Елімізде отандық өнім шығарумен айналысатын шағын кәсіпорындардың көптеп ашылуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта Түркістан облысы көш бастап тұр десек, қателеспейміз. Оған әр ауданда ашылып, жұмыс істеп тұрған кішігірм өндіріс орындары дәлел ола алады.
Мәселен, Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінде орналасқан «Bah-Asmar» ЖШС-ң бір реттік ыдыс-аяқ шығаратын өндірістік цехы тәулігіне 100 мың дана өнім шығарып, 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, өңір экономикасын өркендетуге өз үлесін қосып отырған нысанға аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, жұмысымен танысты.
Арман Абдуллаев өндіріс орнында қолданылып жатқан заманауи технологиялар мен өнім сапасына назар аударды. Сұхбаттасу барысында цехтың директоры Ерлан Исаев аудан басшысына алдағы жоспарларын баяндады. Аудан басшысы өз сөзінде «Кәсіпорындар – аудан экономикасының тірегі. Жергілікті өндірісті қолдау арқылы біз тұрғындарды жұмыспен қамтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете аламыз» деп атап өтті. Кәсіпорында бір реттік пластик және қағаз ыдыс-аяқтар шығарылып, жергілікті және аймақтық нарыққа жеткізілуде.
Сондай-ақ Сарағаш қаласында тәулігіне 12 тонна пластик есік пен терезе шығаратын цех жұмыс істейді. Онда 15 қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жеке кәсіпкер Ерғали Омаровтың цехына арнайы барып, өндіріс орнымен танысты. Нысанды аралау барысында аймақ басшысы өндіріс үдерісін көріп, өнім сапасына жоғары баға берді. Сондай-ақ, цех ұжымына сәттілік тілеп, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.
Цех — жергілікті кәсіпкерлік нысандарының бірі ретінде аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып отырған өндірістік нысан. Онда қазіргі заманғы технологиялар негізінде жоғары сапалы пластик есік пен терезелер дайындалады. Өнім республика көлемінде ғана емес,Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне де тасымалдануда.
Осы аудандағы Жібек Жолы ауылдық округіне қарасты Дихан баба елді мекенінде тәулігіне 10 тонна сүт өнімін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. «Jemisti Food» ЖШС сүт өнімдерін қайта өңдеп, ұлттық тағамдар – сары май мен құрт өндіруді қолға алынған.
Кәсіпорынның тынысымен танысу үшін аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, ұжымның еңбегіне оң бағасын берді. Сондай-ақ, жергілікті өндірістің дамуы аудан экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. Цех заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл өндіріс процесінің тиімділігі мен өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын Қазығұрт және Сарыағаш аудандарының тұрғындарынан жиналған 4 тонна сүтті өңдеп, дайын өнімді нарыққа шығаруда.
«Jemisti Food» ЖШС-і жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да айрықша мән беруде. Кәсіпорында 7 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 180 000 теңге.
Ал Сарыағаш ауданының тұрғыны Гүлдана Ақбердиева өз ісін бастау үшін өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бүгінгі күні жас кәсіпкер бөдене шаруашылығын дамытып, экологиялық таза өнім өндіруде.
Үй жағдайында кәсібін дөңгелетіп отырған көп балалы ана алғашқы қаражатқа 1000 бас бөдене мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Жас кәсіпкер айына 2500-3000 дана бөдене жұмыртқасын және 200-250 келі құс етін алып отыр.
Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Түркістан өңірінде жеке кәсіптің жемісін көргісі келетін азаматтар қатары күн санап артып келеді.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі