Түркістан облысының Түлкібас ауданы негізінен ауыл шаруашылығы, оның ішінде ет-сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Екі мыңнан астам шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Шағын және орта бизнеспен айналысатындар көп. Сондықтан аудан экономикалық дамуы жағынан көш басынан көрінуде. Биыл Түлкібас ауданында қаңтар-мамыр айлары аралығында жалпы өңірлік өнім көлемі 29,9 млрд теңгені құрады. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15 млрд теңгеге жетіп, өсім 81,6 пайызды құрады. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев айтып өтті.
Аудан басшысы: «Қазіргі таңда ауданда 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқарады. 2025 жылы жалпы инвестициялық құны 42,5 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар 395 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Атап айқанда, «Beibars Bottlers» ЖШС-ң ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндірістік зауыты. Сондай-ақ, Састөбе кентінде орналасқан «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-і цемент, кальций карбид, каустикалық сода, ПВХ және әк өндіруді жоспарлауда. Қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент, 200 мың тонна кальций карбиді, 120 мың тонна пвх, 100 мың тонна каустикалық сода және 400 мың тонна әк өндірмек. Жобаның жалпы құны 180 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек, 940 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Түлкібас әк зауыты» мекемесі жылына 22 мың тонна әк өндіретін кәсіпорынды қайта құрылымдау жұмыстарына 1,2 млрд теңге қаржыны қажет етеді. Бүгінгі таңда қаржы көзі анықталуда. Зауыт толық құрылымдаудан өткен соң, жылына 150 мың тонна әк өндіріліп, 50 адам қосымша жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Биылғы жылы ауданда шағын және орта бизнес нысандарының саны 10167-ге жетіп, оларда 14 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған» — деді.
Биылғы жылдың төрт айында ауданға 5 670 турист келген. Туризм саласын дамыту мақсатында Иірсу елді мекенінің маңынан 100 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жоба әзірленіп, облыс әкімшілігіне жолданды. Сондай-ақ, 2025 жылы аймақта туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, Қараағашты ауылында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенің» қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, шипажай сыйымдылығын 500 орынға арттыру. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Одан бөлек, Кершетас ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «Патсаев К» туристік аймағы. Бұл жобаның құны — 150 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды. Машат ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «А.Бакеев» демалыс аймағы. Жобаның құны — 200 млн теңге. Қазіргі кезде нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделіп жатыр. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда 175 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Сонымен қатар, өңірде осы жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында үш жеміс-жидек сақтау қоймасы, 2 алма бау және 1 балық өсіретін шаруашылық бар. Ауданда құрылыс саласында қазіргі таңда 104 пәтерлі бес қабатты тұрғын-үй салынып пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, биыл 2 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы аяқталып ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дейін 5 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады. Айта кетерлік жайт, аймақтағы 59 елді мекен толықтай газ жүйесі және ауыз сумен қамтылған. Осы жылы 5 елді мекендегі жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын 18 көшенің жөндеу жұмыстары жүреді. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 13 ішкі көшелерге және үш аудандық жолдарды орташа жөндеу үшін сметалық құжаттар әзірленіп, салалық басқармаға ұсынылды», — дейді аудан басшысы.
Жуырда осы ауданға келген БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, олар атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. Мәселен, биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекендегі жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын 18 көшеге жөндеу жұмыстары жүреді. Бүгінгі күні мердігер мекемелер анықталып, аудан орталығындағы Бекбосынов, Садықов, Абиров, Құланды, Зерде және Достық көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Түлкібас кентіндегі Көбей, Байсеріков, Шыңғысбеков көшелеріне және аудандық маңызы бар «Алғабас-Түлкібас» автомобиль жолына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Аталған жолдардың жөндеу жұмыстары аяқталған жағдайда ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 89 пайызға жетпек.
Сондай-ақ тілші қауым аймақта қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп жатқан «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-ң жұмыс барысымен танысты. Аталған кәсіпорын жылына 22 мың тонна әк өндіре алады. Кәсіпорынды қайта құрылымдау жұмыстарына қаржы қажет. Бүгінгі таңға қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген пайызбен несие алуға тиісті жұмыстар атқарылуда. Зауыт толық құрылымдаудан өткен соң жылына 150 мың тонна әк өндіріліп, 50 адам қосымша жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі