jasqazaq.kz

Түркістан: Жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды

22 мамыр, 15:05

 

Қай өңірдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция көлемі әсер етеді. Сондықтан Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Соның нәтижесінде Түркістан облысына жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл облыста 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6 908 жұмыс орнын құру жоспарланып қойды. Индустриалдық аймақтар мен шағын өндірістік парк те кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Біздің алдымызда Түркістан облысын жан-жақты дамыту міндеті тұр. Өңірдегі инвестициялық ахуал жақсы, инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге біз инфрақұрылымды дамыту, ауыз су жүйелерін реттеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға да мүдделіміз», – деді.

Өзбек инвесторы Сауран ауданында кәсіпорын ашады

Өндірісі мен ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Түркістан өңіріне алыс-жақын шетелден қызығушылық танытатын инвестор көп. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Өзбекстан Республикасынан келген «Samarkand irrigation system» ЖШС директоры Санжар Әбіловпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Кездесуде тараптар Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Өзбекстандық инвесторлар Сауран ауданындағы шағын өндірістік паркінде жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін кәсіпорын ашуға ниетті. Ауыл шаруашылығы басты саланың бірі саналатын өңірге мұндай өнліріс орны керек-ақ.

Облыс әкімінің орынбасары бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екенін, қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
Талғат Қозбеков: «Қасиетті Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Өзбекстан еліндегі іссапарымыз нәтиже беріп, әріптестік орнатылғанына қуаныштымыз. Өңір экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жаңа жобаларды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына қолдау көрсетіледі», – дей келе, ауыл шаруашылығына қажетті басқа да жүйелерді қарастыру туралы ұсыныс білдірді.
Инвестор арнайы тәжірибелі мамандар жергілікті тұрғындарды суару жүйелері өндірісін үйретуге дайын екеніне тоқталып, алдағы уақытта жоба қуаттылығы арта түсетінін атап өтті.

Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 3 млн АҚШ долларын құрамақ. Қуаттылығы жылына 1750 тонна болатын жобаны 2025-2027 жылдар аралығына іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұған дейін Өзбекстанның Ташкент қаласында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Samarkand irrigation system» ЖШС директоры Санжар Абилов әріптестік орнату бойынша кездесу өткізген болатын. Сол кездесуде тараптар ирригация, сумен қамту және агроөнеркәсіптік секторға заманауи технологияларды енгізу саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Инвесторлар облыстағы Өнеркәсіптік парктер, «Turan» АЭА және «Түркістан» индустриалды аймақтарын аралап, жұмысымен толық танысты.
Кездесу нәтижесінде екі жақ өзара тиімді әріптестік орнатуға және жобаны одан әрі ілгерілету бойынша жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Түрікменстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық артады

Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түрікменстан Президенті жанындағы Арқадаг қаласының құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Дериягелді Оразов пен Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов бастаған Түрікменстан Республикасының делегациясымен кездесті. Бұл кездесуде екі жақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасын, білім беру және тәжірибе алмасу бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнату жолдары талқыланды.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысында шетелдік компанияларының өндірістерін ұйымдастыру үшін индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін Шағын өнеркәсіптік парктер бойынша толық мәлімет берді. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін инвесторлар салықтардан, кедендік төлемдерден босатылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Кездесу нәтижесінде тараптар жаңа бастамаларды іске асыруға дайын екендерін білдіріп, Қазақстан мен Түркменстан арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтілді.
Айта кетейік, өткен жылы екі жақты тауар айналымының көлемі 26,5 млн долларды құрады. Оның ішінде импорт — 20,1 млн доллар, экспорт — $6,4 млн доллар.

JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 10:55
Түркістан: өңірде жаңа зауыт пен кәсіпорындар салынады
22 мамыр, 15:35
Түркістан: Шетелдік компаниялар өңірдің экономикалық әлеуетіне көз жеткізді
22 мамыр, 15:05
Түркістан: Жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды
22 мамыр, 14:16
Алматы облысының тұрғындары «Келешек» жүйесіне қызығушылық танытуда
22 мамыр, 14:06
Түркістан: 216 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіледі
21 мамыр, 15:51
 Рухани құндылық: Түркістанда оқушылар «Едіге» жырын жатқа айтты
21 мамыр, 14:46
Ордабек Жәмиев: Қоғамдағы инклюзия – мақсатты шешімдердің нәтижесі
21 мамыр, 12:32
Түркістан: Инклюзивті қоғамдағы шексіз мүмкіндік
20 мамыр, 15:05
Түркістан: Ауыл шаруашылығы - экономикалық өсімнің басты көрсеткіші