
Ұлттық бірыңғай тестілеу алдағы үш жылда өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды jasqazaq.kz. Бұл туралы бүгін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді. Яғни талапкерлер үшін қолданыстағы формат сақталады, алайда тестілеу жүйесін жетілдіру бағытындағы дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Болатбек Әбдірасылов ҰБТ көптеген жылдар бойы жоғары білімге ашық әрі әділ қолжетімділікті қамтамасыз етіп келе жатқанын айтты. “Ұлттық деңгейде стандартталған бағалау жүйесін енгізу арқылы субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай төмендеді. ҰБТ – еліміздің білім беру жүйесінде қалыптасқан, сенімді және ашық механизм. Сондықтан ол бірден өзгертілмейді”, – деді директор.
Сонымен қатар, орталық басшысы уақыт талабына сай өзгерістердің қажеттігін де атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі экономика адами капитал сапасына, жастардың бейімделу қабілетіне және жоғары деңгейлі дағдыларына жоғары талап қояды.
«Біз тек білімді емес, талдау, интерпретация, қолдану сияқты жоғары когнитивті дағдыларды да бағалай алатын жүйеге біртіндеп көшуіміз керек», – деді ол.
Осыған байланысты Admission Insight Test (AIT) деп аталатын жаңа формат әзірленуде. Дегенмен директор бұл тест бастапқы кезеңде ҰБТ-ны алмастырмайтынын нақтылады.
«AIT – қолданыстағы жүйені толықтыратын құрал. Бұл SAT-тың немесе өзге халықаралық емтихандардың көшірмесі емес, Қазақстан талапкерлеріне арналған бірегей емтихан болады», – деді Болатбек Әбдірасылов.
Жаңа формат аясында:
* бейіндік пәндер қайта қаралады;
* Evidence-Centered Design (ECD) әдіснамасы қолданылады;
* жоғары деңгейлі ойлау дағдыларына басымдық беріледі;
* нәтижелердің сенімділігі мен салыстырмалылығы күшейтіледі;
* жасанды интеллект элементтері енгізіледі;
* интерактивті, сценарийлік тапсырмалар әзірленеді.
Жаңа формат бірден емес, бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады.
* 2026 жыл (ақпан–мамыр) – қолданыстағы ҰБТ-ға психометриялық талдау және кешенді аудит жүргізіледі, халықаралық бенчмаркинг жасалады.
* 2026 жыл (маусым – 2027 жыл наурыз) – жаңа формат жобаланып, Ұлттық тестілеу орталығының 30 маманы ETS штаб-пәтерінде (Принстон) тағылымдамадан өтеді.
* 2027 жылдың көктемі – жаңа тапсырмалар шағын іріктемеде апробациядан өтеді.
* 2028 жылдың көктемі – шетелдік университет филиалдарына түсушілер үшін пилоттық тестілеу өткізіліп, нәтижелері алғаш рет ресми жарияланады.
* 2029 жылдың көктемі – жаңа форматты ауқымды енгізу жоспарланып отыр.
Осы кезеңдер аяқталғанға дейін, яғни кемінде 2029 жылға дейін, ҰБТ негізгі емтихан ретінде сақталмақ.