Түркістан: Ішімдіктен бас тартқан ауылдарда қылмыс болмайды!

28 мамыр, 12:14

Міне, бірнеше жылдан бері Түркістандағы бірнеше елді мекенде қылмыс деген атымен жоқ. Бұған өңірдегі ауыл тұрғындарының «Арақ атаңнан қалған ас емес» қағиданы ұстануы да себеп. Алкогольдік ішімдіктен бас тартқан жерде құқық бұзушылық та сап тыйылды. Атап айтқанда, Ордабасы ауданындағы Төреарық, Жусансай, Аққойлы және Көлтоғанда екі жылдан бері мүлде қылмыс болмаған. Қазір мұндай үлгілі елді мекендердің саны 10-ға жетіпті. Жуырда «Ішімдіксіз ауыл» қатарына осы өңірдегі Төлеби ауданына қарасты Жаңажол ауылы қосылды. 2500-ден астам тұрғыны, 6 азық-түлік дүкені бар елді мекендегілер де ащы судан бас тартыпты.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтің пікірінше, осы ауылдағы тұрғындардың ішімдіктен бас тартуы қылмыстың болмауына, құқық бұзушылықтың орын алмауына, отбасылық дау-жанжалға жол бермеуіне ықпал етеді. Жергілікті ақсақалдар, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және қоғамдық бірлестіктер көтерген бастама қолдау тауып, өз жемісін беріп жатыр. Бұл жерде елді мекендегі учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысын да айрықша атап өткен жөн. Соның нәтижесінде Жаңажолда соңғы жылдары ешкім заңды аттаған емес.

Мұрат Талапұлы біздің порталымызға берген сұхбатында полиция басшылығының облыстағы ауылдардың тұрғындарымен жиі кездесетінін тілге тиек етті. Бірлікке бас иіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды арқау еткен мұндай жүздесуде сол аумақтың ішкі мәселелері сөз болады. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздік, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге қатысты пікір білдіріп, қоғам болып күресу жолдары ұсынылды. Өңірдегі Полиция басшысы тікелей өзі ізгілік пен игілікке бастайтын ішімдіксіз елді мекендер санын көбейту мақсатымен тұрғындарды «Үлгілі ауыл» жобасына қатысуға шақырды.

Аталған жобаның қылмыс пен құқық бұзушылықты азайтуға септігін тигізетінін ішкі істер министрлігі де растайды. Өткен айда Сенат отырысына келген вице-министр Игорь Лепеха ауыл тұрғындарының ішімдіктен бас тарту бастамасы туралы білген соң, сол елді мекендердегі криминогендік ахуалға монтиторинг жүргізілгенін, қылмыс пен құқық бұзушылық деректері едәуір азайғанын атап өтті.

Ащы судың ешкімге опа таптырмайтыны белгілі. Кей жағдайда мас жүргізушілер қайғылы жол-көлік апаттарына себеп болып жатады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне жүгінсек, «тентек суға» сылқия тойып алып, көлік тізгіндегендер жол ережесін өрескел бұзады. Соның салдарынан жыл сайын 500 апат тіркеліп, 100-ге жуық адам көз жұмады, 600 адам түрлі дәрежеде жарақат алады. Тек өткен жылдың өзінде 22 мың жүргізуші көлікті мас күйінде айдаған. Осы келеңсіз деректерді ой елегінен өткізе келе, Түркістан облысындағы тұрғындар мен полицияның ішімдіктен бас тарту бастамасының қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызы зор деген тұжырым жасаймыз.

Айдос Құсайынұлы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген