Сондай-ақ онда қазақстандық 120 студент білім алып жатыр.
Бұл елдегі қандастарымыз «Туған жер» бағдарламасы аясындағы «Мен патриотпын» акциясына қатысуда. Әркімнің басына түскен жағдай әр түрлі. Бірі оқу үшін, бірі жұмыс, бірі отбасылық жағдаймен Украинаға көшіп келген. Бірақ олардың арманы бір. Алыста жүрсе де, туған жерге қызмет ету. Киевке оқуға түскен Сара Украинаны екінші астанасы санайды. Режиссер мамандығын меңгеріп жатқан бойжеткен болашақта қазақ-украин киностудиясын ашуды армандайды, деп хабарлайды 24.kz.
Сара Сейдаханова, студент:
– Қазақстан мен Украина кейбір салалары бойынша ұқсас келеді. Мәселен, екі елдің де өнері мен киноиндустриясын дамыту керек. Осы салада екі елді біріктіру қолымнан келеді деп ойлаймын.
Адамы көп, шулы Киевке Астана қаласынан кейін үйреніп кету Тілекке оңайға соқпапты. Дегенмен Еуропа бойынша үздік Киев политехникалық институтында білім алуға ол кедергі болмаған. Арманы – радиотехника мамандығын жетік меңгеріп, алған білімін туған елінде тәжірибе жүзінде қолдану.
Тілек Кеңесов, студент:
– Оқуымды аяқтаған соң, Қазақстанда жұмыс істеймін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – дейді ғой. Оның үстіне Астанада ата-анам, достарым мен жақындарым бар.
Ал Томирис үшін туған жерінен жырақта жүру – негізгі мамандығы. Себебі ол – әуе компания қызметкері. Қазақстанның әуе бағытын дамыту үшін көптеген елдерде жұмыс істеген. Соңғы жарты жылда қазақстандық компанияның Украинадағы бөлімшесінде қызмет етеді. Қазір Қазақстанға қарай ұшатын ұшақтардың әуе бағыты аптасына 12 рейске дейін көбейген.
Томирис Тілеубаева, «Air Astana» аймақтық менеджері:
– Біз мұнда Қазақстанның туризмін дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Украина халқын еліміздің мәдениетімен, сал-дәстүрімен таныстырып жүрміз. Ұсынатын арнайы бағдарламамыз да бар. Бұған дейін Грузияда жұмыс істегенмін. Әлі де бірнеше мемлекетте тәжірибе жинау жоспарымда бар. Кейін алған білімімді Қазақстанның туризм саласында қолданғым келеді.
Украинадағы қандастарымыз достарына қазақ мәдениетін таныстырып, ұлттық тағам мен әнге арналған кештер де ұйымдастырады. Одан бөлек, Украинадағы Қазақстанның елшілігі өз азаматтарын Наурыз, Тәуелсіздік күні сынды ұлттық мерекені тойлауға жиі шақырып тұрады. Сондай-ақ диаспора өкілдері үшін қазақ тілінің курсы да ашылған.