Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысына айрықша мән беріледі, Облыс құрылғаннан бергі жеті жыл ішінде құрылыс көлемі 3,8 есе өсіп, 536,2 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің 2018 жылы 140 млрд теңгені құрағанын ескерсек, содан бері зор нәтижеге қол жеткізілгені анық байқалады. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімеьінше, осы уақыт аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы 388 мың шаршы метр пайдалануға берілген болатын.
Түркістан облысы құрылғаннан бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың адам тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды.
Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Соның нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.
Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдегі елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, «сақалды құрлыс» мәселесі де оңтайлы шешілді.
Жұртты баспанамен қамтып, әлеуметтік нысан санын көбейтумен қатар инфрақұрылымды дамыту міндеті де сырт қалмауы тиіс. Бұл бағытта Түркістан облысында жұмыс тоқтаған емес.
Бүгінгі күні орталықтандырылған ауыз су жүйесі мүлдем болмаған 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынып, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Осының нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 767-ге жетіп (2,1 млн адам), қамту деңгейі 95,9 пайызды құрады. Биыл қосымша 30 елді мекенге су құбырын тартып, 801 елді мекенді ауыз сумен толық қамтамасыз ету көзделген.
Облыс көлемінде 2018-2024 жылдар аралығында табиғи газбен қамту мақсатында 115 нысанның құрылысы аяқталды. Газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, қамту деңгейі 69,7тпайызды құрады. Нәтижесінде «көгілдір отынға» 1,8 млн. адам қол жеткізді. Биыл қосымша 45 елді мекенді газға қосып, қамту деңгейін 75,3 пайызға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар 1 ғасырға жуық тарихы бар Кентау жылу орталығы 85 пайызға тозған болатын. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды.
2025-2027 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы газ турбиналы станцияның құрылысын жүргізу көзделуде. Инвестиция көлемі – 148 млрд теңге. Жоба арқылы 240 Мвт электр, 160 Гкал/сағ жылу қуаты өндіріледі.
Биыл облыс аумағында 64 табиғи газ нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 38 нысанның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде жалпы табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, қамту деңгейі 73,9 пайызды құрамақ.
Облыста жалпы электр энергиясына қажеттілік – 320 МВт, оның ішінде 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Елді мекендердің 98 пайызы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты электр энергиясын өзге де қуат көздерінен (күн сәулесі панелі, дизелдьді генератор) алады. 44 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылды. Биыл қосымша 93 елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ету көзделуде.
Электр қуатының тапшылығын «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 000 МВт бу-газ қондырғы станциясын (ПГУ) салу арқылы шешу жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған.
Түркістан облысында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі