Түркістан: Полиция интернет алаяқтардан сақ болуға шақырады

21 тамыз, 16:27

Ғаламтор дамыған бүгінгі заманда алаяқ біткен оңай олжаға кенелудің түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтқан болатын. «Мен бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде», — деді Мемлекет басшысы. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдында алаяқтықтың кез келген түріне ымырасыз күрес жүргізу міндеті тұр. Ал қылмысқа қарсы күрестің ең тиімді тәсілі – оның алдын алу, яғни түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы халықты сақтандыру.

Соңғы кездегі ақпараттар легіне көз тастасақ, тек зейнеткерлер ғана емес, орта жастағы азаматтар да алаяқтардың құрбаны болатынын байқаймыз. Сондықтан құқық қорғау органдары мейлінше мұқият болуға шақырады.
Түркістан облысының полициясы алаяқтардың арбауына түсуге жол бермейтін қарапайым ережелерді көпшілікке түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді. Тәртіп сақшылары күмән тудыратын сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтерді (ЖСН, IBAN, CCV) ешкімге бермеу керектігін ескертеді. Облыс тұрғындары арасында таратқан полиция жадынамасында төлем картаға бөгде біреулерден ақша түссе және басқа шотқа аударуды өтінсе дереу банктің Call-орталығына немесе құқық қорғау органдарына хабарлау керектігі айтылған.

Биыл Түркістан облысының Сайрам ауданында мынадай оқиға болды. Аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап келеді. Өзі айтқандай, телефонына біреу хабарласып, «sim-картасының» мерзімі өткенін хабарлаған. Әлгінің сөзіне сенген ер адам, нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтқан. Телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келе бастағанда, тексеріп беру үшін бірден полицияға жүгінген.

Бақылап-өткізу бекетінде тұрған полицей Арнұр Шалқар дереу тексергенде, әлгі тоұрғынның атынан әлдекімнің несие алуға әрекет жасап жатқанын көреді. Ол әбжіл қимылдап, тұрғынның ұялы телефонынан «eGov» мобильді қосымшасы арқылы 6 ай мерзімге ерікті түрде несие алудан бас тарту деген бөлігін белгілейді. Сөйтіп тұрғынның ақшасы өзінде қалады.

Қызық болғанда, бірер сағаттан кейін полицияға тағы бір тұрғын дәл сондай шағыммен келеді. Бірақ оның атынан белгісіз біреу 1 миллион теңге несие алып қойғаны белгілі болады. Тағы бірнеше банкке несиеге өтінім жіберілгенін байқаған полиция кіші сержанты Арнұр Шалқар, бұл ер адамның да телефонынан несие алудан бас тарту функциясын басып, бұғаттап береді.

Жоғарыда айтылғандай, алаяқтардың жолын кесу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізудің пайдасы зор. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өңірде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында, адамдар көп шоғырланатын орындарда жадынамалар таратады. Облыс орталығындағы базарлар мен автовокзалдарда болып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мәселен, интернет алаяқтық қылмысының алдын алу мақсатында облыс полицейлері бір айда 3 000 дана хабарландыру парақшаларын іліп, адам көп шоғырланатын орындарда 10 000 жадынама таратты.

Түркістан өңірінің полициясы жариялаған интернет алаяқтардан сақтану жолдары
1. Ешқашан ешкімге өзіңіздің банк карточкаңыздың мәліметтерін, жеке басыңыздың мәліметтерін (жеке куәлік, сурет, төлем картаңыздың суретін, 3 сандық CCV кодын) жолдамаңыз.
2. Интернет арқылы сатып алынатын тауарлар үшін алдын ала төлем жібермеңіз.
3. Жылжымайтын мүлік, көлік немесе тауар сатсаңыз, төлемдерді қолма-қол алған дұрыс.
4. Егер тауардың, көліктің немесе жалға беру бойынша хабарландыруда алдын ала төлем жасау керек екені жазылса және байланыс тек WhatsApp желісі арқылы болса, электрондық төлем жүргізудің еш қажеті жоқ.
5. Түрлі мессенджерлер арқылы сізге сілтемелер келсе, ол алаяқтардың тұзағы болуы мүмкін.
6. Түрлі сайтта банк карточкасының мәліметтерін жарияламаңыз. Бұл сіздің жеке мағлұматтарыңызды алуға арналған арнайы фишинг сайты болуы ықтимал.
7. Ғаламтор желісі арқылы ұйымдастырылатын ұтыс ойынына қатыспауыңыз керек.
8. Үлкен пайда әкелетін түрлі жобаларға ақша салмаңыз. Сізге басқа шетел абоненттік нөмірі арқылы хабарласып, биржаға, криптовалютаға ақша салуыңызды сұрауы мүмкін.
9. Егер сізге банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласса, банк қызметкерлері сіздің картаңыздың мәліметтерін немесе құпия сөз және кодты сұрамайды. Алаяқтар сондай-ақ түрлі телефон абоненттік нөмірін ауыстырып көрсететін домен арқылы хабарласулары мүмкін. Мұндай жағдайда телефон тұтқасын қоя салыңыз.

Тек облыс орталығыгда ғана емес, аудандарда да интернет алаяқтықтан сақтандыру шаралары мықтап қолға алынған. Айталық, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды жандандырып, әлеуметтік желі арқылы әрбір азаматқа интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын түсіндіреді. Арнайы тақтайшаларда жазбаша және бейнематериал арқылы ауызша түрде олардың жоспарларын әшкерелейтін нұсқаулықтар мен ескертпелерді кеңінен таратады.

Тәртіп сақшылары халық көп шоғырланған жерлерде, көшелерде, сауда орталықтары мен автобекеттерде болып алаяққа алданбау мақсатында түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Тұрғындарға арнайы дайындалған жарнамалық парақшалар таратып, қандай жағдайда да алаяқтардан сақ болу керектігі туралы ескертіп отырады.

Жетісай ауданының полиция қызметкерлері де тұрғындарды интернет алаяқтардан абай болу керектігін үздіксіз ескертеді. Олар заң түсіндірмелері жазылған үнпарақ таратып, қауіпсіздікті сақтау бойынша кеңестер береді. Тәртіп сақшылары бөтен адамның мүлкін жымқыру, теріс жолмен алдау не болмаса заңсыз жеке бастың өзге де мүддесiне орай жымқыру, жою, бүлдiру алаяқтық болып есептелетінін ескертеді.

Жалпы қазіргі қоғамда алдау, сенімге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, бөтен мүлікті ұрлау кең таралған қылмысқа айналып отыр. Оның ішіндегі қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Сондықтан тәртіп сақшылары жеке мәліметтерге барынша абай болуды, жеке деректердің қауіпсіздігін бақылап отыру керектігін айтып, тұрғындарды интернет алаяқтарға қарсы бірігіп күресуге шақырады.

Алаяқтың қулығына құрық бойламайды. Қалтасын қампайту үшін ол небір қитұрқы амалдарға барады. Мәселен, Сайрам ауданы полицейлер алаяқтық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы жігітті ұстады.


Тексерген кезде арызданушылардың Инстаграмда жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алданғаны анықталды. Инстаграм желісінде күдікті жігіт үй жиһазын жеткізетіндігін айтып, сенімдеріне кіріп, 4 тұрғынды алдап үлгерген. Ол жалған парақшасында жиһаз сатылып, жеткізетінін хабарлап, тұтынушыдан алдын-ала төлем жасауын сұраған. Ақшаны алғаннан кейін, сол күйі кері байланысқа шықпаған. Жәбірленушілерге 1 200 000 теңге шығын келтірген.

Кентау қаласының полицейлері де өңір тұрғындарына интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертіп, профилактикалық жұмысты күшейтті. Олар жасөспірімдерден бастап, егде жастағы тұрғындармен тілдесіп, алаяқтардың айласымен таныстырып, одан сақтану әдістерін үйретеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің кіре берісіне, ойын-сауда орталықтарына, жалпы адамдар көп шоғырланатын аумақтарға ескерту қағаздарын іліп, жадынамалар таратты.

Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары тұрғындарды жан-жақты хабардар етіп, ескерткенімен, алаяқтардың тұзағына түсіп қалатындар әлі де көп. Соңғы кезде алыстан әрекет ететін алаяқтар лауазымды тұлғалардың атын жамылып, көпшілікті алдауға көшкен. Арбаудың небір тәсілін меңгерген олар «полициядан хабарласып тұрмыз» деуден тайынбайды. Мәселен, «мен пәлен деген тергеушімін» деп қорқытқанда, соңғы теңгесіне дейін аударып жіберетін жағдайлар болады. Осыған орай Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға мынадай қарапайым ережені есте сақтауға кеңес береді: полиция ешқашан қоңырау шалып, түрлі операцияларға жәрдемдесу жөнінде өтініш айтпайды. Ешқашан қорқытып-үркітпейді. Тек полиция ғана емес, банк қызметкерлері, ҰҚК (ия, алаяқтар олардың атынан да қоңырау шалады), облыс пен қала басшылары қоңырау шалып, қандай да бір іс-қимыл жасауды талап етпейтінін әр адам мықтап жадында сақтауы тиіс.

Айдос Құсайынұлы,
Түркістан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген