Оңтүстік өңірдің тұрғындары бау-бақша өсіруден алдына жан салмайтыны белгілі. Қазіргі кезде біраз аудан жемістің белгілі бір түрін өсірумен айналысады. Мәселен, Сарығаш ауданында ірі интенсивті бау-бақша өсіру жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар елді мекенінде орналасқан «АгроФУД Қазақстан» шаруақожалығының жұмысымен танысты. Жалпы 215 гектар аумақта орналасқан бақшада алхоры, шабдалы және алма сынды жоғары сұранысқа ие жеміс түрлері өсіріледі. Аталған шаруашылықта 76 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, ал маусымдық кезеңдерде қосымша 70 адам жұмыс істейді.
Жеке кәсіпкер Акмал Қадырбековтың сөзінше, бақшада 2025 жылдың жарты жылдығында барлығы 1070 тонна бақша өнімі өндірілген. Оның ішінде, алхоры 90 тонна, алма 800 тонна, шабдалы 180 тонна бар.
Сондай-ақ, шаруашылықта су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суғару жүйесі енгізілген. Бұл – өнімділікті арттырумен қатар, экологиялық тиімділікті де қамтамасыз ететін озық тәжірибе.
Кездесуде аудан әкімі еңбек өнімділігі мен заманауи технологияларды үйлестіре білген осындай жобалардың ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатындығын жеткізді.
Келес ауданында да ауыл шаруашылығы саласында биыл оң өзгерістер байқалады. Өңірге арнайы келген түркиялық инвесторлар ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерделеп, жеміс-жидек шаруашылығын, соның ішінде шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шетелдік мамандарға өңірдің әлеуетін таныстырып, әріптестік орнату жолдарын талқылады.
Бүгінде «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров Түркиядан 15 000 түп «Орион» сұрыпты шабдалы көшеттерін әкеліп, 12 гектар жерге отырғызды. Бұл көшеттер Келес ауданында арнайы дайындалған аумаққа отырғызылып, алғашқы ірі шабдалы бағының негізі қаланды. Жобаның келесі кезеңінде шабдалы бақтарын кеңейту жоспарланған.
Бұл бағытта «Ұлы Дала» өндірістік кооперативінің төрағасы Құрманғазы Асанбаев пен Нұржан Умаров бірлесе отырып, көлемі 51,3 гектар жер учаскесіне шабдалы көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алмақ.
Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер Түркия елінен сапалы көшеттер әкеліп, заманауи жеміс бақтарын құруды жалғастырады. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге жол ашады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысының Өңірлік қызметі