Елімізде соңғы жылдары өңдеу өндірісіне айрықша маңыз беріліп, бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алынғаны белгілі. Түркістан облысында да Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ облыс әкімінің қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түсті. Осы мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін айтты.
Нұралхан Көшеров: «Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керекк», — деп атап өтті. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Бұл салаларда импортты алмастыратын 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде 28 инвестициялық жоба 2025 жылы, 26 инвестициялық жоба 2026 жылы және 11 инвестициялық жоба 2027 жылы іске асады деп жоспарланған. Инвестициялық жобалардың жалпы құны – 707 млрд. теңге. Жоба саны мен қаржы көлемі ұлғаяды.
Алдағы уақытта Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтитын болады. Оған қоса, жиһазбен де отандық нарықты қамтып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар.
«Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы толық қуатына енгенде өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғылары импорты көлемін 48 пайызға төмендетсе, алдағы уақытта іске қосылатын зауыт арқылы елімізді сыртқы бейнебақылау камераларымен толық қамту көзделіп отыр. Кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, жылу құбырларын шығару және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар жүзеге асады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірдің импортқа тәуекелділігін төмендету бағытында агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар ашылып, жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстарды күшейту жоспарланған.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі