jasqazaq.kz

Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді

31 қазан, 14:42

Түркістан облысы биыл өңдеу өнеркәсібін дамытуды басты басымдыққа айналдырды. Индустриалды аймақты күшейту, жаңа өндірістер ашу, арнайы экономикалық аймақтарды кеңейту және агроөнеркәсіптік кластерлерді құру өңір экономикасына тың серпін берді.

Жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан. Оның негізгі бөлігі — өңдеу саласына бағытталған.

Аймақтың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, облыс экономикасының басты бағыты — өңдеу өнеркәсібін күшейту. Биылға 332 млрд теңгеге 57 өндірістік жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу көзделген. 9 айдың қорытындысы бойынша 33 жоба іске қосылып, 4 793 жаңа жұмыс орны құрылған. Өңірге 1 трлн теңге инвестиция тартылған. Өсім 115,9%-ды құрап отыр.

«Бұл — Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Түркістанда өңдеу өнеркәсібінің локомотиві — индустриалдық аймақтар. Өңірде 20 индустриалдық аймақ және 3 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл — Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі», — деді басқарма басшысы.

Индустриалдық аймақтардағы жағдайға тоқталып өтсек, 98 жоба жүзеге асырылуда (құны — 152 млрд тг), 39 млрд теңге инвестиция игерілді, 50 жоба іске қосылып, 2 603 жұмыс орны ашылды.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында 155 млрд теңгеге 13 ірі жоба жүзеге асып жатыр.

«Арнайы экономикалық аймақтар инвесторлардың шығынын айтарлықтай азайтады: инфрақұрылым дайын, жер телімдері беріледі, салықтық жеңілдіктер бар. Өңірдегі маңызды жобалардың бірі — Шағын өнеркәсіптік парк. Бұл жоба өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнеске жол ашты. 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған», — деді Қанат Әбдіразақұлы.

Қазіргі нәтиже бойынша 40 ғимарат салынған. 32 жоба іске қосылып, 1 220 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ 27 млрд теңге импортты алмастыру мүмкіндігі пайда болды.

Сауран ауданында жеке инвестиция арқылы тағы 5 шағын өндірістік алаң салынған.

Өңдеу өнеркәсібіндегі келешегі зор жобалардың бірі — Мақтаарал ауданы, Атакент кеден бекеті жанындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы.

Басқарма басшысы: «Бұл жоба аймақтың логистикалық және өндірістік мүмкіндігін түбегейлі арттырады», — дейді.

Орталық интеграцияланған қойма және өндірістік инфрақұрылыммен қамтылған. Оған 123 млрд теңге инвестиция құйылып, 3 000 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті бюджетке 355 млн теңге салық төлеуіне қоса, Орта Азия елдерімен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында үш ірі кластерлік бағыт та дамып жатыр. Олар — мақта, жүгері және ет өңдеу. Бұлар өз кезегінде өңірдің жаңа брендіне айналған.

«Түркістан — Қазақстандағы жалғыз мақта өсіретін аймақ. Сол себепті біз толық циклді мақта-тоқыма кластерін қалыптастырып жатырмыз», — деді басқарма басшысы.

Мақта кластері бойынша:

* 5 ірі жоба (құны — 201 млрд тг)

* Қуаты — жылына 229 мың тонна

* 7 030 жұмыс орны

* Түркістан қаласында толық циклды тоқыма кешені салынуда

* Отырар ауданында 32 мың гектар жерде жаңа технологиямен мақта егілді (шыққан өнім — 45 ц/га)

Жүгері кластері бойынша Шардара ауданындағы «Казкрахмал» зауыты:

* Құны — 14 млрд тг

* Жылына 150 мың тонна жүгері өңдейді

* 26 түрлі өнім шығарады

* 500 жұмыс орны

* 2030 жылға қарай жүгері алқабы 40 мыңнан 70 мың га дейін ұлғаяды

Ет кластері бойынша:

* 7 жоба, құны — 50 млрд тг

* Қуаты — 35 мың тонна

* 802 жұмыс орны

* 50 мың бас мал бордақылау кешені

* Заманауи мал биржасы

* «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz», «Бес қара» кешендері іске қосылған.

Қанат Қайыпбек: «Бұл кластерлер — өңірдегі терең қайта өңдеуді дамытудың стратегиялық бағыттары. 9 айда 1,1 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өсім — 113,5%. Түркістан республикада ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде 21 жаңа жоба іске қосып, 885 жұмыс орнын құрып, көш бастап тұр. Жылыжай көлемі 1 715 гектарға жетті (еліміздегі үлесі — 76%). 102 мың тонна көкөніс жиналды», — деп атап өтті.

Осылайша, Түркістан облысы биыл өңдеу өнеркәсібін дамытуда айқын серпін көрсетті. Индустриалды аймақтар, жаңа өндірістер, халықаралық кооперация орталығы және агроөнеркәсіптік кластерлер өңірдің экономикалық моделін жаңа деңгейге шығарды.

Өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау — Түркістанның болашағын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғасатыны туралы өңірдің экономика басқармасының басшысы Қанат Әбдіразақұлы толық сеніммен жеткізді.

Олжас Әбдіхалық

Суреттер: Түркістан облысы әкімдігі 

31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік