Түркияда киіз үй тіккен қазақтар (Видео)

18 сәуiр 2023, 12:52

Көбіміз киіз үй тікпек түгілі, оның жабдықтарының кейбірінің атауын да ұмытып қалдық. Жас буынның тіпті хабары аз. Өткенде Түркияның жойқын жер сілкінісі болған Қаһраманмараш өңіріне Қазақстаннан жеткізілген, Дүниежүзілік этноспорт қауымдастығы мен өзге де ұйымдар апарған киіз үйлерді тігу оңайға түскен жоқ. Солардың көбінің басы-қасында жүріп, бағыт-бағдар беріп тіктірген азаматтың бірі — Анкарада докторантура оқып жатқан жерлесіміз Ғылымхал Манайұлы. Түркиядағы жас ғалыммен осы тақырыпта әңгіме өрбітіп көрдік.

— Түркияда алапат жер сілкінісі болған өңірлердегі қазақ киіз үйлерінің тігілуін, оларға баспансыз қалған тұрғындардың орналасуын тікелей әлеуметтік желідегі парақшаңызда бөліскен ақпарат, суреттерден көріп отырдық. Ол жақта қашаннан бері тұрасыз, киіз үй тігу жұмысына қалай барып қалдыңыз?

@jasqazaq.kzТүркияда киіз үй тіккен қазақтар 1♬ оригинальный звук JQ-Aqparat

@jasqazaq.kzТүркияда киіз үй тіккен қазақтар♬ оригинальный звук — JQ-Aqparat

— Түркияға оқу қуып барғалы бір жыл болды. Қазір Анкара қаласында Қажы Байрам университетінде білім алып жатырмын. Негізгі мамандығым — әдебиетші. Бүгінгі таңда білімімді тереңдетіп, ғылым бағытында докторантура оқу үстіндемін. Түркияда жойқын жер сілкінісі болғаннан кейін Қаһраманмарашқа қазақтың киіз үйлері жеткізілетіні, оларды тігуге адам іздеп жатқаны туралы ақпарат құлаққа тиген бойда бірден тарттым. Анкарадан менімен бірге он студент пен бір оқытушы барды. Ыстамбұлдан 20 студент келді. Олардың барлығы мен сияқты Қазақстаннан келіп білім алып жатқан жастар болатын. Өзге де азаматтар бар, жалпы саны 40-тың үстінде болдық. Барлығымыз бастапқы екі күннің ішінде 65 үйді тігіп үлгердік. 8 басты, 7 басты, 6 басты ағаш үйелерді тігудің жүгі көбіне маған түсетін. Жалпы Қаһарманмарашқа барып үй тігіскен әрбір азаматтың еңбегі ерекше. Бірнеше күннен кейін көбі кетіп, бірнеше адам ғана қалдық. Түріктер көмектесу үшін 10 әскер әкеп берді. Екі аптаға дейін сонда болып, соңғы киіз үйді тігіп, бір-ақ қайттым десем болады. Баспанасыз қалған халықтың көзіндегі мұңды көріп, әрі «қазақтар өздері әкелген үйлерін өздері тіге алмай кетті демесін» деген ой-намыс қамшылап отырды.

— Қанша үй тіктіңіздер?

— Қазақстаннан келген жүздей киіз үймен этноспорт қауымдастығының әкелген темір қаңқалы үйлерін қазақ азаматтармен бірге тіктік. Құрастырылатын үйлер жеңілдеу болды. Ал соның ішінде маған тиесілі болған ағаштан жасалған қазақ киіз үйлері болды. Бұл үйдің айырмашылығы — бұрынғы ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр, мәдениет бар. Тігілуі, құрылымында өзіндік ерекшеліктері бар. Оны кез келген адам құра алмайды. Тек қолы білетін, немесе көзі көрген азаматтар ғана жасайды. Бұл киіз үйдің кереге, шаңырақ уық, есік, баған, бақандары толық ағаштан жасалған. Ал үзік, туырлық пен түңлік сияқты жабдықтары таза қой жүнінен жасалған оргинал киіз. Өю өрнектері, әшекей бұйымдары қазақтың қол өнер шеберлерінің қолынан шыққан нағыз қазақы нақыштағы өю бедерілермен жасалған. Оның қалай тұруы, қалай құрылуы, бауларының байлануына дейін өзіндік сырлары бар. Адам баласына өмір сүруіне қолайлы, ешқандай зияны жоқ, адам денсаулығы үшін пайдалы, ауа-райының ыстық, суығынан қорғайды, әрі өмір сүруіне қолайлы. Жалпы бастапқыда киіз туырлықты көшпенділердің елдерінен 500-ден астам үй жетті.

 

— Түрік халқы арасында бір кездері ноғай әншісі Арысланбектің домбыра әнінен кейін қара домбыраның қадірі артып еді. Осы жолы киіз үйіміз біршама танылған сияқты?

— Иә, түрік БАҚ-тарында киіз үйлер туралы көптеп материалдар шығып, халықтың қызығушылығы артты. Тіпті, киіз үй сатып алғысы келетіндердің де саны көбейгенін байқадық. Бізге көп қойылған сұрақ та осы көшпенділердің ерекше үйі туралы болды. Ал Қаһарманмарашта түріктер киізге үйге бірінші баспана ретінде, екінші, қауіпсіздігі үшін таласып-тармасып, қол жеткізіп алып қалуға тырысты. Бәріне бірдей жетпесе де санаулы болса да жүзден астам отбасы орналастырылды. Олар — жақындарынан айырылғандар, және баспанасыз қалғандар. Үйге орналасқан ағайындар дән риза, бар алғысын ризашылығын айтып жатты. Алладан Қазақ елінің амандығы үшін дұға тілеп, рахметін жеткізуде. Бұл бір жағы ағайынның, екі елдің арасындағы достығын нығайта түсті. Қазіргі уақытта Қазаққа деген ризашылығы, құрметі ерекше. Олар тағы да Қазақстан, Қырғызстан мен Моңғолия елдеріне тапсырыс беріп, үйлердің келуін күтуде. Жалпы бауырлас елдерден бастапқы келген 500 үйге, 500-дей отбасы орналастырылған. Қалған ағайындар уақытша ақ шатырларға жайғастырылды. Бірақ олардың көбі киіз үйдің ерекшеліктерін білген соң, киіз үйлерде тұруға деген бәсеке күшейді. Меніңше, алдағы уақытта киіз үйге деген сұраныс арта береді.

 

 

 

Сұхбаттасқан Ержан Төлек

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?