jasqazaq.kz

Түркістан қаласындағы балалар қауіпсіздігі – басты назарда

02 шiлде, 13:00

Түркістанда балалар мен жасөспірімдердің арасында суицидке жол бермеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша мән беріледі.

Қала басшылығы, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім саласының басшылары мен өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері және тағы басқа жауапты мекемелердің өкілдері жиі бас қосып, кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу, қылмыс пен құқық бұзушылықтың, ерте жүктіліктің алдын алу сияқты мәселелерді жан-жақты талқылайды. Жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке жол бермеу, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар бойынша жиын өтті.

Басқосуға қала әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ прокуратура, полиция қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыспен құқық бұзушылықтың профилактикасы, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу жұмыстарының жайы және жазғы шомылу маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша мәселелері қаралы.
Алғашқы мәселе бойынша Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Ахан Сапарбеков баяндама жасап, қала аумағындағы кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар туралы айтып өтті.

Ахан Сапарбековтың мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 63,6 пайызға төмендеген.

Қала аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 140 сарбаздан тұратын Ұлттық ұлан күштері 47 жаяу бағытта кезекшілікке тартылған. Сонымен қатар, үш ауысыммен жұмыс істейтін 13 автопатрульдік полиция тобы шолу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, 209 түсіндіру шарасы өткізген. Оқушылар мен ата-аналарға құқықтық сауаттылықты арттыру, ерте жүктіліктің, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу тақырыптарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Асқар Сейсенов жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Елімізде 1 маусымнан бастап шомылу маусымы ресми түрде басталғаны белгілі. Осыған орай Түркістан қаласы аумағында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан қала аумағындағы шомылуға арналған 15 бассейнге бақылау жүргізіліп, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қадағаланып отыр.

Оған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасының балаларын жазғы демалыс маусымында демалуына жағдай жасау мәселесі өзекті. Оларды тегін шомылдыру және жүзуге үйрету мақсатында 7 бассейнмен меморандум жасалып, 67 отбасының 200-ден астам баласы қамтылған.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын соңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін ескертіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысы: «Жаз мезгіліндегі қауіпсіздік – ерекше жауапкершілік талап ететін кезең. Әр маман өз құзыреті аясында белсенділік танытып, жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Қауіпсіздікке салғырт қарауға жол жоқ», – деп атап көрсетті.

Осылайша, Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Жауапты мекемелер мен сала мамандарына нақты міндеттер жүктеліп, алдағы уақытта профилактикалық шаралар одан әрі жандандырылады.

JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды
Бүгін, 14:52
Түркістан: Өндіріс орындарын көбейту - күн тәртібінде
Бүгін, 14:40
Түркістан: Шетелдік туристер саны екі есе артты
Бүгін, 14:25
Түркістан: Төлеби ауданында тігін цехының жұмысы жолға қойылған
Бүгін, 11:17
Түркістан: Түрік инвесторы зауыт салады
Бүгін, 10:28
Медеу ауданында 4 мыңнан астам жаңа оқушы орны ашылады
15 шiлде, 10:47
Үлгі бойынша демократия: Неліктен батыс рейтингтерін объективті деп тануға болмайды?
14 шiлде, 18:13
Түркістан: Түлкібаста кәсіпкер экотуризмді дамытуға арналған жобаға кірісті
14 шiлде, 18:10
Түркістан: Саурандағы өндірістік аймақтардың жұмысы сараланды