jasqazaq.kz

Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда

Бүгін, 15:10

Түркістан облысының Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде аудан бойынша барлығы 83 елді мекен болса, соның 59-ы көгілдір отын жүйесіне қосылған. Бұл жалпы қамту көрсеткіші 71,1 пайызды құрайды. Қалған 24 елді мекенге де табиғи газ тарту мәселесі біртіндеп шешілуде. Атап айтқанда, төрт еді мекенде қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, 9 елді мекенге магистралды газ құбырын тарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамалық оң қорытындысы алынған. Бұл елді мекендер қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жаңатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, сондай-ақ Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары кіреді.

Аудан орталығы Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі газ құбырларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірлеу мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда.

Сондай-ақ Келес ауданы елді мекендеріндегі ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл аудан аумағындағы 33,8 шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Бүгінде бірқатар елді мекендерде асфальт төсеу және жол негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды «Сарыағаш Сәулет» ЖШС атқаруда.
Сонымен қатар Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі 4 ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымға жуық. Жол құрылысының сапасына «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізіп отыр.

Айта кетейік, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы екі көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп, асфальтталған. Соның нәтижесінде, аудандағы көшелердің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы тағы 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесіне және Жүзімдік ауылдық округі Жүзімдік елді мекенінің 11 ішкі көшесіне шағал тас төселіп, асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 17,7 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар Абай ауылындағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.

Жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталғанда, аудандағы ішкі көшелердің 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетпек.

Келес ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі де өз шешімін тауып келеді. 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған, яғни ауыз сумен қамту 88,4 пайызға жеткен. 19 елді мекенде ауыз су жүйесі әлі толық жүргізілмеген.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты арнайы жиын өткізді. Жиында елді мекендердегі сумен жабдықтау мәселелері талқыланып, өзекті түйткілдер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Қазіргі уақытта аталған 19 елді мекеннің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Олар: Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту, Ақжар елді мекендері.

Жаз мезгілінде ауыз су тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылындағы кейбір мөлтек аудандарда судың тапшылығы байқалды. Бұл мәселені уақытша шешу мақсатында су тасушы көліктер арқылы ауыз су тасымалдау кестесі бекітіліп, тұрғындарға жүйелі түрде жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, толықтай іске қосылды. Қазіргі таңда тұрғындар сол нүктелерден қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін пайдалана алады.
Аудан бойынша ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы әзірленуде. Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар жерге 20 000 текше метрлік су қоймасын және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумаққа 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланған. Бұл – 25 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба.

JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
Бүгін, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда
Бүгін, 14:38
Түркістан: Төлеби ауданында тігін фабрикасы іске қосылады
Бүгін, 14:35
Түркістан: Сарыағаштағы кәсіпорындар – аудан экономикасының тірегі
Бүгін, 14:28
Түркістан: Жылына 50 мың тонна құрғақ көкөніс шығаратын зауыт салынады
Бүгін, 14:23
Түркістан облысы мен қытай инвесторлары арасында 7 меморандум жасалды
17 маусым, 17:50
Түркістанда «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты тағылымды кездесу өтті
17 маусым, 14:19
«Мұрагер» лагері: Түркістан қаласында балаларға арналған ерекше жоба жүзеге асуда
17 маусым, 13:09
«Орталық Азия – Қытай» форумында Түркістан облысы 3 ірі жобаны жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды