Волонтер болу — екінің бірінің қолынан келмейтін іс

20 шiлде 2023, 15:29

Ерікті болу дегеніміз шексіз мейірімділік таныту, айналаға жақсылық жасау. Тағдыры қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу, тығырыққа тірелген жандарға жәрдемдесу, қолынан келгенше тірек болу. Шыны керек, бұл — екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Адамгершілік, адалдық, парасаттылық, жанкештілік сияқты қасиеттер болмаса, ерікті бола алмайсың. Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласында орналасқан «Ашық жүрек» еріктілер клубы мүшелерінің бойынан осындай ізгі қасиеттердің бәрі табылады. Біздің клуб 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қаламыздың белсенді жастары 2020 жылдан бері ерікті болып, түрлі әлеуметтік әрі мәдени, экологиялық іс-шараларға белсене атсалысып келеді. Бүгінде біздің ұйымда 50-ден астам волонтер бар. Ал маусымдық іс-шаралар кезінде еріктілеріміздің саны артып, әр бағыт бойынша жүйелі жұмыстарды атқарады.
Енді біздің ұйым ұйтқы болған бірқатар іс-шараларға тоқатала кетейін. Ұйымның негізі бағыты — балалар үйі мен қарттарға, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу. Біз жыл сайын Жетісай қаласындағы № 75 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлаймыз. Демеушілер мен қала тұрғындарының жинаған қаржысына толықтай есеп бере отырып, интернаттағы балаларға киім-кешек, азық-түлік пен ойыншықтар сатып аламыз. Сый-сияпатымызды апарған кезде олардың қуанышын көру біз үшін үлкен мәртебе.

Сондай-ақ біз қаламыздағы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратумен айналысамыз. Біздің ұйым өткізетін негізгі іс-шарамыздың бірі -қиын жағдайға тап болған, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созу. Біз қаламыздағы әнші, әрі асаба, 350 мыңнан астам оқырманы бар Жетісай қаласының өнерпазы Жандарбек Жұманұлымен бірлесіп, көптеген игі істерді өткіздік. Өнер иесі өзінің әлеуметтік парақшасында көмек қажет отбасыны жарнамалап, арнайы есепшот ашады. Түскен қаржыға көмекке мұқтаж отбасыға толығымен азық-түлік пен тұрмыстық заттар алынады. Сонымен қатар баласының еміне көмек сұрайтын отбасыларға да қаржылай көмек көрсетіледі.

Айтулы мерекелер мен ресми мерекелерде, қала орталығының алаңында өтетін концерттерге белсенді қатысамыз. Биыл 8 наурыз — халықаралық әйелдер күні мерекесінде «Аналарды сыйлайық» атты үлкен мерекелік концерт ұйымдастырдық. Қаламыздағы көп балалы аналар мен әр салада көп жылдан бері еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға сый-сыяпат ұсындық. Қаламыздың өнерпаздары аналарға арналған әдемі әндерін шырқады. Наурыз мерекесі де биыл ерекше аталып өтілді. Мамыр айындағы мерекелер де назардан тыс қалмады. Қаламыздағы қарт ата-әжелеріміздің үйінің айналасын қоқыстан тащартып, сенбілік жасадық.
Біздің белсенді еріктілер Жетісай қаласының тұрғыны, бес баланы тәрбиелеп отырған әжейге көмек қолын созды. Әжей біздің топқа басынан өткен оқиғасын айтып, ағынан жарылған болатын. Ұйымның «Ашық жүрек» аталуы да тегін емес. Біз әрбір адамға шын жүрегімізбен көмек көрсетуге дайынбыз. Одан бөлек, қаламыздың коммуналдық шаруашылығына жауапты аула сыпырушы, қаланы безендіруші мамандарына жаз айында салқын су мен тәттілер тарату, қыс мезгілінде ыстық тамақ пен ыстық шәй үлестіру акциялары дәстүрлі түрде өтеді. Біз оларға титтей де болса қуаныш сыйлағымыз келеді.

Жетісай қаласында қайырымдылық пен еріктілікпен айналысатын бірнеше ұйым бар. Әр ұйымның өзіндік бағыттары қалыптасқан. Бірі қаламыздың экологиясы мен тазалығына арналған экологиялық акцияларды ұйымдастырса, бірі әлеуметтік бағытта игі бастамалармен айналысады. Біз олармен тығыз қарым-қатынастамыз. Ал біздің ұйым көбінесе қайырымдылық бағытта жұмыс істейді. Басты мақсатымыз — қаламыздағы көмекке мұқтаж әр отбасыға шама-шарқымызша жәрдем беру.

«Ашық жүрек» ұйымының жетекшілері ерікті болғысы келетін әрбір жасқа ең алдымен ерікті болуды жан-жақты түсіндіретін семинар-тренингтер өткізеді. Осындай ерікті болуды ұғындырған семинардан түйгенім — ең алдымен волонтер деген кім? Сіз волонтер болуды қалай түсінесіз? Осы сауалдарға жауап алу. Біздің түйгеніміз волонтер дегеніміз — өз еркімен, өтеусіз және жауапкершілікпен қандай да бір игі іс жасайтын адам.

Біріншіден, атқарған ісің шынайы болуы керек. Жасаған ісіңді қоғам қалай қабылдайды деген ой болмауы керек. Волонтер болу шешімі де өз еркіңізде, сондықтан волонтер өз еркімен әрекет етеді. Сонымен қатар, волонтер тегін әрекет етеді. Бұл, әрине, тек қаржылық сыйақы алу маңызды дегенді білдірмейді. Сіз ерікті болғандықтан да әр ісіңізге ақы алмайтыныңызға дайын болуыңыз керек.

Ерікті болатын кезде жауапты шешім қабылдап жатқаныңызды ұмытпаңыз. Осы сынды маңызды шешімдерді қабылдататын семинар-тренингтерден алатынымыз көп. Қазір біздің еріктілер жазғы демалыста. Қыркүйек айында ұйым белсенділері мен еріктілері кездесіп, алдағы уақытқа жаңа жоспар құрамыз. Алдымызда талай игі істер күтіп тұр!

Тұмарша Қаленова,
«Ашық жүрек» еріктілер ұйымының мүшесі
Суреттерді «Ашық жүрек» еріктілер ұйымы ұсынды

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды