Түркістан: Полиция алаяққа алданбауға шақырады

13 маусым, 17:45

Күн өткен сайын алаяқтардың араны ашылып барады. Бүгінгі интернет үстем болып, технология дамыған заманда олардың оңай олжаға кенелуі тіпті оңай болып кетті. Қулығына құрық бойламайтын алаяқ телефон арқылы-ақ арам пиғылын жүзеге асырады. Тіпті мұхиттың ар жағында отырып, «бас айналдыруы» мүмкін. Оған күнделікті жарияланып жатқан ақпараттарды оқып көз жеткізуге болады. Сондықтан бүкіл елдегідей, Түркістан өңірінің құқық қорғау органдары да әккі алаяқтардан сақтану шараларын жұртқа жан-жақты түсіндіруде. Өткен айда профилактикалық жұмыс жүргізіп, алаяқтардан сақтандыру үшін 10 000 дана жадынама таратып, 3000 дана жапсырмалы ескерту парақтарын ілген болатын.

Түркістан облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша көптеген сала мамандарымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Осы мақсатта олар танымал тұлғаларды да түсіндіру жұмыстарына тарта бастады. Полицейлер халық арасында өзінің ерекше тректерімен танымал әнші Фархат Қалиевпен бірге профилактика жасады. Айта кетейік, Фархат «Kalifarniya» деген лақап атымен және «Qar», «Аспан», «Роза» секілді әндері арқылы тыңдарман арасында үлкен танымалдылыққа ие. Фархат тұрғындарды алаяқтарға алданбай, үнемі сақ болуға шақырды.
Бұдан кейін Криминалдық полиция басқармасы «Тұран» футбол командасымен бірге профилактика жасады. Футболдан прмьер-лига командалары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасының белді ойыншылары да ел-жұртты алаяқтан сақ болуға шақырды.

Әдетте алаяқтың қақпанына түскен тұрғындар әдетте тәртіп сақшыларына келіп көмек сұрайды. Сондай бір оқиға Сайрам ауданында болды. Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын келіп, телефонына белгісіз нөмір хабарласып, «sim-картасының» мерзімі өткенін хабарлаған. Оған сенген ер адам, нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтқан. Соның артынша телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келіп, осы мәселені тексеріп беру үшін полицияға жетуге асыққан.

Бақылап-өткізу бекетінде тұрған полицей Арнұр Шалқар тұрғынның хабарламасы негізінде бірінші кезекте интернет алаяқтығына күмәнданады.

Полиция қызметкері шұғыл түрде тексерген кезде шынында да әлгі тұрғынның атынан біреулердің несие алуға әрекет жасап жатқанын көреді. Содан жедел іске кірісіп, тұрғынның ұялы телефонынан «eGov» мобильді қосымшасы арқылы 6 ай мерзімге ерікті түрде несие алудан бас тарту деген бөлігін белгілейді. Соның нәтижесінде алаяқтық қылмысының алдын алып, тұрғынға жәрдем етеді.

Осылайша полиция қызметкерінің жедел әрекеті арқасында жымысқы әрекетке тосқауыл қойылды.

Бірер сағаттан кейін полицияға тағы бір тұрғын дәл сондай шағыммен келеді. Оның атынан белгісіз біреу 1 миллион теңге несие алып қойғаны белгілі болды. Оның атынан тағы да бірнеше банкке несиеге өтінім тасталғанын байқаған полиция кіші сержанты Арнұр Шалқар, бұл ер адамның да телефонынан несие алудан бас тарту функциясын басып, бұғаттап береді.

Өз кезегінде тұрғындар жас та болса, қолдан келгенінше қолғабыс етіп, қылмыстың алдын алған А.Шалқарға алғыстарын жаудырды.
Міне, айта берсе, алаяқтыққа айтатын мысал көп. Жалпы ел ішінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткімен байланысты 2 мыңнан астам интернет сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілген. Осы бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесінде 100 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, оларды жасаған 38 тұлға ұсталып, жауапқа тартылған. Оның ішінде 16-ы қамауға алынды. Бес айдағы азаматтарға келтірілген шығын көлемі 354 млн теңгеден асады, оның 57 млн теңгесі кері қайтырылған және есепшоттары бұғатталған.

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін Полиция департаментінде тәжірибелі қызметкерлерден құралған «Киберпол» жұмыс тобы қызмет атқаруда. «Киберпол» барлық қажетті замануи құрал-жабдықтармен, ақпараттық-бағдарламалық кешендермен жабдықталған.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде 120 мәтіндік хабарлама, 135 бейнеролик жарияланып, 6 мыңнан астам жадынамалар таратылды. Кинотеатрларда, сауда үйлерінде, банктерде азаматтарға алаяқтардың әрекеті туралы ұдайы ескертілуде.

Дегенмен алаяқтан сақтану әр адамның өзіне де байланысты. Сондықтан Түркістан облысының полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, барынша сақ болуға шақырады. Ол үшін қарапайым ережелерді есте сақтап, бұлжытпай орындаса жетіп жатыр.
Мәселен, интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.

Әлеуметтік желідегі жеке профильдің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеу керек. Мобильдік нөмірді көрсету қажет болса, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет. Жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

Есептік деректерді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолдану қажет.
Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болған жөн.

Банк картасының сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтуға болмайды. Банктен келіп түсетін SMS-кодты да ешкімге айтпау керек.

Бопсалаушыға тап болған жағдайда телефон бойынша талаптарын орындауға болмайды. Кім болса да, әңгімені дереу доғару керек. Полиция қызметкері ешқашан қоңырау шалып, жеке деректерді сұрамайтынын есте сақтаған абзал. Сондай-ақ полиция бөтен біреулерге телефон арқылы «иә» немесе «жоқ» деген сөздерді айтпауға кеңес береді.

Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімгежібермеген жөн.

Осындай қарапайым ережелерді сақтағанда, алаяққа бірлесіп тойтарыс беруге болады.

Айдос Құсайынұлы

Суреттер: Түркістан ПД баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген