Қазақтарды қазақша сөйлете алмай жүргенімізде, өзге ұлттың өкілі қазақ тілінде еркін сөйлеп, жұртты ана тілін үйренуге шақырып жүр. Владимир Чепель – Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылындағы әкімшілік аппаратының бас маманы. Мемлекеттік қызметкер қазақ тілінде еркін көсіліп, өлең оқып, ойын ашық жеткізеді. Біз Владимирге арнайы хабарласып, қазақ тіліне деген құрметінің құпиясымен бөлісуін өтіндік.
Jas qazaq: Владимир мырза, ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? Қай өңірде туып-өстіңіз? Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
В.Чепель: Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылының тумасымын. Осы ауылда орта мектепті тәмамдадым. Мектепті бітіргеннен кейін Талдықорғандағы заң колледжін, одан кейін Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды ауыл шаруашылығы саласында бастадым. Ауылда мені барлығы «сары бала» деп атайды. Қазақы ортада туып-өскеннен кейін тіл үйрену мен үшін қиын болған жоқ. Бала кезімнен қазақ тілімен бірге өстім. Бүгінде Қапал ауылында мемлекеттік қызметкермін. Қолымнан келгенше, елім үшін қызмет етіп жүрмін.
Jas qazaq: Өткенде қазақ тілінде сөйлемейтіндерге ренішіңізді жеткізіпсіз. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Бізге не жетіспейді?
В.Чепель: Кейбіреулердің өз ана тілін біле тұра, сол тілде сөйлемейтініне қынжыламын. Бірде Алматы қаласының көшесінде өтіп бара жатып байқағаным, жұрттың бәрі орысша сөйлейді екен. Тіпті қазақтардың өзі орысша сөйлейді. Нұр-Сұлтан қаласына барғанымда да осы оқиға. Біз бас сұққан дүкендердің бәрінде орысша сөйлейді. Мен қазақша сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Өзім ұялып қаламын. Менің түріме қарап бірден орысша сөйлейтіндер бар. Бірақ мен орыс болып тұрып, қазақша қойған сұрағыма орысша жауап қайтарғаны бір түрлі екен. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ең алдымен барынша сапалы, қызықты контент жасап, оны әлеуметтік желілерде, танымал интернет-платформаларда тарату керек. Осылайша қазақстандық жастарды ана тілін үйренуге ынталандыруға болады. Мен Facebook-тегі парақшамда жұртты қазақ тілін үйренуге шақыратын бастаманы қолға алдым.
Jas qazaq: Бәрекелді! Тіл үйренгісі келген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренудің қиын екенін айтады. Сіздің ойыңызша, қазақ тілі қиын тіл ме?
В.Чепель: Өмірде табысқа жету үшін адал еңбек ету керек. Мұны анам үнемі айтып отырады. Ол мені осылай тәрбиеледі, сол үшін ризамын. Сондықтан үйрену қиын, тағы басқа деп сылтау айту адамға жараспайды. Меніңше, ең алдымен ниет керек. Егер ниет болып, оған жігер қосылса, кез келген қиындықты жеңуге болады.
Кішкентайымнан қазақ тілімен бірге өскеннен кейін, маған тіл үйренуде қиындық болған жоқ. Егер талпыныс болса, кез келген тілді үйреніп алуға болады. Бірде әкімшілікке екі ақсақал келді. Екеуі мені көріп, әрең-әрең орысшалап мән-жайды түсіндіріп жатыр. Сол сәтте «егер сіздерге қиын болса, қазақ тілінде айта беріңіздер, түсінемін» дедім. Екеуі бірден қуанып кетіп «әй, мынау қазақ қой, сен үшін мида қалған бар орысшамызды қосып жатсақ» деп күлді. Ең бастысы, бізге келген азаматтармен қарапайым тілде сөйлесемін. Жағдайын тыңдап алғаннан кейін заң шеңберінде шешімін іздеймін.
Jas qazaq: Қазақ тілі сіздің рухани болмысыңызға не берді? Қазақтың қандай ақын-жазушыларының кітабын оқыдыңыз?
В.Чепель: Қазақтың барлық классик жазушылары мен ақындарының шығармаларын оқимын. Әсіресе, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңі жаныма жақын. Сіздерге бір шумағын айтып берейін:
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Міне, осы өлең жолдары маған үнемі жігер береді. Шабытыма шабыт қосады. Бүгінде қазақ поэзиясынан өлең жолдарын оқып, елге үлгі болатындай бастаманы бастадым. Қаншама пікірлер, хаттар келді: «Аға, сіз қазақ тілін қалай үйрендіңіз, бөліспейсіз бе, мені де үйретпейсіз бе?», «Көмектеспейсіз бе?» деп жазады. Содан бастап тікелей эфирге шығып, бір-бірімізге бейнероликтерді жіберіп, өзім сияқты қазақ тілін құрметтейтін әріптестеріммен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазақ тіліне деген құрметім шексіз. Қазақ тілі – сөзге бай, әуезді де әуенді тіл. Ауыз әдебиеті мен фольклоры тұнып тұрған қазына. Тіліміздің мәртебесін көтеріп, кейінгі ұрпаққа үлгі ету жолында аянбай еңбек етемін.
Jas qazaq: Қазақша білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді «тіл үйрену үшін ауылға жіберу керек» депсіз. Оларды қазақша сөйлету үшін басқа не істей аламыз?
В.Чепель: Қызмет бабымен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жиындарға қатысамыз. Сол кезде кейбір әріптестерім қазақ бола тұра, орысша баяндама жасайды. Неге олай істейтіндерін білмеймін. Тіпті кейбірі қазақ тілінде сөйлеуге қысылатын сияқты болып көрінеді. Тіл деген – ең керемет байлық. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Мен үшін ана тілім – қазақ тілі. Тіл үйренгісі келетін әріптестерімді екі айға ауылға жіберуді ұсынар едім. Ауылдағы қазыналы қарттар мен ата-әжелеріміз оларға көмектесер еді. Екі ай емес, екі аптада тілді үйреніп кетер еді. Сондықтан қазақ тілін үйренгісі келетіндерді ауылға шақырамын. Қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қалыптастыру үшін, ең алдымен қазақ тілінде араласуды қолға алуымыз керек.
Мақпал Ноғайбаева