
Түркістан облысында кітапхана ісі қарқынды дамып, жаңа мазмұнға ие болуда. Өңірде халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, білімге ұмтылысын арттыру және кітапқа қолжетімділікті кеңейту мақсатында жүйелі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, көпфункционалды мәдени-ағартушылық орталықтарға айналып келеді.
Осы бағытта қоғамдық орындарда кітапхана филиалдарын ашу тәжірибесі кеңінен енгізілген. Қазіргі таңда сауда орындарында — 3, мешіттерде — 6, әкімдіктерде — 16, сондай-ақ жастар орталығы, ардагерлер үйі, қамқорлық және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында кітапхана бөлімшелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл бастамалар кітапхананы заман талабына сай жаңғыртып, оны білім мен шығармашылықтың ашық алаңына айналдыруға бағытталған. Осы сынды жұмыстар туралы Jas Qazaq тілшісі Түркістан облысының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбековпен сұхбаттасты.
– Әділ Нұржанұлы, Түркістан облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында қандай нақты жұмыстар жүргізілуде?
– Облыста кітапхана ісін дамыту – мәдени саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз үшін басты мақсат – кітапты халыққа барынша жақындату және оқырман санын арттыру ғана емес, сонымен қатар тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру.
Осы мақсатта кітапхана филиалдарын халық жиі баратын орындарда ашу тәжірибесін енгіздік. Қазіргі таңда сауда орындары, мешіттер, әкімдіктер сияқты қоғамдық кеңістіктерде жұмыс істеп тұрған кітапхана бөлімшелері тұрғындарға күнделікті өмір барысында кітап алуға мүмкіндік береді. Мәселен, азаматтар сауда орталығына барған кезде немесе мемлекеттік мекемеге қызмет алуға келгенде, қосымша уақыт жұмсамай-ақ кітап алып, қайта тапсыра алады.
Бұл тәсіл әсіресе жастар мен жұмысбасты азаматтар үшін өте тиімді. Сонымен қатар, біз кітап қорын үнемі жаңартып, сұранысқа ие әдебиеттермен толықтырудамыз. Әлеуметтік, көркем әдебиет, балаларға арналған кітаптар, мотивациялық және білім беру бағытындағы басылымдар кеңінен ұсынылады.
Жалпы алғанда, бұл бастамалар халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға ықпал етуде.
– Мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындардың кітаптарға қолжетімділігін арттыру бағытында тағы қандай жобалар бар?
– Бұл бағытта біз «Фараб» кітапханасының жылжымалы пункттерін іске қостық. Бұл – кітапхананы оқырманға жақындатудың тағы бір тиімді жолы. Жылжымалы пункттер облыс әкімдігі ғимаратында, «Қуаныш» сауда орталығында, «Конгресс холл» кешенінде және Жастар ресурстық орталығында орналасқан.
Бұл жобаның ерекшелігі – кітапхана қызметі тек арнайы ғимаратпен шектелмейді, ол тұрғындардың күнделікті жүретін ортасына интеграцияланады. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін бұл өте ыңғайлы. Олар жұмыс барысында үзіліс кезінде кітап алып, оқу мәдениетін қалыптастыра алады.
Сонымен қатар, біз кітаптарды тіркеу және беру жүйесін де жеңілдетіп, оқырмандарға барынша ыңғайлы жағдай жасадық. Болашақта бұл бағытта цифрлық қызметтерді енгізу, электронды кітаптарды пайдалану мүмкіндігін кеңейту де жоспарланып отыр.
Бұл жобалардың барлығы – қоғамда білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар.
– Заманауи форматтағы кітапхана қызметтері туралы айтып өтсеңіз. Қандай жаңашыл жобалар бар?
– Қазіргі уақытта кітапханалар дәстүрлі форматтан шығып, көпфункционалды мәдени орталықтарға айналып келеді. Облыстық «Фараб» кітапханасында ашылған коворкинг орталығы – соның айқын дәлелі. Мұнда жастар мен оқырмандар еркін жұмыс істеп, білімін жетілдіріп, түрлі жобалармен айналыса алады.
Сонымен қатар, «Атамұра» атты саз балшықтан құмыра жасау үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірме арқылы қатысушылар ұлттық қолөнерді меңгеріп қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Ең бастысы – бұл қызметтер тегін ұсынылады, яғни кез келген адам қатыса алады.
Бұдан бөлек, «Fab-Lab» цифрлық шеберханасы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Мұнда 3D принтерлер, лазерлік құрылғылар, ағаш кесуге арналған заманауи техникалар бар. Оқырмандар өз жобаларын жасап, инженерлік және техникалық дағдыларын дамыта алады. Бұл – кітапхананың білім беру алаңы ретінде жаңа деңгейге көтерілгенінің көрінісі.
Ал «DybysLab» дыбыс жазу студиясы – әлеуметтік маңызы бар жоба. Бұл жерде кітапханашылар көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған аудиокітаптар жазып жатыр. Сонымен қатар, жастар подкаст жазып, өз шығармашылық жобаларын жүзеге асыра алады.
Жалпы, бұл бастамалардың барлығы кітапхананы тек кітап оқу орны емес, білім, технология және шығармашылық тоғысқан заманауи кеңістікке айналдыруға бағытталған. Ең маңыздысы – барлық қызметтер оқырмандарға тегін ұсынылады, бұл олардың қолжетімділігін арттырады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық