Түркістан: Қылмыссыз қоғам құру жолындағы қызмет

30 маусым, 14:25

Заң мен тәртіптің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету, «Қауіпсіз қоғам» қағидатын жүзеге асыру– құқық қорғау органдарының алдына қойылған зор міндет. Бұл орайда кез келген тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың маңызы айрықша. Сондықтан Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы,  генерал-майор Мұрат Қабденовтің 2024 жылды «Профилактика жылы» деп жариялауы бекер емес. Облыстың бас полицейі  жасөспірімдер қылмысы, жол-көлік оқиғалары, мал ұрлығы, алаяқтық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм секілді бірқатар қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтуді айтып, бірнеше бағыт бойынша нұсқаулар берген болатын.

Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс азайды

Өткенде жыл басынан бері атқарылған жұмысты қорытындылау үшін Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен ағымдағы жылдың бес айында атқарылған жұмысты қорытындылау мақсатында жиын болды. Оған барлық қалалық, аудандық полиция басқармалары, бөлімдерінің басшылары мен орынбасарлары қатысты.

Жиында облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов: «Қылмыссыз қоғам құру жолында баршамыз бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Осы ретте назарымызды бірінші кезекте ел Президенті мен Ішкі істер министрі ден қойған жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауға, алаяқтық, мал ұрлығы, жол көлік оқиғаларын азайту, қару қолданумен болатын қылмыстарға жол бермеу бағытында профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырамын», — деп атап өтті. Басшы құрамға нақты тапсырмалар жүктеді.

Статистикаға сәйкес, биылғы жылдың бес айында Түркістан облысында орын алған қылмыс өткен жылға қарағанда айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізілген көрінеді. Мәселен, ұрлық қылмыстарының тіркелімі 38.2 пайызға,  пәтер ұрлығы 45.2 пайызға, мал ұрлығы 46,6 пайызға азайған.

«Құқықтық тәртіп»: профилактикалық жұмыс тоқтамайды

 «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылауға арналған брифингте Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров мынадай мәліметтерді ортаға салды. Маусымның соңғы екі күнінде облыста 38 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның 31-і ізі суымай ашылды. Профилактикалық есепте тұратын 1 065 тұлға мекенжайлары бойынша тексерілді. Барлығы 659 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 5 азамат, ортақ пайдалану орындарын ластаған 94 тұлға, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішіп жүрген 41 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Жол-көлік оқиғасы бойынша көлік құралын мас халде басқарған 5 жүргізуші анықталды. Автокөлікті қарсы бағытта басқарған 6 жүргізушіге тиісті шара қолданылды. қабылданды.

Сонымен қатар жаңадан күшіне енген заңға сәйкес, шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптер, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынды. Бұдан былай бұл заттардың айналымы Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы 1-бөлігімен 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді, не 200 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды қарастырады.

 Вандализм мен лудоманияға қарсы тоқтаусыз күрес

Түркістан өңірінде вандализм, лудоманиямен күреске айрықша маңыз беріледі. Бұл бағытта облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Өңірдегі тәртіп сақшылары көшелерде және қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту мақсатында тәулік бойы қызмет етеді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, жасөспірімдердің түнгі мезгілде жүруі, мүліктің бүлінуі, вандализм, ұсақ бұзақылық, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг, лудомания, құмар ойындарға әуестігі бар тұрғындармен күресу бағытында жұмыс жүргізуде. Есепте тұрғандармен профилактикалық шара атқаруда. Сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылық фактілерін анықтауға және жолын кесуге қызмет етуде.

Өңірде жасөспірімдер арасында орын алып жатқан қылмыстар мен оның алдын алу мақсатындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Түнгі уақытта жүрген 68 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері полицейлермен атқарылған жұмыс нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 12,5 пайызға  төмендеген. «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік», «Абайлаңыз балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер жиі өткізіліп тұрады.

Ішімдік пен темекінің заңсыз айналымына тосқауыл

Түркістанда заңсыз алкоголь мен темекі өнімдеріне тосқауыл қою бағытында да бірқатар іс-шаралар атқарылды.  Мәселен, тек екі күннің ішінде сауда нүктелерінде құны 6,2 млн теңгенің заңсыз алкоголь мен темекі өнімдері анықталған. Оның ішінде тауарларға арналған ілеспе жүк құжаттарсыз, тиісті лицензиясыз сақтаған 5,7 мың бөтелке, құны 4,4 млн. теңге, әр түрлі атаудағы алкоголь өнімдері; сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған құны 1,8 млн теңге 5,2 мың қорап, «Оris», «Oscar», «Zumerret», «Mondeo» маркалы темекі өнімдері анықталды. Мұндай заң бұзушылықтар сәуір айында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Созақ, Ордабасы және Түлкібас аудандық басқармаларының қызмекерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде анықтады. Аталған деректер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 283, 283-1 баптары бойынша әкімшілік іс-құжаттар жинақталып, сотқа жолданды. Салық төлеушілерге құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болған акцизделетін тауарлар тәркіленіп, 50-ден 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл салынады. Айта кеткен жөн, ел аумағында тиісті лицензиясыз, тауарларға ілеспе жүк құжаттарынсыз және сәйкестендіру құралдарымен таңбаланбаған акцизделетін өнімді өткізуге тыйым салынады.

Атыс қаруын сатып алу акциясы

Сондай-ақ Түркістан облысында «Заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу» акциясы жалғасуда. Биыл 22 сәуірден бастап республика аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акция басталған болатын. Іс-шараға республикалық бюджеттен Түркістан облысына 14 миллион теңге шамасында қаржы бөлінген. Айта кетсек, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне, оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешіміне сәйкес 100 АЕК немесе 369 200 теңгеге дейін сыйақы беріледі. Сондай-ақ тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондықтан Түркістан облысыынң тәртіп сақшылары тұрғындар заңсыз сақтап жүрген ата, әкеңізден қалған, тауып алған тіркелмеген қаруларын тиісті органға тапсыруға шақырды.

«Нөлдік төзімділік»: құқық бұзушылар жауапқа тартылды

 Қоршаған ортаны көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясын өткізу барысында, Түркістан облысының полицейлері 6 622 құқық бұзушыны жауапкершілікке тартты. Оның ішінде бейнебақылау камералары арқылы 251 құқық бұзушылықты анықталды.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары басқа да мемлекеттік органдар, қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, белгіленбеген жерлерге қоқыс шығару ережелерін бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Жыл басынан бері полицейлер облыс аумағында  «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша 19 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 11581, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 4112 тұрғын жауапқа тартылды. Сонымен қатар 3950 құқық бұзушыға ескерту жасалды.

Мысалы тәртіп сақшылары Сайрам ауданында қалдық суларды белгіленбеген жерге төккені үшін автокөлік жүргізушісіне шара көрді. Автокөлік айыптұраққа қойылды.

Ал ӘҚБтК-нің 630-бабымен (жолдардың, теміржол өткелдерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдануы) 3 238 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ Полиция департаменті бөлімдерінің қызметкерлері апта сайын сенбіліктер ұйымдастырып, аулаларды жинау және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ іргелес аумақтарға ағаштар мен жасыл желектерді отырғызды.

Мал ұрлығы азайды

Түркістан облысының полиция қызметкерлері мал ұрлығын анықтау, жолын кесу мақсатында, үздіксіз рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері мал ұрлығын кәсіп еткен 30-ға жуық адамды, оның ішінде 6 қылмыстық топты ұстады. Олардың жартысынан көбі темірторға тоғытылып, 5 жылдан көп мерзім арқалады. Малды жүк көлігімен алып кетіп отырған күдіктілерден бөлек, тасымалдаушылар және сатып алушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Облыс көлемінде жыл басынан 264 мал ұрланған болса, оның 204-і иелеріне қайтарылған. Қылмыстың бұл түрімен күресу басты жолға қойылған. Өңірдегі төрт түлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал базарлар мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексеріледі. Жалпы Түркістан облысында соңғы 5 жылда мал ұрлығы қылмысы азайып келеді. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, мал ұрлығы қылмысы былтырғы жылмен салыстырғанда 47,7 пайызға кеміген.

Айдос Құсайынұлы

Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген