Түркістан: «Серпін» жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр

12 шiлде 2023, 11:54

Түркістан облысы еліміздегі халық көп шоғырланған, жастары да, жұмыс күші де көп өңір. Сондықтан болар, кей азаматтар жоғары дәрежедегі бәсекелестікке төтеп бере алмай, не жоғары білімсіз, не жұмыссыз күй кешіп жүреді. Ал Солтүстік өңірлерде керісінше, жоғары оқу орындарындағы гранттар иесіз қалып, жұмыс күші жетіспей жатады. Сол себепті бірнеше жыл бұрын елімізде «Серпін» бағдарламасы қолға алынып, оңтүстіктегі ауыл жастарына жұмыс күші тапшы аумақтарда білім беріп қана қоймай, сол жақта жұмысқа орналастыру бағытындағы үрдіс қарқын алған. Бастапқыда бағдарлама жоспары толық орындалмағанымен, бүгінде мемлекеттік жобаның тиімділігі артып келе жатыр.

Түркістан облысындағы аудан, қалаларды аралап, бағдарламаның пайдасын түсіндіріп жүрген «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының сөзіне сүйенсек, бұған дейін «Серпінмен» оқып бітірген жас мамандар өздері білім алған аймақта үш жыл жұмыс істеуі керек болған. Ал қазіргі уақытта еліміздегі жұмыс күші жеткіліксіз 11 өңірдің кез келгенін таңдай алады. Оған қоса, жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, қызмет ету мерзімі екі жыл болып бекітілген екен. Мемлекеттік оқу гранттары Ақмола, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы университеттерге бөлінген.
Дегенмен, жасыратыны жоқ, бұл бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді. Олай деуге 2014 жылы іске қосылған «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген оқу гранттарының соңғы жылдары толық игерілмеуі себеп болып отыр. Атап өтсек, 2018 жылы бағдарлама аясында бөлінген 5089 гранттың 3426-сы ғана игерілсе, 2019 жылы бөлінген 5109 орынға 2292 ғана талапкер қабылданған. Ал 2020 жылы қарастырылған 5107 грантқа 979 ғана студент қызығушылық танытса, 2021-2022 оқу жылына 5156 квота бөлініп, 2102-ақ түлек грант иегері атанған. Жалп, бағдарлама аясында 2018-2021 жылдары аралығында 7707 студент жоғары білім алып, олардың 5526-сы жұмысқа тұрған. Қысқасы, жастар бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін толық пайдаланып жатқан жоқ.

Бұл туралы облыстық, аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталығы» директорларымен кездескен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев те айтып, қарапайым әрі нақты мәліметтерді жеткізу жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Оның айтуынша, «Серпін» сынды бағдарламалар аясында бөлінген гранттардың игерілмеуі бойынша мәселелерді қозғап, жастардың қызығушылығын арттыруда орталықтардағы жауапты мамандар белсенділік танытуы керек.

«Жастар ресурстық орталықтарының» атқаратын міндеті – ағымдағы іс-шараларды өткізумен шектелмейді. Мемлекеттің жастардың дамуы үшін іске қосып жатқан әрбір бағдарламасын өңірдің әр жас азаматына түсіндіру, талаптары мен ережелерін ұғындыру басты қағидасы болуы тиіс. Сол арқылы оларды бизнес пен еңбекке тарту, жетістікке жетелеу, жаңа идеяларды ұсынуға ынтасын ояту керек. Бұл істе алдымен өздеріңіз бағдарламалармен танысыңыздар. Одан кейін аудан, қаладағы жастарға мақсат қойып, алға ұмтылуына көмек көрсетесіздер. Түркістан өңірі грант немесе қаржы бөлу тұрғысынан республикада алдыңғы қатарда болғанымен, жобаларға қатысушы жастар толық қамтылмай отыр. Облыстағы колледжерге былтыр 11 мыңнан астам грант бөлініп, толық игерілмей, 6 мыңы қайтарылды. Биыл жобамен 15 мыңдай грант қарастырылып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өседі. Бұл – бір ғана мысал. Биыл түркістандық жастарға 2,5 пайыз жеңілдікпен 2,9 млрд теңге таратылады. Оны шамамен 600-дей жас алуы қажет болса, бүгінге дейін 89 жас кеңес алуға барып, оның 57-нің ғана құжаты комиссия қарауына өткен. Мүмкіндікті пайдаланыңыздар, жұмысты күшейтіңіздер», – деген Бейсен Дәулетұлы өз сөзінде.
Осы орайда, біраз уақыт бұрын Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылып, жұмыс күші тапшы өңірлердегі университеттерде білім алып жүрген студенттермен кездесулер өткізгенін атап өту қажет. Олар тиімділігі мол мемлекеттік бағдарлама жайлы тілдесіп, жатақханалардың жағдайымен танысқан. Мәселен, түркістандық делегация кәсіби дағдыларды дамыту және сапалы академиялық бағдарламалар аясында 3 факультет пен 9 кафедра жұмыс істеп тұрған Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетіне барған. Онда жалпы 32 бакалавриат, 20 магистратура және 6 PhD докторантура бойынша білім беру жоспары құрылған екен. Одан бөлек, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған және қолайлы жағдай жасалған 500 орындық «Студенттер үйі» барын білген. Осылайша, өңірде құрылған жұмысшы топ бірнеше аймақтағы университеттердің тыныс-тіршілігімен танысып, облыстағы аудан, қала жастарына «Серпіннің» жаңа мүмкіндіктері мен солтүстік аймақтардағы таңдаулы жоғары оқу орындары туралы мәліметтерді кеңінен насихаттап келді. Оған қоса, өңірдегі белсенді жастар елді мекендерге барып, NEET санатындағы және жұмыссыз жастарға, колледж және мектеп бітірушілерге мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы тұстарын түсіндірген.

Сонымен, биыл ауыл жастарына арналған бағдарлама аясында 3 653 грант бөлініпті. Бұл гранттарға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының түлектері таласа алады. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, бүгінгі өңір жастарының көшбасшысы болып отырған Ернар Бектаевтың айтуынша, өңірлер үшін нақты грант белгіленбеген. Дегенмен, ол өңір жастары ел көлемінде бөлінген гранттың шамамен 1400-ін иемденеді деп топшылапты. Бұл жалпы гранд санының 30 пайызын құрайды.

«Қазіргі уақытта облысымыздағы аудан, қалаларға бекітілген апталық жоспарға сәйкес, «Серпін» бағдарламасына бөлінген гранттар бойынша жастар арасында түрлі үнпарақ таратып, афиша, бейнероликтер жариялау арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бағдарлама аясында үміткерлердің құжаттарын қабылдау 13-22 шілде аралығында өткізіледі. Осы ретте, биыл құжат тапсыру орны жастар көп шоғырланған жерге ауысқандықтан жеңіл болатынын айта кеткен жөн. Нақтырақ айтсақ, құжат қабылдау комиссиясының жұмысын Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның мәжіліс залы мен Сарыағаш ауданындағы мәдениет үйінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, «Серпін» бағдарламасының биылғы гранттары Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарына бөлінген. Бөлінген гранттарға мән берсек, оқуға түскен жастардың басым бөлігі техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы және медицина саласы бойынша білім алмақ. Тағы бір қуанышты жаңалық – биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысын 20 пайызға, магистратура студенттерінің шәкіртақысын 15 пайызға дейін көбейті жоспарланып отыр, — дейді Ернар Нұралыұлы.

Биыл бағдарлама аясында Түркістан өңіріне 18 университеттің өкілдері келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды оқуға шақырған көрінеді. Олардың ішінде Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Инновациялық Еуразиялық университет, Қаныш Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті, Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы университет пен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бар. Сонымен қатар, бағдарлама аясында Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет пен Әлихан Бөкейханов университеті, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қостанай облысындағы Рудненский индустриалдық институты, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды индустриалді университеті, Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Павлодар облысындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров Университеті Түркістан облысының түлектеріне жоғары білім бермек.

Расында да, «Серпін» — халық саны көп оңтүстік өңірдегі жастардың жоғары білім алуына және алғашқы жұмыс орнын оңай табуына мол мүмкіндік беретін бағдарлама. Тек осы бір идеологиялық бастаманың мақсатын тереңірек түсініп, жасалып отырған жағдайды тиімді пайдалансақ болғаны. Ел жастарының жоғары білім алып, еңбек етуі – мемлекетіміздің әлеуметтік-экнономикалық ахуалын арттыратын бірден-бір негіз.

Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан қаласы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды