Қазақстандық боксшы Василий Левиттің әділетсіз жеңілісін әлемдік баспасөз де назардан тыс қалдырмапты.
Айта кетелік, 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз ақтық сында ресейлік Евгений Тищенкомен кездесіп, жеңіліп қалды. Алайда осынау кездесуді тамашалаған жүздеген жанкүйер төрешілер шешімімен келіскен жоқ. Әділқазылардың жерлесімізді тізеден басқаны көрініп тұрды. Мұны беделді Washington Post басылымы да байқапты. Тіпті осы туралы мақала жазған екен. Аударып, қаз-қалпында беріп отырмыз. Сонымен…
«Олимпиада ойындарында кәсіпқой боксшылардың болғаны жақсы, бірақ бұған қоса, кәсіпқой төрешілер де керек», – дейді WashingtonPost.
Басылымның жазуынша, Олимпиада боксының төрешілер жүйесіндегі кемшілігі алтын медаль үшін таласта айқын көрінді.
– Ресейлік Евгений Тищенко мен қазақстандық боксшы Василий Левиттің арасындағы айқаста жеңісті Тищенкоға бере салу ақылға сыймайды. Бұл жағдай бокстың беделіне кір келтірді және алдағы уақытта төрешілер қателігі түзелмесе, болашақта осы спорт түрінің сүйегіне таңба болады.
Томас Бах (Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті) айқас аяқталғаннан кейін залдағы гуілді жақтырмай қалды. Жанкүйер неге гуілдеді, білесіз бе? Өйткені, Тищенконың жеңісіне олардың көңілі толған жоқ. Анығында, Левит жеңуі керек еді. Боксты тамашалап, тәжірибе жинаған залдағы көрермен-төреші мұны анық байқады. Марапаттау рәсімінде гуіл күшейе түсті. Көрерменді сабырға шақырмақ болған Левит қолын аузына апарып «тынышталыңыздар» деген ишарат жасады, – дейді Washington Post.
Басылымның жазуынша, екі боксшының арасындағы жекпе-жек әуесқой емес, 10 балдық ұпай жүйесі бар кәсіпқой бокстың бағалау жүйесі негізінде өткізілді. Неге? Себебі бұл салмақта өнер көрсетуге кәсіпқой боксшылар шақыртылған. Алайда көпшілігі үлгермеді, тек 3 кәсіби боксшы тіркеуден өтіп үлгерген.
– Боксшылардың қайсысы жеңіп, қайсысы жеңілгенін анықтайтын жаңа, компьютерленген бағалау жүйесі финалға дейін таза, мінсіз жұмыс істеді. Жанкүйерлер де шлемін шешіп тастаған әуесқой-боксшыларды көргендеріне қуанды. Алайда дәл осы себепті кейбір жекпе-жекті өз уақытынан ерте тоқтатуға тура келді. Айталық, Қазақстан боксшысы Данияр Елеусіновтің жеңісі өз уақытынан ерте жарияланды. Елеусіновтің қарсыласы француз Сулейман Сиссико бас жарақатын алып қалды.
Левит пен Тищенконың арасындағы жекпе-жекте дәл осы компьютерленген бағалау жүйесі сыр берді.
Осының кесірінен төрешілер қазақстандық емес, ресейлік боксшының қолын көтерді. Бұл кездесуде екі боксшы да кәсіпқойлардың деңгейінен төмен өнер көрсетті. Алайда алтын алу үшін Левиттің барын салғаны, Тищенкодан айласын асырғаны көрініп тұрды.
Қазақстандық боксшы да өзінің жеңгеніне күмәнданбаған екен: «Жеңдім деп ойладым. Бұрыштағы бапкерлерімнің бақыттан басы айналып тұрды», – дейді боксшы. Левит өзінің жеңіске жеткеніне күмәнданбаған… Ал кездесуді тамашалаған көрермен Тищенконы ысқырықпен шығарып салды.
«Қазір менің көңіл-күйім жоқ. Әрине, мен өз қарсыласымды сыйлаймын. Бірақ жанкүйерлердің маған деген көзқарасын түсіне алмадым», —
деді Тищенконың өзі, деп жазады WashingtonPost.
Басылым марапаттау рәсімінде Тищенконың жеңісін әділетсіз санап, ысқырыққа басқан көрерменді сабырға шақырып, «тынышталыңыздар» деген ишарат жасаған Левиттің әрекетін жоғары бағалапты.
– Қазақстандық боксшы нағыз спорт шеберіне тән әрекет жасады.
«Олимпиадаға келген әр боксшы сый-құрметке лайықты» дейді Левит. Оның осы бір әрекетін ұмытпаймыз, – дейді WashingtonPost.