Түркістан: Жастарды жұмыспен қамту – басты назарда

24 шiлде 2023, 13:12

Елімізде жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмыспен қамту – аса маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы: «Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуы тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», — деген еді.

Жастар жәрмеңкеден жұмыс табады

Түркістан өңірінде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне зор мән беріледі. Бұл бағытта тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады.

Мәселен, жуырда Сарыағаш ауданында «Жастарға жұмыс» жобасы аясында білім беру ұйымдарының түлектері мен жұмыс таба алмай жүрген жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жәрмеңкеге аудандағы жұмыссыз жүрген 175 адам қатысып, оларға ауданның 24-жұмыс берушілері 150 тұрақты бос жұмыс орындарын ұсынды.

Жәрмеңкенің нәтижесі көңіл көншітерліктей. Бос жұмыс орындары бойынша тұрақты және уақытша жұмысқа 20 азамат, жастар тәжірибесіне — 8 азамат, алғашқы жұмыс орнына 3 азамат баруға ниет білдіріпті.

Мұндай жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат — жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және бірлесіп шешу, оларды алаңдатқан сұрақтарына жауап беру, бос жұмыс орындары мен «Ұлттық жоба» аясында субсидияланатын жұмыс орындары жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орыны, жастарға берілетін 2,5 пайыздық несие жобаларын кеңінен насихаттау. Сондай-ақ жәрмеңкеде талапкерлерді «Серпін» бағдарламасы арқылы жоғары оқу орындарына білім алуға шақырылды.

Әкімдік алдағы уақытта да Сарыағаш ауданындағы азаматтарды, соның ішінде жастарды жұмыспен қамту бағытында осындай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу әкімдіктің жоспарында бар.

Ғалымжан Үсенбаев: Жастарға қолдау көрсетуге әзірмін

Жастар саясатын жүзеге асыруда жас буынды еңбекке баулу, мамандық таңдауда жөн сілтеудің маңызы зор. Үлгі ретінде Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтің аудан жастарымен кездесу өткізіп, пікір алмасуын айта кесек болады. Жүйнек ауылдық округіндегі демалыс орталығында өткен шарада ауыл жастарының тұлғалық қабілеті, мамандық таңдау, өзін-өзі тану, көшбасшылық, қоғаммен байланыс бағыттарын дамытуға арналған «Тұлға» әлеуметтік жобасының қорытынды кеші ұйымдастырылды. Жиында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев сөз сөйлеп, кездесуді ашып берді.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінгі сіздермен арнайы кездесіп, ерін форматта жүздесіп отырмын. Жастардың бойынан тың идеяларын тыңдап, оларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірмін. Бүгін сіздерден тың идеялар мен ұсыныстар шығатынына сенімім зор. Сондықтан қоғамда «Жастар қоғамның қозғаушы күші» екенін айтқым келеді. Ауданның «Жастар ресурстық орталығының» белсенді жастары игілікті істің басы қасынан табылып, ауданның өркендеуіне атсалысады деп сенім білдіремін», — деді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жоба аясында Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Жүйнек ауылдық округтерінде 200-ден астам жастың қатысуымен семинар-тренингтер өткізіліпті. Ауданның дамуына үлес қосып жүрген жастарға арналған бейнероликтер жасалып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Шара барысында жас домбырашылардың қатысуымен күй ойналды. Жобаны ұйымдастырушы кештің спикерлері Самат Сүлей мен Рухабза Халдарбек жиынды жүргізіп, сұрақ-жауапқа ұласып, шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар, белсенді жастарға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев алғыс хаттар мен «Дара Ұрпақ» медиа академиясына оқуға арнайы сертификаттар тапсырды.

Сауран ауданы әкімінің баспасөз қызметінің дерегінше, бүгінде аудандағы 14-35 жас аралығындағы жастардың саны – 33030. Аудан бойынша жұмыссыз санатына жататын жастар саны қазіргі таңда 356 азаматты құрап отыр. Осыған орай, жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында 2023 жылға жастар практикасына — 97 азамат, алғашқы жұмыс орындарына — 57 азамат, мемлекеттік грант бойынша 20 азамат жұмыспен қамтылған. Жастарға арналған 2,5% несие бойынша 28 азамат жоспарланып, 7 азамат жұмыспен қамтылып отыр.

Кәсіпкер жастардың қатары көбейеді

Жастарды жұмыспен қамтудағы бір бағыт – кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау. Бұл орайда биыл елімізде жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жүзеге қосылған болатын.

Түркістан өңірінде оның талаптары мен шарттары туралы жастар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілгені мәлім. Жуырда сол жұмыстың нәтижесі жария етілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев өңір бойынша 2,5 пайызбен несие алу үшін бүгінге дейін 636 жас құжат тапсырғанын жеткізді. Оның 434-і комиссияға ұсынылып, 243 үміткердің бизнес-идеялары қаралған. Соның нәтижесінде, 142 жастың жобасы мақұлданып, 62 жасқа қаражат аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 80 жасқа кәсібін жүргізу үшін қаражат берілді. Ал қалған 101 үміткерге несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты оң қорытынды берілмеген.

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев: «Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. Өңір бойынша Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ал Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Сондай-ақ, Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде», — деп атап өтті.

Түркістан облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының Несиелеу бойынша директорының орынбасары Әлібек Имашев 2,5 пайыздық несиенің мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін берілетінін қаперге салды.
«Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Жоба қабылданып, несие алатын кезде кепілгердің сенімхаты мен өзі міндетті түрде болуы тиіс. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркеліп, ал кепілге қоятын мүлкі басқа өңірде орналасуына рұқсат беріледі. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер немесе арнаулы техника қабылданады. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет, — деді Әлібек Имашев.
Еске сала кетейік, жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталды. Жоспар бойынша, Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд теңге қаржы бөлінгенін мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп, Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғасын табады.

Айдос Құсайынұлы,
Түркістан облысы

Бүгін, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды