Түркістан қаласының осы жылға арналған бюджеті қабылданған тұста, қоғамдағы ең осал топтардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көрсетілетін қолдау тетіктері мен қаржылық қамту аясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Бұл туралы Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы «Jas Qazaq» газетіне арнайы берген сұхбатында кеңінен әңгімелеп берді.
«Мәслихат сессияларында біз ең алдымен тұрғындармен етене жұмыс істейтін әкімдік құрылымдары мен қоғам өкілдерінің ұсыныстарына жүгінеміз. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, қолжетімді орта қалыптастыру бағытында нақты нәтиже беретін жобаларға басымдық беруді жөн көрдік», – дейді Ғаппар Амантайұлы.
Түркістан қаласының 2025 жылғы бюджетінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған бірқатар қызмет пен әлеуметтік қолдау шаралары бекітілген. Жалпы, бұл бағытта жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
Бекітілген қаржы бірнеше нақты бағытқа бөлінген:
* Мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен абилитациялау бағдарламасы шеңберінде, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің қызметі, ымдау тілі маманының көмегі секілді кешенді шаралар үшін – 1 931 689 000 теңге бөлінген.
* Жергілікті өкілді органдардың шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек ретінде – 180 695 000 теңге қарастырылып отыр. Бұл көмек атаулы түрде көрсетіледі және оның тиімділігі қоғам белсенділерімен бірге бақылауда болады.
* Үйден оқытылатын және тәрбиеленетін мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз етуге – 10 616 000 теңге бөлінген. Бұл – үй жағдайында оқитын балаларға білім мен тәрбие алуда тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды қадам.
* Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған кешенді шараларға – 163 353 000 теңге бөлінген.
«Бұл жерде мәселе тек бөлінген қаражатта емес. Біз қарапайым бюджеттік сандардың ар жағында мыңдаған тағдыр барын түсінеміз. Түркістан – рухани астана ғана емес, әлеуметтік қамқорлық пен азаматтық жауапкершілігі бар қала болуы тиіс», – дейді Ғаппар Сәрсенбаев.
Оның айтуынша, қала тұрғындары арасында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін ҮЕҰ, волонтерлер және бастамашыл топтар белсенді. Жаңа жылдан бастап осы ұйымдармен бірлесіп, қалалық әкімдікпен бірге нақты жобалар жүзеге аса бастайды.
Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы бюджет бекітілгеннен кейін қоғам тарапынан бақылау мен есептіліктің міндетті түрде қамтамасыз етілетінін айтты.
«Біз әлеуметтік бағыттағы әрбір жобаның тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг жүргіземіз. Бұл істе жергілікті БАҚ, қоғамдық кеңес және белсенді азаматтармен байланыс күшейеді. Әлеуметтік саясат – ең алдымен жүрекпен орындалатын саясат. Ал біз Түркістанда оны адал ниетпен жүзеге асырудамыз», – деді мәслихат төрағасы.
Олжас Әбдіхалық