ТҮРКІСТАН: Табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды

01 қараша 2023, 14:50

Елімізде көп жылдан бері «тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру» саясаты жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде сапалы медицинамен, таза ауыз сумен, жақсы жолдармен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету сынды жұмыстардың қарқыны жоғары.

Бұл тұрғыда 2021 жылы мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның тиімділігі зор екенін айту керек. Аталмыш жоба Түркістан өңірінде мықтап қолға алынған. Тиісінше, бүгінде күнгей өлкенің көптеген тұрғындары қажетті инфрақұрылымға қол жеткізіп жатыр. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткен ақпараттарға сүйене отырып, өңір азаматтары үшін табиғи газ желісін тарту жұмыстарына арнайы тоқталып өтпекпіз.
Мәселен, сырлы Созақтың орталығы – Шолаққорған елді мекеніндегі жүзге тарта көшеде мекен ететін үш мың екі жүз тұрғын үйді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында екі жүз шақырымға жуық табиғи газ желісі тартылып, көгілдір отынды реттеу нысандары әзірленген. 2023 жылдың соңына дейін құрылыс-монтаждау жоспары жүз пайыз орындалса, 2024 жылы автоматты газ тарату станциясының жабдықтары орнатылады. Тиісінше, ол станция жұмысын бастасааудан орталығы мен Жеткеншек ауылының халқы табиғи газды тұтына бастамақ.

Сонымен бірге, биыл жаз мезгілінің басында Келес өңірінің қайта құрылғанына бес жыл толуына орай Алғабас, Мақташы дейтін ауылдарының халқына көгілдір отын жеткізілді. Сөйтіп, ондағы екі жүз елуден аса тұрғын үй табиғи ресурстың игілігін көріп отыр. Жалпы, аталған аудан аумағында 133 мыңның үстінде халық тұратын 83 ауыл бар болса, соның алпысына көгілдір отын жеткізілген екен. Ал 2023 жылы тоғыз елді мекенге газ жеткізу жұмыстары атқарылып жатыр.

Ал тау бөктеріндегі Төлеби ауданында биылғы жылдың аяғына дейін халықты толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Осыған орай Қасқасу ауылдық округіне кіретін Керегетас, Кеңесарық, Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу ауылдарында тиісті құрылыс жұмыстары жүргізіліп, алпыс жеті шақырымнан астам құбыр желісі жүргізілген. Біз атап өткен төрт ауылға табиғи газ тарту жұмыстарын 2022 жылы мердігер мекеме – «Azia RS» ЖШС бастаған екен.

Бұдан бөлек, аудан орталығы – Леңгір қаласының қарамағындағы Күмістөбе ауылының Кенші көшесі, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас ауылындағы Қарауылтөбе және Қорған көшелері, Қарақия елді мекеніндегі Қарақия көшесіне жалпы ұзындығы он үш шақырымнан астам табиғи газ құбыры жүргізіліпті. Сөйтіп, бүгінгі күнге дейін елу бес ауылды елу бірі көгілдір отынның игілігін көріп келеді.

Ал өңірдің оңтүстігінде орналасқан Жетісай ауданында биылғы жылдың аяғына дейін он ауылға табиғи газ тарту көзделген. Сөйтіп, биыл алғашқы болып Жаңа дала ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізген. Тиісінше бұл ауыл Жетісайдағы соңғы бес жыл ішінде бірінші болып табиғи ресурспен қамтылған елді мекен атанды.

Тағы бір жағымды жаңалық – биыл ақ алтынның Отаны – Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округіндегі тоғыз ауыл табиғи газ тұтына бастады. Бұл жоба осыдан екі жұл бұрын басталып, ел қазынасынан жалпы 1 миллиард 182 миллион теңге бағытталған екен.

Атап өтсек, өңір басшысы Дархан Амагелдіұлы «QazaqGaz» ҰК» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы С.Жаркешовпен жүздескен кезде биылғы жылдың аяғына дейін жүз үш нысанның алпыс сегізін ел игілігіне беру көзделіп отырғаны сөз болған еді. Облыс басшысы 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында бүгінгі таңда табиғи газға байланысты бірнеше күрмеуі шешілмеген проблема бар екенін айтып, атқарылған жұмыстардан кейін нысандарды газға қосу үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік қоғамының Түркістан өңірлік филиалы ақша сұрағанын жеткізген. Алайда, облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, нысандардың жобалау-сметалық туралы құжаттарында аталмыш ресурсты толтыруға қаржат қаралмайды екен. Десе де, бұл проблеманы шешу өңірдің дамуына ықпал ететіндіктен, моблыс әкімдігі түйткілді бірлесе шешуге мүдделі болған. Өз кезегінде, Ұлттық компанияның мүшесі өңір басшысының қаулысымен республикалық меншік тізіміне өткізіліп, 12 жыл ішінде жүргізілген құрылыстардан кейін қолданысқа бері берілген 267 нысанның қазіргі жағдайымен таныс екенін айтып, аталған нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік қоғамының қарамағына алуға қолдау білдіретінін білдірген. Оның айтуынша, қазіргі уақытта шү жүзге жуық нысанға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бүгінде олардың қарамағында төрт нысан бар болса, жыл соңына дейін тағы төрт нысанды өзкізу көзделген. Осы кездесуден кейін, өңір басшылығы аудан, қала аумақтарындағы құрылысы аяқталмаған су және газ жүйелері бойынша арнайы жоспар әзірленіп, сақалды құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп,қолданысқа беру бағытындағы істердің қарқын алғанын мәлімдеген болатын.

Жалпы қазіргі таңда өңірде 2 млн 2 жүз мыңнан астам тұрғын болса, солардың бір жарым миллионға жуығы көгілдір отын тұтынады екен. Сондай-ақ аталған көрсеткішті бұдан да жақсы ету үшін биыл жүз үш нысанның құрылысына бюджеттен 16,5 миллиард теңге қаралыпты. Сәйкесінше биылғы жылдың аяғына дейін оның алпыс сегізінде жұмыстар бітіп, тағы елу жеті ауылға көгілдір отын беріледі деп жоспарланған. Қалған отыз бес нысан келер жылы аяқталмақ. Бұл жайында өңір басшысы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында өткізілген жиында айтқан. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың соңына дейін көгілдір отын тұтынушылар саны 1 миллион 659 мыңнан асып, 833 елді мекеннің 522-сі түгелдей табиғи газға қосылады екен. Ал, алдағы үш жыл көлемінде тағы да екі жүз елді мекенге табиғи газ жеткізілмек.

Сонымен бірге, бүгінде өңірдегі құрылыс бітсе де, жұмысын бастамаған газ тарату нысандарын жаңғыртып, қайта қолданысқа енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстармен Дархан Сатыбалды да танысып, жауаптыларға тірлікті жандандыруды жүктеген.

Сәйкесінше, облыс басшысының осы бір тапсырмасының арқасында қолға алынған Жетісай өңіріндегі «Жетісай», «Киров» автоматты газ тарату станцияларының құрылысы мәресіне жетіп, елді мекендерге газ беру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, тағы да бірнеше ауданда табиғи газ нысандарын қайта жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Тиісінше, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды берілген жүзге жуық жобаны қайта қалпына келтіруге қаржы қарастырылуда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің мәліметінше, қазіргі уақытта Созақ өңіріне көгілдір отын жеткізу мақсатында бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылып, 2 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Дегенмен Шолаққорған елді мекеніндегі жұмыстар 2023 жылы аяқталғанның өзінде, газ желісіне қосу үшін «АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағы» жобасын толық бітіру үшін республика қазінасынан 411,1 миллион теңге бөліну керек екен. Айта кетсек, Созақ ауданындағы «АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу» жобасының құрылыс жұмыстары төрт жыл бұрын басталып, биылғы жылғымен қосқанда 2 млрд. 413,3 млн теңге игерілген көрінеді.
2011-2012 жылдары Сарыағаш ауданына қарасты Жібек Жолы ауылдық округіндегі ауылдарды табиғи газбен қамту үшін АГТС салынған болатын. Бірақ бұл нысаннан кемшіліктер анықталып, әлі күнге дейін іске жарамай тұр. Сондықтан аталған проблеманы шешу күн тәртібіне алыныпты.

Ал Келес ауданында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы газ тарату стансасы жиырма екі ауылға көгілдір отын үлестіруге мүмкіндік беріп тұр. Сонымен қатар, бұл ауданда тағы тоғыз елді мекенге және ауқымды жылыжай кешеніне газ тарту жүргізіліп жатыр.

ЖалпыТүркістан өңірі 2018 жылға дейін көгілдір отын тұтыну үшін Өзбекстаннан тартылған Газли-Шымкент магистралды газ желісін қолданып келсе, сол уақыттан бері өзіміздің «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ желісінің қызметін тұтынуда.
Сөз соңында Түркістан өңірінде табиғи газбен қамтамасыз ету саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі соңғы бір жылдың өзінде жиырмадан астам елді мекендегі елу үш мыңға жуық халық көгілдір отынға қол жеткізген. Одан бөлек, тағы жүзден астам газ нысанының құрылысы жүргізіліп келеді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасына сәйкес, 2025 жылға дейін түркістандықтар түгелдей табиғи газ тұтынады деген сенім бар.

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?