Түркістан облысындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ның жылыжай кешенінде банан өсіріледі. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Өтешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд теңгені құрайды. Барлық қажетті жабдықтар Түркиядан әкелініпті. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылады.
Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, бір гектарға құлпынай өсіру жобалары іске асатын болады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңдері табысты іске асырылған жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1500 тонна – банан өнімдерімен, 120 тонна – құлпынаймен, 3153 тонна – қызанақпен және 1125 тонна қияр өнімдерімен қамтымақ. Жоба құны барлық кезеңдерді қоса есептегенде 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамту, жер асты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Жылыжайдың жұмысымен танысуға келген Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты іске асырып жатқанына ризашылығын білдірді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды, бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, озық үрдістерді енгізген шаруашылық базасында бастауыш партия ұйымын құру бойынша ұсыныстарын айтты.
Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн. теңгені құрайды және мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған болса, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Күтімге алған барлық түрлерін айтатын болсақ, олар – ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай. Барлық өнімдеріміз ішкі нарыққа шығып отыр», — дейді Дәулеталы Абдраманов.
Балық өсірумен айналысатын кәсіпкер балық түрлерін дамыту, оның жемін өндіру, тоғандық балық шаруашылығының тиімділіктері, суды үнемді пайдалану, несие беру мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, осы бағыттарда жүйелі мемлекеттік саясатты орнықтыру мәселесін көтерді. Кәсіпкердің ұсыныстарын депутаттар салалық орталық мемлекеттік органдарға жеткізетін болды.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі