jasqazaq.kz

Түркістанда балалардың психологиялық саулығы — басты назарда

20 тамыз, 14:59

Балалардың психологиялық саулығы – кез келген қоғамның болашағы үшін маңызды тақырып. Жасөспірімдердің эмоционалдық тұрақтылығы, өзіне деген сенімі мен өмірлік құндылықтарды дұрыс қалыптастыруы – олардың ертеңгі күні кемел азамат болып өсуінің алғышарты. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемде де, Қазақстанда да жасөспірімдер арасындағы күйзеліс пен өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жиілеп отыр. Бұл туралы психолог, Harvard Medical School Teaching Hospital тарапынан «Suicide Screening, Assessment and Brief Intervention» бағдарламасы бойынша сертификатталған маман Айнұр Сисенова Jas Qazaq тілшісіне берген сұхбатында ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қоғамды алаңдататын деңгейге жеткен.
«Әлеуметтік желілердің ықпалы, білім жүйесіндегі жүктеменің артуы, ата-аналар тарапынан түсінбеушілік пен қолдаудың жетіспеуі — бәрі балалар мен жасөспірімдердің эмоциялық әл-ауқатына әсер етуде. Соңғы жылдары Қазақстанда да суицидтік мінез-құлық көрсеткіштері тұрақты назарда тұр. Бұл жастардың психологиялық тұрақтылығы жеткілікті деңгейде қалыптаспағанын көрсетеді», – деді Айнұр Сисенова.
Бұл құбылыс ата-аналар мен ұстаздардың ғана емес, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс. Еліміздің рухани астанасы — Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда екенін психолог ерекше атап өтті. Осы себепті маман Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, психикалық денсаулықты нығайту және ата-аналар мен педагогтардың рөлі туралы арнайы семинар ұйымдастырған болатын. «ҚР жастары арасында психикалық денсаулықты нығайту және суицидтің алдын алу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының тиімді өзара іс-қимылы» тақырыбында өткен жиынға түркістандық мамандар, ұстаздар мен психологтар қатысқан болатын.
“Түркістанда семинар барысында қатысушыларға халықаралық тәжірибеде қолданылатын SAFE-T моделі түсіндірілді. Бұл әдіс мамандарға суицид қаупін жүйелі бағалап, қауіпсіздік жоспарын құруға мүмкіндік береді. Нақты кейстер талданып, сенімді диалог жүргізу әдістері үйретілді.Қатысушылар өз тәжірибесіне тікелей қолдана алатын нақты құралдар мен әдістерді меңгерді. Алынған кері байланыс олардың кәсіби сенімділігінің артып, әрекет етуге дайындығы күшейгенін көрсетті», – деді Айнұр Сисенова.
Алайда мәселе тек семинар аясында ғана емес, қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр.Маман балалардың ең алдымен отбасында өзін қауіпсіз әрі бағалы сезінуі керектігін айтты.


«Ата-ананың ең басты міндеті – баласының эмоционалдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Суицидке қарсы иммунитет бала бойында тек бақылау мен талап қою арқылы емес, сенімге негізделген жылы қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар психологиялық сауаттылықты екінші кезекке қояды. Ал шын мәнінде, баламен ашық сөйлесу, эмоцияларын бөлісуге мүмкіндік беру – ең тиімді профилактика», – деді ол.
Маман пікірінше, жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғау үшін ата-аналардан бастап, мектеп пен қоғамға дейінгі барлық деңгейде жүйелі жұмыс қажет.
«Әрбір ата-ана баласынан күнделікті «Бүгінгі күнің қалай өтті? Бүгін қандай сезімде болдың?» деп сұрауды әдетке айналдырса – бұл психологиялық профилактикаға тең», – деді ол.
Сонымен қатар, мектеп психологтарының қызметін күшейту қажеттілігі де айтылды. Психолог тек «қиын жағдайды» шешетін маман ғана емес, оқушының күнделікті қолдаушысы болуы тиіс.
«Қоғамдық деңгейде балалар мен жастардың менталды денсаулығын ұлттық құндылықтармен ұштастыру, өмірге деген жауапкершілік пен мағынаны ерте жастан дарыту қажет. Бұл – болашақта суицидтің алдын алудың ең тиімді жолы. Сонымен қатар, мектептегі психологиялық қызметтің белсенділігі өте маңызды. Психолог тек «қиын жағдайда» көмекке келетін маман емес, керісінше, оқушыларға күнделікті қолдау көрсететін сенімді тұлға ретінде қабылдануы қажет. Бала мектепке тек білім алу үшін емес, өзін қауіпсіз әрі қолдау бар ортада сезіну үшін де келеді.
Жалпы қоғам деңгейінде де үлкен жауапкершілік бар. Балалар мен жасөспірімдердің менталды денсаулығын ұлттық құндылықтармен ұштастыру, өмірге деген жауапкершілік пен мағынаны ерте жастан дарыту – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Отбасы мен мектеп бірігіп жұмыс істегенде ғана бала өзін жалғыз сезінбейді, ал өмірдің мәнін түсініп өсуге мүмкіндік алады,»- деді психолог Айнұр Сисенова.

Олжас Әбдіхалық

 

 

 

 

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда