Түркістан өңіріндегі инфрақұрылыммен қамтылған индустриалдық алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр. Әр аудандағы өндіріс орындары облысы басшылығының тікелей бақылауында екенін айтқан жөн. Жуырда Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы жаңа өндірістік аймақтардың құрылысымен танысты.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында бес бірдей өндірістік аймақ құрылады. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.
Облыс басшысы: «Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция», — деді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалдық аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналасады. Қазіргі кезде 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады.
Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады.
Ал 10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
«ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда.
Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Осындай жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етіп жатқаны сөзсіз.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі