Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде мәдениет нысандарын көбейту және халықтың мәдени демалысқа қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғана Келес ауданында 8 мәдениет үйі мен 11 клуб тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы аудандағы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталып, қарқынды жүргізілуде. Алпамыс батыр, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде мәдениет үйлерін салу бағытында дайындық жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, 4 елді мекенде жаңа мәдени нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Бұл жобалар жүзеге асқанда, ауыл тұрғындарының мәдени өмірі жаңа деңгейге көтерілмек.
Бұдан басқа, биыл Абай ауылында аудандық мұражай салу жоспарланған. Аталған жоба үшін арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алынды. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ал Бәйдібек ауданында екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бұл нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және тұрғындардың әлеуметтік, мәдени, спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында салынды.
Аудандағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық мәдениет үйі бой көтерді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйі қажетті техникалық жабдықтармен қамтылып, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге толықтай бейімделген. Сонымен қатар ғимарат ішінде ауыл тұрғындарына арналған кітапхана қарастырылған.
Осы күні Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Жобаны «Real Story Invest» ЖШС іске асырды. Спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды.
Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Нысандар ауыл тұрғындары мен жастардың шығармашылық қабілетін, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Жалпы бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорт манежі, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы қызмет көрсетеді.
Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жаңа модульді корпустар іске қосылып, балалар үшін жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру жолында облыс әкімінің қолдауымен үлкен қадам жасалды.
Биылғы жазғы маусым балалар үшін ерекше қуанышпен басталды. 487 сарыағаштық оқушы лагерьде демалысын бастап үлгерді. Ең басты жаңалық – лагерь аумағында заман талабына сай модульді корпустардың тұрғызылуы.
Жалпы саны 10 модульді үйшік толықтай аяқталып, балалар игілігіне берілді. Әрқайсысы 20 балаға лайықталған бұл корпустар жайлы жатын орынмен, жаңа жиһаздармен, жеке шкафтармен, салқындатқыш және арнайы тазартылған ауызсу құрылғысымен қамтылған. Бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын, заманауи инфрақұрылымға негізделген шешім.
Мұндай форматтағы модульді құрылыстардың артықшылығы – тез құрастырылып, ыңғайлы әрі тиімді пайдалануға берілуінде. Нәтижесінде, бұған дейін 300 балаға ғана қызмет көрсететін лагерь бүгінде бір маусымда 2000-нан астам баланы қабылдай алады.
Сонымен қатар балалардың белсенді және қызықты демалысы үшін воркаут алаңы мен бассейн салынды. Лагерь бағдарламасында ойын-сауық, спорттық жарыстар мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған.
Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 3500-ге жуық бала лагерьде тынығып, жарқын естеліктерге толы демалыс өткізеді деп жоспарлануда.
Балалардың алаңсыз демалысы – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал модульді корпустар – сол игілікті істің нақты көрінісі.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі