Тұз бұзылса, не себесің?

18 қантар 2019, 14:41

Әлеуметтік желіде өздеріне хайп жасап, жалаңаштанып жүрген қос қаракөздің «әдебіне» бәріміз өре түрегелген едік. Сөйтсек, олардың да жанашырлары бар екен. Тіпті әлгі арулардың желідегі «жалаңаш жарнамаларына» сүйсініп, сырттай тілектес болып жататындарды өз көзімізбен көріп, ой-пікірін құлағымызбен естідік.

Қайсы күні Алматыдағы түнгі би кештерінің біріне жолымыз түскен. Қасымда Атыраудан қонаққа келген бір досым бар. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деуші ме еді. Үйде отырып, ас-ауқатымызды ішіп болған соң, әлгі жігіт «түнгі клубтарыңды көрсетсеңші» деп қиылып қоймады. Бұрын да қайбір түнгі клубты көріп, қыдырды ғой дейсің. Қонақ өтініп тұрған соң, амалсыз көнуге тура келді. Содан көшеге шығып алып жын-ойнақтардың ордасын іздей бастадық. Көшедегі кездескен жұрттан клуб, түнгі тіршілігі қызатын мейрамханаларды сұрау қонақ алдында ыңғайсыз күйге түсірді. Біреу ана жақта, біреу мына жақта деп әбден басымызды айналдырды. Ақыры, Панфиловшылдар саябағы жанындағы есір әуені құлақ тұндыратын бір жын-ойнақтың қақпасын қақтық.
Алматының кәрі-жасының бәрі сонда ма деп қалдым. Жартылай жалаңаш қыздар, қарны қампайған шалдар, тіпті күйі кеткен кемпірлер де жүр. Музыканың ырғағы да, әуезді әуені де жоқ – есірік бірдеме. Жұрт оған жұлынып, еліріп билейді. Бізге бір шеттен орын тиді. Досыммен айғайласып сөйлесе бастадым.
– Басқа жаққа барсақ қайтеді? Мұнда отырып береке таппаспыз, – деймін. Оған бұл жер бірден ұнап қалды.
– Кинодан ғана көруші едім осындай өмірді. Рахмет, мұнда әкелгеніңе! – деп алғысын жаудырып жатыр. Мәзірлері де удай қымбат екен. Ал мұндағылардың бәрі байдың баласы ма дерсің. Ішімдіктің алуан түрі мен тамақтан стол қайысады. Біз де шамамызға шақтап, тапсырыс бердік.
Досым би алаңына кетті. Мен әлгі бұрышта мейманасы тасқан жұртты сырттай тамашалап отырмын. Бір кезде әлгі досым би алаңынан үш сылқымды ертіп келді.
– Жәке, мына қыздар атырауский, – деді жүзі бал-бұл жайнап. – Қайырлы болсын! – дедім. Азан-қазаннан не айтқанымды ешкім естіген жоқ. Содан қыздар біздің қасымызға жайғасып болған соң, анау-мынау емес, ішімдіктің ең заһарлысын алдырды…
Біздің аузымыз ашылып, аң-таң болып отырғанымызға қарап: «Сендер мұндай жерге бұрын келмегенсіңдер ме?» – деді талдырмаш сары қыз. Құлағымды құлағына тосып жатып, әрең естідім. «Иә» дегенді меңзеп, басымды изедім. Бір кезде музыка әуені бәсеңдеп, жұрт тыныштала қалды. Би алаңында вальс басталды. Сол сәтте қасымдағы сары қызбен тілдесіп үлгердім.
– Мына клуб жалаңаш қыздардың хайп жасайтын жері екен ғой – дедім, қарны қампайған көкелердің құшағында майысып билеп жүрген қыздарға қарап.
– Сіз, не әлеуметтік желіден ондайларды көрмегенсіз бе? Әлде анау сұлу қыздарға қызығып, шалдардан қызғанып отырсыз ба? – деді. Жүзі сұрланып кеткендей көрінді.
– Қызғанатын едім, бірақ әйелім бар, – дедім мысқылдап. Ол менің қыңыр жауабыма намыстанып қалды ма, жүзіме тура қарап, өңінен ызғар шашып тұрып сөйлеп жөнелді.
– Сіздің кімдерді меңзеп отырғаныңызды білдім. Олар біздің қоғамда бар дүниені көрсетті: сәукеле киіп жалаңаш суретке түсті. Көшеге шығып, баласын емізді. Ал біз ашық-айпара шыға алмаймыз. Әйтпесе, Алматыдағы клубтарда одан зорғылары бар. Түнгі клубта қазақ қыздарын шешіндірген, жігіттердің аузына арақ құйған құрбыларымыздан да сорақылар бар мұнда – деп қолындағы қор-қорын сорып-сорып жіберіп, көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізді.
Айтса айтқандай екен. Мұнда жалаңаш қыздардың әр түрлісі жүр: қызылы, сарысы мен көгі аралас. Тыр жалаңаш би: кеудесін ашып, санын жалаңаштағандардың көкесі осындай клубтарда болады екен. Намыстанып жатқан ешкім көрінбейді. Сары қыз маған билеп жүргендерді нұсқап «Атамыздай шалдар немересіндей қыздардың жанында маймыл бол десе – маймыл, күшік бол десе – күшік болады. Соны көрмейсіңдер. Ит боп үрген жігіттер мен доңыз боп аунайтын қыздар ертең сіздің алдыңызда сызылып, әдепті-ибалы болып тұра қалады. Оны да байқамайсыздар. Сөйте тұрып, ақыл айтқышсыздар. Алдымен, түнгі клубтардағы қалталы шалдарды, байдың балаларын, ақшалы қыздарды тізгіндеп алыңыздар! Содан кейін ғана әлеуметтік желідегілерге тиісіңіз! – деп, менің ауызымды жауып тастады.
Сары қызға қарап отырып «Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деген сөз есіме түсті. Сол күні әлгі жын-ойнақтан көңілсіз қайттым. Есесіне, газетімізге телефон шалған қоғам қайраткерлері тізгінсіз кеткен қаракөздердің қылығын біраз сынады.

Жарас ШӨКЕ

27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»
01 ақпан, 11:05
Тумысы бөлек тұлға