, әрісі ордалы халқымыздың обалына қаламыз. Құдай содан сақтасын!
Jas qazaq: Иә, Смағұл аға, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сұхбатыңызға рахмет!
Жарас Кемелжан