Еліміздің ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен барлық аймақта «Абайлаңыз балалар!» іс-шарасы өтуде. Түркістан облысының тәртіп сақшылары да осы іс-шара аясында білім беру ұйымдарына арнайы барып, жасөсіпірімдерге жол жүру ережелері тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал елді мекендердегі учаскелік полицейлер балалар қауіпсіздігін үнемі назарда ұстайды.
Түркістан облысы Төлеби ауданында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Камалов қызмет етеді. Ол өзінің күнделікті жұмысында оқушылар қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі.
Полиция қызметкері еңбек ететін Төлеби ауданында 68 мектеп бар. Онда 30 мыңға жуық оқушы білім алады. Қазіргі күні Төлеби аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып, түрлі профилактикалық шараларды жүзеге асыруда.
Осы істің басы-қасында жүрген полиция майоры Мұрат Камалов жасөспірімдер арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша оқушыларға ақпарат беріп, «Жол жүру ережелері» тақырыптарында жүйелі түрде сабақтар ұйымдастырады.
Тәртіп сақшысы әр дәрісінде бүгінгі күннің өзекті мәселелері — лудомания, кибербуллинг, нашақорлық, жол қозғалысы ережелері, әлімжеттік тақырыптарын қозғайды. Бастауыш сынып оқушыларын жол бойына алып шығып, қауіпсіздікпен таныстырып, тәрбие сағаттарын өткізеді. Полиция қызметкерінің арнайы келіп осылайша әңгіме-дүкен құруы тиімді тәсіл екені сөзсіз. Оқушылар Мұрат Камаловтың әр сөзін қалт жібермей тыңдап, жадыға мықтап түйеді. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп айтқандай, балалар кез келген теріс қылығы үшін жауап беруге тура келетінін біліп өсуі керек. Сонда ол есейген кезде құқық бұзудан бойын аулақ ұстайды. Балалармен жұмыс істейтін учаскелік полицейдің діттегені де осы. Сондықтан ол алдағы уақытта да осы бағытынан таймай, балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.
Жалпы Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері мектеп оқушыларымен жиі кездесу ұйымдастырады. Мұндай жиындарда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен сақтық шаралары жөнінде жан-жақты түсіндіріледі. Тәртіп сақшылары «Бар байлығымыз – балалар, ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз!» деген қағиданы басшылыққа алады. Дегенмен сақтандыру ісінде жауапкершілік тек құқық қорғау органдарына жүктелмейтінін ескерген жөн. Ата-аналар да әрдайым балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылуы керек. Осы орайда полицейлер әрбір ата-анаға бал қауіпсіздігін қатаң қадағалауды сұрайды.
Айдос Құсайынұлы
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі