
Түркияда 2023 жылғы 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінің құрбандарын еске алу рәсімдері өтті, деп хабарлайды jasqazaq.kz Anadolu Agency-ге сәлтеме жасап. Елдің түкпір-түкпірінде марқұмдардың рухына Құран бағышталып, аза тұту шаралары ұйымдастырылды.
Бірқатар провинцияда «Тыныштық маршы» өтіп, жер сілкінісінің алғашқы дүмпуі тіркелген таңғы 04:17-де 65 секундқа үнсіздік жарияланды. Дәл осы уақытта Кахраманмараш өңірінде болған алғашқы күшті жер сілкінісі тіркелген еді.
Еске салайық, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 және 7,6 баллды құраған екі ірі жер сілкінісі тіркелген. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясында орналасқан апат ел тарихындағы ең ауыр табиғи зілзалалардың бірі ретінде «ғасыр апаты» аталды.

Жер сілкінісінен 11 провинция қатты зардап шекті. Атап айтқанда, Кахраманмарашпен бірге Хатай, Османие, Адыяман, Диярбакыр, Шанлыурфа, Газиантеп, Килис, Адана, Малатья және Элязыг өңірлері қырандылар астында қалды.
Зілзаланың дүмпуі Сирия, Ливан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, грек Кипрі және Ирак аумақтарында да сезілген.
Ресми мәліметке сәйкес, табиғи апат салдарынан 53 537 адам қаза тауып, 107 213 адам жарақат алған. Іздеу-құтқару жұмыстарына әлемнің 93 елінен келген мамандар атсалысты.

Апаттан кейін Түркия бойынша 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланып, зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай режимі енгізілді. Салдарды жою жұмыстарына барлығы 650 мың адам жұмылдырылған. Олардың ішінде 35 мыңнан астам құтқарушы, 142 мыңға жуық қауіпсіздік қызметкері және шетелден келген 11 мыңнан аса маман бар. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден, Қазақстаннан да гумантарлық көмек келген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазіргі таңда зардап шеккендер үшін 350 шатырлы қалашықта 645 мың шатыр, сондай-ақ 414 контейнерлі қалашықта 215 мыңнан астам контейнер орнатылған. Үйінен айрылғандардың көбі қазіргі таңда жаңа қоныстарына орналаса бастаған.
JQ-Aqparat
Сурет: Anadolu Agency агенттігі