Түркістан облысының құрылғанына биыл 7 жыл болды. 2018 жылдың 19 маусымында Президент Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді. Жеті жылдың ішінде киелі Түркістан өңірі әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамыды? Қанша инвестиция тартылды, өндіріс орындары ашылды? Jasqazaq.kz Түркістан облысы әкімдігінің мәліметеріне сүйене отырып, жеті жыл ішінде қол жеткен жетістіктерге тоқталуды жөн көрді.
Мұндай қысқа мерзімде үлкен аумағы үлкен, халқының саны көп облысты дамыту оңай болмағаны анық. Дегенмен атқарылған ауқымды жұмыс көп. Ең алдымен тарихи шаһарда жүздеген құрылыс нысандары бой көтеріп, түркі әлемінің мәдени және туристік астанасы ретінде ажарлана түсті.
Жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. 2018 жылы ЖӨӨ 1,7 трлн теңгені құрағанын ескерсек, бұл зор жетістік.
Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі жеті жылда 2,7 есе артып, 1 214,0 млрд теңгені құрады (2018 жылы — 438,6 млрд теңге).
Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалдық аймақ және арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 195,4 млрд теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды.
Ауыл шаруашылығында өнім көлемі жеті жылщда екі есеге артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты (2018 жылы — 548,7 млрд теңге). Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан облысы бүкіл ел бойынша көш бастап тұр.
Агроөнеркәсіп кешеніне жеті жылда жалпы 700 млрд теңге инвестиция тартылды.
Инвестиция тарту – экономиканың маңызды бағыты десек, облыс экономикасына тартылған инвестиция жеті жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд теңгені құрады (2018 жылы — 314,1 млрд теңге). Биыл жыл басынан тартылған инвестиция 387,8 млрд теңгені құрады (оның ішінде 199,3 млрд – жеке инвестиция, 128,7 млрд – бюджеттік инвестиция).
Ал шетелден тікелей тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (467 млн АҚШ доллар) 245,0 пайызға артығымен орындалды.
Туризм саласына жеті жылда жалпы 442,6 млрд теңге инвестиция құйылып, 18,1 мың адам жұмыспен қамтылды.
Облыс орталығы — Түркістан қаласында 100 мың адамға лайықталған инфрақүрылым тартылып, тұрғын үйлер салынды. Әлеуметтік-спорттық-мәдени нысандар бой көтерді. Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы Заң қабылданды. Бүгінде Түркістан шаһары – Орталық Азиядағы ең сәулетті қалалардың біріне айналып келеді.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жаңа серпін бергені анық.
Бүгінде облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде 3916 жаңа жұмыс орны құрылады.
Сондай-ақ «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап қойды. Бұл жобаның инвестициялық құны — 100 млрд теңге. Зауыт іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
Осылайша Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.
Jas Qazaq
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі