Елімізде құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанудың маңызы зор. «Нөлдік төзімділік» саясаты дегенде ең алдымен құқық бұзушылықтар бойынша келіп түскен хабарламаларға ішкі істер органдарының қызметкерлері жедел назар аударып, қырағылық таныту, рейдтер жүргізіп, қоғамға құқықтық мәдениетті арттыру бойынша жұмысты үйлестіруге баса мән берген орынды. Кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан полиция тұрғындарды заңды бұзбауға, сондай-ақ қоғамда кез келген заң мен тәртіп бұзушылыққа төзбеуге шақырады. Бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан «нөлдік төзімділік» қағидаты күн сайын жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтауға арналған. Соған орай, соңғы жылдары бүкіл ел бойынша, оның ішінде Түркістан облысында құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша полицияның жұмыс белсенділігінің артуы байқалады.
Түркістан облыстық Полиция департаменті қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тәртіп ережелерінің сақталуына баса мән береді. Балалар мен жасөсіпрімдердің зорлық-зомбылыққа тап болып, тіпті құрбаны болып кетпес үшін не істеу қажеттігін, ата-аналарға да балаларының зорлық-зомбылыққа ұшырамауы үшін қандай қарекет жасау қажеттігін еске салатын жадынамаларды да жұртшылыққа әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы таратып, халықты жан-жақты ақпараттандырып келеді.
Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатына салқындық тигізетін ең үлкен кедергінің бірі ұзақ бұзақылық екенін айту керек. Қоғамдық орындарда тыныштық сақтамау, айналаны қоқысқа толтырып, төңіректі ластау, жұрт көп жиналатын орындарда ерсі қылық көрсету де құқық бұзушылықтың «нөлдік саясатына» кесірін тигізеді. Бұл орайда Түркістан облысы Полиция департаментінің ұстанымы — қоғамдық тәртіпке әрбір азамат жауапты екенін түсінуге күш салу. Тамшы тама берсе, тасты да тесіп өтетіні сияқты, ұсақ құқық бұзушылықтың орын алғанын көрген әрбір азамат тиісті органдарға хабарлап айтуы да осы тұжырымдаманың лайықты жүзеге асуына септігін тигізеді. Ең алдымен әр адам өзінің қоғам алдындағы азаматтық борышын сезініп, тәртіп пен тыныштықтың сақталуына үлес қосуы тиіс.
Түркістан облыстық Полиция департаментінің өкілдері де құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» саясатын ұстанып, қыруар жұмыс атқарып келеді. Түнгі кезекшілік жүргізіп, тәртіп орнату осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын аңғартады. Егер де кәмелеттік жасқа толмаған балалар түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейінгі аралықта көшеде, болмаса ойын-сауық орталықтарында, жалпы көпшілік орындарда бейсауат жалғыз өзі жүрсе, бірден полиция бөліміне жеткізілетінін ескертеді. Қасында ата-анасы немесе заңды өкілдері болмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ түнгі мезгілде үйінің ауласынан шалғайдағы дүкенге жалғыз барған балалардың да бас амандығы, өмірінің қауіпсіздігі маңызды болғандықтан да тәртіпке бағынуға міндетті. Егер де кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарында жалғыз-жарым жүрсе, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде олардың ата-анасына немесе заңды өкіліне айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алғашында ескерту берілгенімен, мұндай олқылық бір жылдың ішінде екінші мәрте қайталанса, жеті айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуге міндеттейді.
Кәмелетке толмағандармен және оларға жасалған құқық бұзушылықтарға қарсы профилактикалық жұмыстар да осы «нөлдік төзімділік» саясатын берік ұстануға шақырады. Түркістан облыстық Полиция департаменті құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөліп, кешенді жұмыстарды жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырып отыр.
2018 жылы қайта құрылған Түркістан облысы еліміздің халық саны бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Ресми статистикалық санақ бойынша, облыста 900 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала мен жасөспірім бар. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аймақтық учаскелік инспекторларының саны – 167. Жалпы 1 миллионға жуықтайтын кәмелет жасына толмаған облыс тұрғындарының қауіпсіздігіне жауапты учаскелік инспекторлардың қатары бұдан да көп болғаны жақсы. Сондықтан да келешекте нормаға сәйкес 23 бірлігін енгізу қажет. Облыс әкімшілігіне №1-30-4-31/5669-И санымен 2023 жылдың 29 маусымында бұл мәселе бойынша хат жолданып, түйткілді шаруа оңынан шешілуі тиіс.
Түркістан облысында орта білім беретін мектептердің жалпы саны –1050. Оның ішінде мемлекеттік мектеп 910, қалған 140 мектеп жекеменшік иелігіндегі білім ошағы. Осы мектептерде жалпы саны 518 мыңнан жуық оқушы білім алады. Кәсіптік маман иелерін даярлайтын 50 колледждің 29-ы мемлекеттік болса, қалған 21 оқу ордасы жеке меншік. Мұнда білім алатын студенттердің саны – 40105. Сонымен қатар жоғары білім беретін Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ түрік университеті мен халықаралық туризм және меймандостық университетінде 11 665 студент білім алады. Міне, қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың қауіпсіздігі мен тыныштығын күзету учаскелік полиция инспекторларының бұлжымас қызметі. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер мен жедел профилактикалық іс-шаралар өткізудің басты себебі де осы «нөлдік төзімділік» қағидатын орнату. «Түнгі қаладағы балалар» «Жасөспірім және жауапкершілік», «Жасөспірім» сынды рейдтік шараларды жүргізу арқылы тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алады. Кешенді жоспар құрылып, тегеурінді ұжымның табанды атқарған жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Биылғы жылдың жеті айы ішінде құқық бұзушылыққа бейім тұратын 449 бала анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылып, есепке алынды. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болған, яғни 2023 жылы осындай құқық бұзуға бейім 432 бала анықталған болатын. Рейдтік шараларды жүргізу барысында тек кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер ғана емес, бала тәрбиесіне келгенде ақсап, қолайсыз отбасы ретінде ішкі істер органының есебіне 290 отбасы алынған. Былтырғы жылдың қорытындысында мұндай отбасылардың саны 289 болатын. Соттың қаулысымен Жамбыл облысы Тараз қаласындағы девианты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп интернатына биылғы жылы 5 бала жатқызылған. Олардың екеуі Түркістан қаласынан, Арыс, Кентау және Ордабасы ауданынан 1 баладан жеткізілген. Былтыр бір жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектеп интернатқа жатқызылыпты.
Түркістан облысы бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына осы жылдың жеті айында 95 жасөспірім орналастырылса, былтырғы жылы 94 бала болған. Түнгі уақытта ойын-сауық орталығында ата-анасының қарауынсыз және заңды өкілінің қасында болмауы себепті әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар. Былтырғы жылдың 7 айы ішінде жүргізілген рейд кезінде 162 бала анықталса, биылғы жылы 224 баланың заңды өкіліне айыппұл салынған. Тек қоғамдық орындарда ғана емес тұрғын үйінен яғни тұрғылықты мекен-жайынан түнгі уақытта жырақтап шыққан 4864 кәмелет жасына толмаған жасөспірім анықталып, хаттама толтырылған. Өз кезегінде, ата-аналар құқықтық салдарларды болдырмау мақсатында бұл деректерді құқық қорғау органдарына алдын-ала хабарлап, ақпарат жеткізуге құлықты емес дейді тәртіп сақшылары.
Қуанарлығы, биылғы жылы Түркістан облысы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыс саны едәуір азайған, яғни 3,8 пайызға төмендеген. Жалпы орын алған 76 қылмысты жасауға 69 кәмелетке толмағандар қатысқан, оның 41 мектеп оқушысы, 21 колледж, 5 ЖОО студенттердің үлесіне тиіп отыр. Жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі әлеуметтік теңсіздік, өзінің ортасындағы басқа да жасөспірімдерге еліктеп, қымбат ұялы телефон немесе сәнді киім үлгісін алуға қаржы жетіспеушілігінен осындай қадамға барғандарына өкінетіндігін жеткізген. Ата-анасының мұқтаждығын алып беруіне материалдық жағдайы жетпеді дегенді желеу еткен жеңілтек мінез жастар шоқ басып опық жегендеріне өкінішін жеткізген.
Түркістан облысында ресми тіркелген яғни ата-аналары жұмыссыз, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылар саны – 5, толық емес отбасынан шыққандар саны – 1, оның ішінде әкесі жоқ отбасы біреу.
Қуан Көшек