Түркістан облысында өндіріс орындарының қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, Келес ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға ерекше мән берілуде. Осы жұмыстар бойынша аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Асвс ойл» ЖШС өкілдерін қабылдап, жаңа өндіріс орнының ашылу барысын талқылады.
Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл серіктестік Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенінің аумағынан жалпы құны 1 млрд 780 млн теңге болатын жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнын салуды қолға алыпты. Жоба аясында 60 гектар жер учаскесіне тұт ағашының көшеттері отырғызылып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Қазіргі кезде жер учаскесі заңды негізде бөлініп, қажетті инфрақұрылым жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жер асты су ұңғымасы қазылып, су шығару жұмыстары сәтті аяқталған. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен тұт ағашының көшеттерін жеткізуге байланысты келісім-шарт жасалды.
Биыл жоба тиімділігін бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге сынамалық тұт көшеттері отырғызылған болатын. Бүгінде аталған көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беруде.
Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіру бағытын дамытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған заманауи қондырғыларды жеткізу жоспарлануда.
Ал Сауран ауданында мал бордақылау алаңдары салынып жатыр. Жуырда осы ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен танысты. Шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан Ет өнімдері» ЖШС-ң мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын аралап көрді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.
Аудан басшысы: «Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеруде. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – деді.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең маңыздысы, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.
Түркістан облысындағы жүзеге асырылып жатқан тағы бір өндіріс орны Сауран ауданында. Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Сауран ауданына іссапармен барып, Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралады.
Жұмыс сапары кезінде халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді.
Сонымен қатар, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты. Бұл мекеме білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сай стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде. Сондай-ақ кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі